– Жамбыл Омарұлы, Президент «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген мақаласында «Тарихпен тарихшылар айналыссын» деді. Бұл кәсіби тарихшыларға жүктелген жауапкершілік деп білеміз. Осыған қатысты пікіріңізді білсек.
– Иә, жақында ғана Президент өте дұрыс сөз айтты. Бірақ мәселе сол тарихшылардың өзі ала құла болып тұрғандығында ма деймін. Шынына келсек, бір тіл, бір дін, бір діл жоқ уақытта халықтың басын қосатын да тарих. Сол себепті де тарих ғылымының жауапкершілігі күшті және оның деңгейін бағалайтын бәріне ортақ бір критерийлер керек-ақ. Мүмкін біздің әңгімелеріміз осы шаруаға мұрындық болар. Тарихтың баянын бастамас бұрын деректану деген тақырыпта бір-екі шағын этюдты ұсынғанды жөн көріп отырмын. Қандай да бір тарих дерексіз жазылмайтынын сіз білесіз. Ең алдымен деректану ережесіне тоқталғым келеді. Қазақ тарих ғылымы да өзге ғылым салалары сияқты, оның да өз негіздемесі, зерттеу әдістері, дәлелдеу жүйесі, есеп-қисаптары бар. Олардың ішінде ең бастысы тарихи дерек деп ұсынылып отырған жазба, не ауызша материалға (архив, қолжазба, аңыз, құжат т.б.) сыни қарау, яғни күмәнге тексеру. Тарихшы күмәнданудан басталады. Содан гипотеза құрады, содан дерек іздейді. Деректану ұстанымдары мен әдістерін игермеген талапкерді асқа талғамсыз адаммен салыстыруға болады. Біреу жеймін деген тамағын, оны жейтін ыдыс-аяғын таңдайды, жақсы кафе, мейрамхана іздейді, біреу көшеде, базар маңында сатып жатқан сырты күйіп кеткен, шикілеу «пирожкиді» жеп жүре береді. Қазіргі күні, міне, саған дерек деп асыл тамақтың орнына жеуге келмейтін бірдеңені ұсына қоятын қулар көп, талғамсыз тарихшының оны сүйсініп жеп жүргенін көресің. Біздің әуесқой тарихшылар, тарих факультетін бітірген түлектер, тіпті кандидат, докторлар да осындай қулардың жемі болып жатады. Неге? Бірінші себеп – студент кезінде деректану пәнін дұрыстап оқымаған, лекцияда ұйықтап отырған, не шолақ белсенді болып жүрген, дерекпен жұмыс істеу тәжірибесінен өтпеген. Екінші себеп – үйретуші ұстаз нашар болған, өзі дерекпен жұмыс істеп көрмеген, өмірінде бір деректі талдап көрмеген оқытушылар болады. Бізде тіпті тарихнамалық, не деректанулық зертеулерді библиографиялық шолумен шатастыратындар көп.
– Өзіңіз осы тарихты игеру, кәсіби маман болудағы жолыңызға тоқталсаңыз.
– Менің студент кезде кәсіби тарихты игерудегі алғашқы қадамым деректанудан басталды. Бірінші курстағы алғашқы сабақ «Гильгамеш» поэмасын талдаудан басталды. «Ежелгі заман тарихы» (История древнего мира) пәні, ұстазымыз ұмытпасам Коновалов, жасы үлкен, таяқпен жүреді, бәрімізде «Ежелгі заман тарихы» хрестоматиясы болуын талап етті. Кітапханадан алып келдік. «Гильгамеш» поэмасы – Шумер-Аккад әлемі, біздің жыл санауымызға дейінгі 4-3 мыңжылдық. Самуэл Крэмердің «Тарих Шумерден басталады» дейтін сөзі тегін емес. Өкінішке қарай біздің ғалымдардан Гильгамеш тақырыбында жазған Мұрат Әуезовтен басқа ешкімді білмеймін. Оның Гильгамеш пен Энкиду қарым-қатысына арнап жазған дүниесі біздің тарихтануымыз үшін әлі бой жетпейтін биік деңгей. Гильгамешті «Бильгемеш» деп түсіндірген бір жазбаны ертеде көріп едім, одан қандай нәтиже шықты білмеймін. Сондықтан да сіз тарихшыны бағалау үшін одан Гильгамеш туралы сұраңыз.
– Кәсіби тарихшы қандай болу керек, деген сұрақ қойғым келіп отыр. Осыған бір мысал келтіре аласыз ба?
– Студент кезімізде БТ деген лақап аты бар бір ұстазымыз болды. Мінезі тіктеу, жылдам болғанымен, білімі мықты, айтқаны мірдің оғындай еді. «Деректану» пәнінен негізгі маман сол кісі. Жалпы пәннің негізгі айтары бір-ақ ауыз сөзге сыяды: «Кез келген дереккөзге сыни көзқараспен қарау керек». Ұстаздың барлық міндеті осыны әртүрлі дәлелдермен студент санасына сіңіру. Ол үшін мысалдың көпшілігі көне және орта ғасырлардан, кей жағдайда жаңа заман тарихынан алынады. Біз БТ-дан аман-есен өттік, басқа тіршілік басталып кетті, кейін жұмыстан кеткенін естідім. Тарих факультетіне ол кезде студенттің 90-95 пайызы комсомол, партия қызметіне барамын деп түседі. Сол себептен, қоғамдық жұмысқа жанын салып кірісетін белсенді курстар болады, қанша түрлі қызмет болса (партия, комсомол т.б.) соны таласып атқарады. Естігенім, БТ сондай белсенді курсқа өзінің сүйікті сыни көзқарас туралы дәрісін бастаған кезде, біреуі «Ал КПСС съезінің шешімдері, қаулы, қарарлары ше?» деген сұрақ қойған. Оған БТ бұл кез келген дереккөзге қатысты деп жауап берген. Бұл сұрақты студент өз ойымен айтты ма, әлде КГБ айтқызды ма, оны білмедім. Ақыры БТ жұмыстан қуылған.
Арада тағы біраз жылдар өтті. Кандидаттықты қорғадық. ҚарМУ-ге жұмысқа қайта келдім. 1993 жылы Бұқар жыраудың мерейтойын Қарағанды облысы атап өтпек болды. Мен өзімнің алғашқы ғылыми-көркем кітабым «Бұқар жырау: он екі тарихты» жаздым. Кітапты жазу барысында толып жатқан дерек ақтардым, жыраудың әр толғауын, әр сөзін талдадым (соның пайдасын әлі де көріп жүрмін, елге де керекті сан түрлі дүние алып шықтым, мысалы Бұқардың Абылайға айтатын «Көтеріп қазға салармын» деген сөзінен Қазыбек бидің неге «Қаз дауысты» атанғанын анықтау сияқты). Кітаптың ішінде бір ғана дүдәмәл дүние бар еді. Ол:
«Көкшетаудан салдырған,
Қара үңгір жолдары,
Сабантаудан жиылып,
Бес сан болды қолдары.
Өзің қонған Көкшетау,
Кәпір қала салды, ойла,
Жарқайың деген жерлерге,
Шашылып шеті барды, ойла»,- деп басталатын толғау. Кітапқа маған дейінгілер де Бұқар мұрасынан қалдырмай жүрген соң қосуын қостым, бірақ дәлелі онша шықпады. Оны қарап жатқан жұрт бар ма, барлығы мақтап жатыр, көңіл марқайып қалады. Бір күні университеттен шығып әлде бір шаруамен Аврора кинотеатры жанындағы базарға соқтым. Ол кезде аяқ бассаң базар еді ғой, жұрттың бәрі қолына түскенін алып көшеге шығып кеткен. Жайбарақат жүр едім, «Ей, Жамбул» деген қатқыл дауыс естілді. Сөйтсем, БТ ұстазымыз сантехника құралдары, трубалары толған сөренің ар жағынан маған қарап тұр. Амандастық, хал сұрасып жатырмыз. «Сенің Бұқар жырау жайлы кітабыңды оқып шықтым» деді. Бір жағынан қуанып, бір жағынан мынадай жерде жүріп оқыдым дегеніне таң қалып тұрсам, «Сен неге кітапқа күмәнді материал қостың? Мына өлең жолдарын жазған ол емес, кейін шығарылған дүние» дейді. Айтып тұрғаны жаңағы менің дүдәмал дүнием. Жерге кірердей болдым. Қосқанда сәуегейлік түрінде қосуға болар еді. Мен БТ-ның қаншама жыл өтсе де, университеттен баяғыда қол үзсе де өз ісінің маманы болып қалғанына таң қалдым.
Бүгінгі күні жасыратын несі бар, тарих ғылымына партия, комсомол мектебінен шыққан тарихшылардың әсері күшті. Әуел бастан оларға деректі талдауға партия рұқсат етпеуші еді ғой. Содан да болар тарих ғылымы нашарлап қалды. Не көрсе соны жұтып жібереді. Оның үстіне орысша өскендері шежіре сөзін түсінбейді, қария сөздің астарын аңдамайды, ол енді басқа проблема.
– Өздеріңізді өкшелеп келе жатқан жас тарихшылардың зерттеулеріне, ізденістеріне көңіліңіз тола ма?
– Қазіргі уақытта жас тарихшыларды тәрбиелеу жұмысында көптеген проблемалар бар. Баяғыда біз дайындалған уақытта академиялық жүйе бар еді. Кәдімгі академиялық институттар болды. Ғылым академиясының өзінде 34 ғылыми-зерттеу институты жұмыс істеді. Ғалымдарға деген көзқарас та басқаша еді, ғылыми жұмыстар сыйлы еді. Ол кезде жастар ғалым болуға талпынатын. Қазір ғылымның берекесі болмай тұр. Ғылыми мектептердің көпшілігі жұмыс істеуін тоқтатты. Азаматтық тарихпен айналысатындардың институтта өз бөлімдері болды. КПСС, КСРО тарихы дегендер бөлек болды. Бұлар партиялық басшылықтарына бағынатын да, азаматтық тарихпен айналысатындар академия тарапынан институттың маңайында жұмыс істейтін. Академиялық институт мықты болғаннан кейін қалған институттардың барлығы соған қарап бой түзеуші еді. Академияның дағдарысы университеттер мен институттардағы ғылымның тоқырауына алып келді. Міне, негізгі себеп осы. Сондықтан, жас тарихшылар қаншалықты зерттеу жұмыс жасайды, ізденістері қалай дегенге келер болсақ, егер ғылым мәртебелі болмаса, ғалымның мәртебесі жақсы болмаса, таза азаматтық тарихқа КПСС пен КСРО араласып кетсе оған қалай көңіліміз толады. Осындай проблема жас тарихшылардың алдында тұр. Олардың жетекшілерінің көбі КПСС-тан шыққан тарихшылар. Оларға тарихи деректі сынауды үйретпеген ғой. Оларда тарихты сынау деген мүлде мүмкін емес. Сондай ұстаздардан тәлім алған жас тарихшылар көп, проблема көп. Тарихшылар тілмен көп айналысуы керек. Көне авесталарды өзінің тілінде зерттеп, қазақ тіліне неге аудармасқа. Көне грек, көне латын тілдерінің мамандары жоқ. Қазір жастар ағылшын тілін біледі, бірақ көне тарихқа қатысты тілдерді білу нашарлап қалды. Бұрын арнайы дайындаушы еді. Екінші бір мәселе өте маңызды. Осы күнге дейін евроцентистік бағыттағы әдебиетті көп пайдаландық. Соған бой түзедік. Жасыратын ештеңе жоқ, ол Ресей арқылы. Біз кезінде көшпелілердің Еуразия тарихындағы орны дегенге онша көңіл бөле алмадық. Мен сол стереотипті бұзып, алғашқы «В калейдоскопе веков и тысячелетий» деген кітапты жазған адаммын ғой, білемін. Тіпті мен Алаша хан, Жошы хан жөніндегі жазғандарымды мектеп оқулықтарына кіргізу мәселесінде үлкен проблемалар болған. Оның керегі не, Алаша хан ертегі деген сияқты пікірлер болды. Евроцентистік көзқараста тәрбиеленген тарихшылардың кесірінен біз ауызша шежіре деректерін тарихи айналымға қоса алмай келеміз. Осы жұмыспен айналысу керек. Әрине, бәрін демеймін. Оның ішіндегі жүздеген, мыңдаған жылдар сынағынан өткен нағыз керегін іріктеп алып, тарихи айналымға қосуымыз керек. Бұл мәселе де шешілген жоқ. Біз әлі де евроцентризмнен шыққан жоқпыз. Шықсақ та қазақи тарихи ой-өріске келген жоқпыз. Кезінде Мәшһүр Жүсіптің өзі айтқан ғой: «біреуің қытайдан көшіріп жатырсың, біреуің мына орыстан көшіріп жатырсың. Ол қандай тарих болады, қазаққа? Майқы биден бастау керек қой», деген. Бұл әлі күнге дейін өзекті. Жас тарихшылар осы жағына көбірек бару керек.
Үшінші бір мәселе. Жалғыз тарих емес қой. Мысалы, тарихты этнографтар да, археологтар да жазады. Археологтар этникалық тарихты кірістіре қоймайды. Табылған заттарының сипаттамасымен тоқтап қалады. Бұл археологиялық материалдардың тарихқа қызмет жасауына кедергі келтіреді. Археолог қазды ма, қазған дүниесінің сипаттамасын жасады ма, енді оны қай тарихи кезеңге, қай этносқа тиесілі екенін жазып, қорытындысын шығаруы керек. Қосымша ізденуі керек. Олардың мақсаты тек қана қазу емес. Археология – тарих ғылымының бір саласы. Осы мәселелерге жас тарихшылар қатты көңіл бөлу керек деп есептеймін. Археология – тарихтың күрегі. Сипаттамасын, бағасын толық беруі керек. Этнографтар да солай. Этнографияда көп дүниелер бар, жазылып та жатыр. Қазақстанды мекендеген этностардың тарихы, олардың қазіргі қарым-қатынасы деген мәселелер төңірегінде жақсы жұмыстар жүргізу керек деп ойлаймын.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Cұхбаттасқан Әлімхан Қанатұлы