Жұлдызай Ысқақ

1 жұлдыз2 жұлдыз3 жұлдыз4 жұлдыз5 жұлдыз (7: 4,57 / 5)
Загрузка...

АБАЙ

Абай деген кім бізге?!

Мейлі ай де, мейлі жарық жұлдыз де.

Жүрегінде қуат жатқан алапат,

Ұлы Абайға барлық жақсы тән атақ.

 

Абай-ақын,

алып шың,

Өлеңінде зар-мұңы бар халықтың.

Туса-дағы небір мықты жаны-дүр,

Ондай ақын тумайды енді бәрібір.

 

Абай-хәкім,

ғұламаң,

Қанып ішкен түпсіз тұнық тұмадан.

Жүрегінде иман гүлін бүрлетіп,

Құдайды да тани білген тым жетік.

 

Абай-шыншыл төреші,

Өрде тұрған өзгелерден өресі.

Адамдықтан алыс кетсе сәл атың,

Адымыңды ар сотына салатын.

 

Абай-патша,

Абай-хан,

Орын алған өлмес өлең-сарайдан.

Келеді әлі көрмесін деп ел қыспақ,

Алты алашқа адастырмас жол нұсқап.

 

Абай-ұстаз, ақылман,

Әр өлеңі бір кітап боп ашылған.

Білім нәрі-жүректерге еккені,

Адамзатқа ортақ оның мектебі.

 

Тұла бойы-намыстан,

Абай-батыр,

мыңмен жалғыз алысқан.

Абай-ғалам,

ғазалы-өмір азығы,

Тұтас ұлттың тозбас темірқазығы.

 

ҰЛТ КӨСЕМІ

Әлихан Бөкейханға

Ойында-баба арманы,
Бойда-намыс,
Естірткен «Алашым!»-деп Айға дауыс.
Түркінің қаны қайнап тамырында,
Ұлтының Ары болған, қайран Арыс!

Қайран Арыс лаулаған жігері оттай,
Күресте кісінеген күрең аттай!
Тартысқа салдың талай өз басыңды,
Тасада беліңді бос бүге жатпай.

Көргенде елдің ауыр нала-күйін,
Дауылға түстің талай ала-құйын.
Таныды сонда түгел Тұран бойы,
Алаштың арда туған Хан-Әлиін!

Жасқанбай жат биліктен жан алатын,
Жасыңнан жақын болдың Далаңа тым.
Төріне Алашыңның тіктің Орда,
Түріктің тірілткендей Қағанатын.

Қағанат – Алашорда! Қаған- Өзің!

Қазақ деп қан ағызды-ау қара көзің.
Ұлтыңның қамын күйттеп, Арын ойлап,
Дүниені дүр сілкінткен Дарабозым!

Біледі бүгінгі ұрпақ, жұрт кешегі,
Бермедің, іштен жанып, сыртқа есені.
Қапаста қалған елге Жарық болған,
Алашта Өзің – Тұңғыш Ұлт көсемі!

Азаттық о бастан-ақ арманың ед(і),
Іздеп ең ұзақ та ауыр жолда әділет.
Беріспей, білек түре, бас көтердің,
Кеудеңде соғып тұрған барда жүрек…

Арманда кеткен алып Арыстаным!
Аян ғой Аждаһамен алысқаның.
Атылып жазықсыздан,
Алашыңның
Тағдырын Болашаққа табыстадың…

Сүйегің- күлге айналды,
(Ішім-нала…)
Зар қылған сұм заманның ісін қара!
Бейітің көрінбейді Туған жерден,
Ұшып жүр Аспанымда Рухың ғана…

Жатырсың өз жеріңнен тым шет бүгін,
Осынау қасіреттен кім шекті мұң?!
Ел кезіп, таппай жүрмін қабіріңді,
Жүректің қолымда ұстап бір шоқ гүлін…

ЕЛДІГІМДІ ЖЫРЛАСАМ…

Мен азаттықты жырласам,

Ауызымнан от бүркіп,

Көздеріммен көк түртіп,

Айбаттанып кетемін.

Қазақтықты жырласам,

Тарихты айтып, текті айтып,

Батырды айтып, бекті айтып,

Айға аттанып кетемін.

Кешкенімді жыр етсем,

Сан заманғы зарды айтып,

Қанға оранған арды айтып,

Желтоқсан боп кетемін.

Шөккенімді жыр етсем,

Аралды айтып, сел болып,

Семейді айтып, сенделіп,

Жел соққан боп кетемін.

Батырымды жырласам,

Көк бөрі боп, Айға ұлып,

Жорға мініп, найза іліп,

Құрылық кезіп кетемін.

Ақынымды жырласам,

Белді жырмен қатайтып,

Патшаға да дат айтып,

Шындыққа еріп кетемін.

Бүгінімді жырласам,

Бағымды айтып, барды айтып,

Азат атқан таңды айтып,

Арман құшып кетемін.

Тұғырымды жырласам.

Елтаңбамды төрге іліп,

Көк туымды желге іліп,

Аспанға ұшып кетемін.

Астанамды жырласам,

Бәйтерек боп биіктеп,

Сәулетімді жиып кеп,

Сұлуланып кетемін.

Әнұранды жырласам,

Ән құшағын рух кернеп,

Жер мен Көкті көкпенбек,

Шұғыла ғып кетемін.

Көк байрақты жыр етсем,

Нұр төгіліп көздерден,

Қыран ұшып кеудемнен,

Көкке самғап кетемін.

Елтаңбамды жыр етсем,

Шаңырақ астын жайланып,

Қанаттыға айналып,

Көпті шарлап кетемін.

Қолдағымды жырласам,

Тәуелсіздік таңы үшін,

Жаратқанға бәрі үшін

Тәубемді айтып өтемін.

Арманымды жырласам,

Азат күннің астында

Қазақпын деп хас тұлға,

Әлемге айтып өтемін.

Кеңдігімді жырласам,

Көкте күннен от алып,

Алпауыт ел атанып,

Еңсем тұрар көк бойлап.

Елдігімді жырласам,

Елдігімді жырласам,

Жүрек соқпай Әнімсіз,

Жанарымда дамылсыз,

Желбірейді көк байрақ!

 

ҚАЗАҚПЫЗ

Тарам да тарам тағдыры өткен тау-қырда,

Тарихы, тегі тасқа қашалған, қазақпыз!

Азаттық алып Алатауымның баурында,

Арқаға қонып, Астана салған қазақпыз!

 

Жазира жердің жайлап бар болмыс-бойын құт,

Арман-мұраты Айға тіл қатқан қазақпыз.

Бес елі бақпен бес батпан сорын жойылтып,

Бес ғасыр жырды қайта жырлатқан қазақпыз!

 

Маңдайымызды Тәңір нұрына жалатып,

Ақиқат үшін ғұмырын қиған қазақпыз!

Үш бәйтеректің тамырын кеңге таратып,

Бес арысының тұнығын жиған  қазақпыз!

 

Заманнан өтіп көгінен қалың мұң көшкен,

Шуақты Күнге жарасын тосқан қазақпыз!

Ертіс-Еділді егіздей көріп, бір кешкен,

Алтай-Атырау арасын қосқан қазақпыз!

 

ТӘУЕЛСІЗДІК

Еркін атып, күлімдейді таңым әр,

Жүрек те – азат, жан да – азат.

Тәуелсіздік ұғымында бәрі бар,

Түсінсе егер бар қазақ:

 

Талай жылдар бұғау салған бодандық,

Қазақ үшін  жат бүгін.

Тәңір тартқан сыйдан ортақ дәм алдық,

Тәуелсіздік – тәтті ұғым.

 

Маңдайыма Аллам берді құйып бақ,

Санам бүтін, сау денем.

Жаратқанға шүкір айтып ұйықтап,

Оянамын тәубемен.

 

Жалтақтаған жетім-көңіл жойылды,

Өзіме-өзім егемін.

Есік-төрде еркін айтып ойымды,

Еркін жырлап келемін.

 

Тұғырыма қонды бақыт, қонды құт,

Тәуелсізбін, дербеспін.

Кешегіндей басыма бұлт төндіріп,

Басынбайды енді ешкім.

 

Тәуелсіздік бұйырмаса осы елге,

Қайтер едік? Кім білсің?!.

Көгершіндер еркін ұшып көщемде

Ойнар ма еді бүлдіршін?!

 

Дәл осы ұғым бала ұрпақтың бойында,

Өріледі өлең боп.

Тынбайды ұл-қыз «Тәуелсіздік жайында

Тақпақ айтып берем!»-деп.

 

Даңқын жырлап батырлардың нар мүсін,

Төккен қанын, жасын да.

Бала-ғасыр жаудырады алғысын,

Баба кейіп ғасырға.

 

БОСТАНДЫҚ

Уа, бостандық!

Барсың ба?! Тұғыр еттің қай шыңды?!

Алып шыққан түнектен жарық едің Ай сынды.

Өзің үшін о, қанша, ерлік істер жасалып,

Өзің жайлы қаншама ән, қаншама жыр айтылды?!

 

Уа, Бостандық!

Мен Сені іздегенмін көп тұстан,

Қырдағы гүл көркінен, қыран құстан көкте ұшқан.

Саған жетер сапарда қанша сыннан өтті елім,

Сені көріп құшсам деп қаншама ер оқ құшқан.

 

Уа, бостандық!

Мен Сені мәңгі көрсем деп келем,

Жас ұрпақтың ізінен болашаққа беттеген.

Әкелердің сөзінен үміті әлі сөнбеген,

Аналардың көзінен әлі жасы кеппеген.

 

Уа, бостандық!

Мен Сені байлығым деп танимын!

Ырысына айналған әр шаңырақ-әр үйдің.

Тұрсаң деймін мәңгі от боп

жанарында қарттардың,

Күндей мәңгі күлімдеп күлкісінде сәбидің.

 

Киелі елге мәңгілік кең құшақ боп ашыла,

Дұшпаныма дес бермей, демеу болып досыма.

Қазағымды сақтап қал төнем деген түнектен,

Қазық болып қағылып туған тілдің басына.

 

Уа, бостандық!

Бақ құсым күн нұрымен таранған,

Мен өзіңді мәңгілік жырлау үшін жаралғам.

Ақ жолыңнан адаспа!

Алтын қанат құссың Сен,

Алатаудың баурынан алты алашқа таралған!

***

Бабамнан қалған барқыт бел,
Анамнан қалған сарқыт-жер.
Қазынам осы бұйырған,
Қолыңнан келсе, тартып көр!

Арғы атам пырақ ерткен жер,
Бергі атам шынар еккен жер.
Бөрілі халық бұл жерді,
Бағзыдан тұрақ еткендер!

Ел-анам қазан қайнатқан,
Ер-бабам тұлпар, тай баққан.
Қазақты енді бөліп көр,
Осынау алып аймақтан.

Жау келсе тулап жаны аттай,
Дұшпанға күнін қаратпай.
Кеудесін тосқан қылышқа,
Төсіне жердің қадатпай.

Батырлар өткен бұл жерден,
Ақындар өткен бұл жерден.
Тайдырмай серттен,
солардың
Көтеріп рухын тұр кеудем.

Тұс-тұстан соққан құйын-жел
Түртпектей берме бүйірден!
Бұл жердің уыс-топырағы,
Жанымдай менің түйілген!

Бабамның тартқан күйі бар,
Алланың тартқан сыйы бар.
Осынау ұлан байтақ жер,
Ұрпағыма тек бұйырар!

БҮГІН, ДОСТЫМ, БІЛЕСІҢ БЕ?!

Бәрі, бәрі тұр есімде,

Мұңындай боп қос жанардың…

Бүгін, достым, білесің бе?!

Құрбандарды еске алар күн.

 

Бойды шарпып жатыр отым,

Жұбататын жырлап кім бар?!

Менің де үлкен қасіретім –

Бабам көрген зұлмат жылдар…

 

Салған жылдар жанға азапты,

Күн тұтылып, Ай шағылып.

Сұм саясат сан қазақты,

Кетті емес пе қойша қырып?!

 

Шаттық шашпай елге нұрын,

Бір қасірет құшып бойды.

Аштық пен жұт сонда елімнің,

Тең жартысын жұтып қойды.

 

Көрді ел қорлық, көп тергеуді,

Жазығы бар жазған қандай?!

Азғын билік атты ерлерді,

Ашаршылық аз болғандай!

 

Төкті билік уын зәрлі,

Аждаһадай көпке ақырып.

Қаншама арыс қуғындалды,

Қаншама алып кетті атылып.

 

Туса-дағы жаңа ғасыр,

Жүрегімнің жыры тынбас.

Сан сансырап сана жатыр,

Жылдарды ойлап ұмытылмас.

 

Оятар сан намыстарды,

Болар елдің ұраны нық.

Азап шеккен Арыстарды,

Аза тұтсақ, дұға қылып.

 

Мендегі осы, досым, екпін,

Көкірегіңе кеттім үн сап.

Бабам көрген қасіреттің,

Бірін көрмей өтсін ұрпақ.

 

ӘКЕДЕН АЙЫРЫЛУ немесе Рәзияның зары

(Бейімбет Майлинге)

 

Неге, Анашым, қамықтың?

Жүрегіңді тұмшады ма тамұқ-мұң?

Әкем қайда? Келдің бе ертіп әкемді,

Қалды ма әлде ол құрсауында қауіптің?!

 

Қамын ойлап Отанның,

Күтіп еді алдан күліп атар күн.

Тыныштық па? Қолыңдағы расымен,

… Пальтосы ма папамның?..

 

Жетім қалдың дедің бе?

Жо-жоқ, Анам! Жеттік тағы не күнге?

О дүниеге озатындай не жазды,

Оралмай ақ кебінге…

 

Үмітімді ұсақтап,

Көз алдымнан ғайып болды құс әппақ.

Жанарымды жас бұлап отырмын,

Жан әкемнің жадағайын құшақтап.

 

Тартса өмірім солғындау,

Билік дейтін артында оның бар бір жау…

Сол зұлымдар тек мені емес,

Алашты

Тұтас жетім қалдырды-ау!

 

Тақсам да енді қанша айып,

Ақтай алмас билікті ешбір жан шайып.

… Жүрші, Анашым, қабірін іздеп әкемнің,

Құран оқып қайтайық…

 

Жұлдызай Ысқақ

alash24.kz

Комментарии

Оставьте комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Прокрутить вверх

Поделиться

Facebook
VK
OK
WhatsApp