Өмір жолы – қайталанбас естелік пен тәжірибе

Қазақ халқы ежелден сөз құдіреті мен сөйлеу мәнерін дәріптей білген халық. Соның арқасында болар бүгінгі күнге дейін талайлардың құлағының құрышын қандырып, көкейіне ой салдырған ақын, жазушы, публицистеріміз өте көп болған. Ертедегі Абай, Ыбырай, Шәкәрімдердің жолын жалғаған жазушы-публицистер Ахмет, Әлихан, Міржақыптар болса, бүгінгі күннің тау тұлғалары Темірбек Қожекеев, Әбілфайыз Ыдырысов және Серік Әбдірайымовтар деп айтуға болады. Жазушылық жолмен журналистиканы табыстырып, болашаққа бірегей із қалдырған азаматтардың еңбегі көптеген жас мамандардың бағын ашқан. Шәкірт тәрбиелеу жолынды бірнеше пайдалы оқулықтардың тұсауын кесіп, көп жандардың білім алуына жол ашқан. Ақындық өнер бойына ана сүтімен дарыған болса, журналистика ол кісілердің бойында тынбай еткен еңбегінің жемісі болып гүлдеген.

Бүгінгі мақаламызға арқау болған жан жоғарыда айтқан жазу өнерімен журналистиканы ұштастырған Серік Әбдірайымовтың елі мен ұлтының қамы жолындағы өнері мен өнегелі өмір жолы жайында болмақ. 70-ке таяған шағында артына өшпес мұра қалдырып, аққан жұлдыздай өмірден өткен азаматтың есімі ешқашан ұмыт болмас.

Серік Әбдірайымұлы 1943 жылы 5-мамырда Оңтүстік Қазақстан өнірінде дүниеге келген. Нақтырақ айтсақ Жамбыл облысының Талас ауданына қарасты Үшарал ауылында туған. Соғыс жылдарында дүниеге келген Серіктің өмірі балдай тәтті болды деп айтқан өтірік болар. Балалық шақтың дәмін қазіргі балалардай көрмеген кісі өмірдің қиындықтарына ер мінезбен,  өжеттікпен тойтарыс бере білген. Елімен бірге көрген көптеген қиыншылықтары жас жігіттің халықтың журналисі болуына себеп еткен шығар. Ол орта мектепті бітіргеннен кейін бірден жоғары оқуға бармады. Ауыр жұмыстар істеп, отбасының қамын ойлады. Құрылысшы, тракторшы болып қызмет етті. Бірақ, оқу деген арманын өмірдің қиын жолында тастап кетпеді. Іштей дайындалып, жоғары білім алуды алдына мақсат етіп қойды. Адамның болашақта кім болары балалық шақтағы еліктеуге тікелей байланысты екені барлығына түсінікті. Әдебиетке жақын бала Серік мектеп қабырғасымен қоштасқан сәттен ақ өз өмірін қаламмен байланыстырған. 1963 жылы ҚазҰУ-дің қара шаңырағы болған журналистика факультетіне аяқ басты. Сол сәттен ол кісінің нағыз өнегелі өмір жолы басталды. Университеттегі ұстаздары ағалық танытып Серіктің бойынан дарынын байқаған. Журналистика саласында шәкірт дайындап дәріс берген Қайыржан Бекхожин, Темірбек Қожакеев, Тауман Амандосов, Әбілфайыз Ыдырысов сынды елге танымал ғалымдар Серікті нағыз ұлт қамын ойлаған журналист етіп қалыптастырды. Бірінші курстан бастап-ақ мақалалары мен очерктері республикалық баспасөз беттерінде жарияланып, көзге түсті. Соның нәтижесінде үшінші курс студенті кезінде жазушы Тельман Жанұзақовтың жетекшілігімен «Лениншіл жас» (Қазіргі «Жас Алаш») газетінен шақырту алды. 1966-1979 жылдары сол газетте тілші, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы лауазымдарына дейін өрлеген. Нақты жұмыс жасап бастаған жылында «Лениншіл жас» газетінде біраз мақалалары халыққа жол тартады. Нақты айтсақ, «Армандастар» очеркінен бастап, еліміздің бірегей жандарыны Әбдісалам Нұрмақанов, Әбілсейіт Айханов, Аманжол Бұғыбаев, Тимур Сегізбаев т.б. жайлы жазған эссе, очерктері жетерлік.

Жылдар аралығында бойын қалам тербеу әдісіне әбден машықтаған азамат өмірінің соңына дейін баспагерлік жолды серігі етті. Біраз жылдар шамасында жұмыс атқарған атамыз журналистік жолында білмейтін заттарын меңгеріп алады. 1979 жылдан кейін «Өнер», «Санат» баспаларында редакторлық жұмыс жасап, бойына үлкен біліктілік пен дағды жинайды. Өзіндік тұлғаның қалыптасуына әрекет етеді. «Жалын» баспасында бас редактор болып қызмет еткен шағында Қорқыт Ата, Құрманғазы, Тәттімбет, Қазанғап, Махамбет, Біржан сал, Ақан сері, Сүгір, Дина, Кенен сияқты суырып салма ақындардың аты мен мұрасы өшпеу үшін үлес қосқан.

Бүгінгі қазақ журналистикасына ауыз толтырып айтарлықтай еңбек етіп, тарихта атын өшпес мұрамен қалдырған Серік Әбдірайымұлы  тек журналист болып қана шектелмеген. Серік атақты өзге елдің азаматтарының күрделі және кішігірім шығармашылықтарын аударып, қазақ тілінде оқу мүмкіндігін жасаған. Ол түрік жазушысы Орхан Кемальдың «Тұңғиықта» романын, Борис Васильевтің «Мансап пен махаббат» повесін, Пауль Куусбергтің «Монолог» атты психологиялық эссесін асқан шеберлікпен қазақ тіліне аударған. Бұл әрекеттен әдебиетті жанымен сүйіп, қабылдағанын байқауға болады. Себебі өз елінің әдебиеті мен шығармашылығымен шектелмей, түрік, орыс жазушыларының еңбектерін де ізденген.

Аудармашы Серік Әбдірайымұлы оқырманның ой-өрісін, түсінігін тереңдететін, көзқарасын байыта түсетін, сезімін көркейтетін, рухын көтеретін шығармаларды таңдап, авторлардың нақты нені айтқысы келгенін мәлімдеген. Оқыған жанға ой салатын, тәлім беретін шығармаларды таңдаған және болмысын ашып берген. Мысалы, Павел Куусбергтің «монолог» атты эссесін былай тұжырымдаған: Өмір жолында әр құбылыстың өзіндік ерекшелігі мен миссиясы болатыны, әртүрлі тіршілік иелерінің (қоңыздар, аралар, қарлығаштар, құмырсқалар мен жарғанаттар сияқты) жаратылысы мен әрекеттерін көзіңізбен, интуицияңызбен бақылайтын болсаңыз әр нәрсенің бұл өмірде атқаратын ісі бар екенін көруге болады. Адамның да бұл өмірге келуі жайдан жай болмағанын түсіндіреді.

Екінші аудармасы Орыс жазушысы Борис Васильевтің «Мансап және махаббат» атты повесі. Мұнда кейіпкер Сергей Степановичтің өміріндегі қиыншылығы мен шаршап жүргені және күйзеліске түскені суреттеледі. Оның тағдыры мұңды да қиын, күрсініс пен өкінішке толы. Әйелі мен ұлының әдепсіз қылықтары оны күйзелткені айтылады. Бүгінгі кей жандардың басынан өтіп жатқан әрекеттерді осы повесть арқылы қазақшаға аударып, себеп-салдарын тұжырымдаған.

Бүгінгі журналистика саласында көптеген жанрларға қалам тербемей, ұмыт болып жатқаны барлығына белгілі. Мысалы журналистік зерттеу, фельетон, очерк жанрлары. Серік Әбдірайымов осы очерк жанрын тірі шағында жандандырып, көркеюіне мол үлес қосқан. Жазушы ойдан шығарылған туындылардан қарағанда сұхбат жүргізіп, кішігірім зерттеу жүргізгенді өзіне жақын санаған. Үлкен азаматтардың өмірлік тәжірибесі мен басынан өткен оқиғаларын тыңдап, өмірлік деректерге құрылған шығармалардың авторы болды.

Серік Әбдірайымовтың жаны сүйген очерк жанры журналистикадағы ең қызықты жанрлардың бірі ретінде танылған. Ол оқиғаны немесе тұлғаны суреттеудегі көркемдік пен публицистикалық стильді біріктіретін шағын шығарма. Автордың пікірін, оның оқиғаларды, фактілерді, адамдар немесе саяхат кезіндегі бастан кешкен қызықты немесе күрделі сәттер туралы шындықты халыққа баяндайтын ерекше саланың бөлігі. Очеркті  қалай жазу керектігін түсіну үшін бұл жанрдың басқалардан айырмашылығын мысалы, қандай құрылымдық компоненттерден тұратынын білу үшін атамыздың шығармашылық жолына назар аударған жөн болады. Жазған бірнеше очерктерін оқып, жазу ерекшелігін, әсемдеп, әрлеу құралдарын бақылаған дұрыс болады дер едім.

Серік атамыздың журналистикада таңдаған жанрлық жолы жайында Әбдулхамит Мархабаев: «Қаламгер қолына қалам ұстағаннан кейін өз объектісін таңдап, өзі де сол объектісіне жетуге талпынады. Серік Әбдірайымұлы өзінің объектісін әдемі таңдап алған, өзі үнемі үлкен фигураларды алатын. Ұлы тұлғалар жөнінде, мәдениет пен ғылымдағылар жөнінде әдемі жазған адам» деп пікір білдірген. Бұл айтылғаннан атамыздың әртүрлі ғалымдар, атақты жандар жайында жазғанын да байқауға болады. Сырлы сұхбат жүргізіп еліне пайдасы тиген кісілердің өмір жолынан үлгі болар сәттерін очерк жанрымен ақ парақты сөйлетіп жадымызға жақсы ой салған ардақты азамат, бастаған ісін еш уақытта аяқсыз қалдырмаған. Асанбай Асқаров, Нұрғиса Тілендиев, Зейнолла Қабдолов, Шерхан Мұртаза, Сейдахмет Бердіқұлов, Қадыр Мырза Әлі, өзі үлгі тұтқан Дінмұхамед Қонаев жайлы біраз очерк-эсселер жазып қалдырды. Тіпті көп жандардың айтуы бойынша Д.А.Қонаевқа 108 сұрақ, Қадыр Мырза Әліге 33 сұрақ, Д.Исабековке 55 сұрақ қойған деген естеліктер де бар екен.

Баспасөз бетіне студенттік кезеңнен бастап тамаша туындылар басып шығарып отырған. Енді таныла бастаған шағында жарық көрген «Армандастар» очеркі мен Әбдісалам Нұрмақанов, Әбілсейіт Айханов, Аманжол Бұғыбаев, Тимур Сегізбаев сынды спорт тарландары туралы портреттік очерктері де бар

С.Әбдірайымұлы шығармаларына еш уақытта немқұрайлықпен қарамаған. Кейіпкерлерінің бастан кешкен әр тәжірибесін асқан шеберлікпен жазып, олардың болмысын, жан дүниесін, сезімдері мен әсерлерін өте жоғары деңгейде қарастырып, талдаған. Бастысы құр сөзбен жазып қоймай, зерттеу жүргізгеннің арқасында естелік хаттарынан үзінділер келтіріп, кейіпкердің нақ сол уақыттағы жағдайын оқырманға сезіндіре білген

С. Әбдірайымовтың бойында өте жақсы қасиеттері болған дейді шәкірттері, достары және өмірлік жолдастары. Өжет мінез, емен-жарқын көпшілдік, қолында барымен әр жанды жақын тартуы, ерге тән салмақтылық, айта берсек сөз жетпейтін дархан мінез бір адамның тұла бойында жиналған.

Бойындағы жақсы қасиеттер мүмкін ұстаздарының тәлімінен де дарыған болар. Мысалы, Әбілфайыз атаның жақсылықты жаны сүйгені, әр адамға көмек қолын беретіні, Темірбек Қожекеевтің өзіндік тұлғалық ержүректігі пен шындықты қаймықпай жар сала алуы айна қатесіз Серік атаның бойынан табылады. Тіпті бір сөзінде: «Талапшыл болуды Темағаңнан (Темірбек Қожакеевтен), адамдардың бойынан тек жақсылық іздеуді Әбағаңнан (Әбілфайыз Ыдырысовтан) үйрендік» – деген сөздері түсінген адамға мол тағлым.

Серіктің ұстаздық жолын бұл мақалада айтпай кетуіміз үлкен қателік болар. 1974 жылы журналистика факультетінің деканы болып тұрған Серіктің үлгі тұтқан ұзтазы Темірбек Қожакеев өз дәуіріндегі дарынды, білікті студентін лекция оқуға шақырады. Сол жылдан бастап ол кісі ұзтаздық етіп, өзіндегі бар білімін шәкірт тәрбиелеу жолында аянбай жас мамандарға береді. Журналистикадағы үздіксіз қызметінде атқара жүре, дәріс оқуды да теңдей ала жүрді. 1974 жылдан басталған ұстаздық өнер Серік атаның жан тапсырғанға дейінгі жақсы көрген ермегі болды. Жалпы санағанда 35 жылдық өмірін білімгерлердің журналистиканың шебер мамандарын дайындау ісіне арнаған екен.

Жоғарыда айтқан, Дінмұхамед Қонаевті Серік Әбдірайымов ағасы ретінде санап, үлгі болар азамат көрген. Ол кісіні өр мінезді, адал, халықтың жарқын болашағы жолында дүниеге келген тұлға деп есептеген. Дінмұхамед атаның қайталанбас жұмыстарын, күйбең тіршілігін насихаттау жолында жазушы Серік түрлі еңбектердің жарыққа шығуына авторлық еткен. Еш уақытта жалықпастан ағасының өміріне зерттеу жасап, көптеген сұхбаттар жүргізген. Соның нәтижесі «Өтті дәурен осылай», «Ақиқаттан аттауға болмайды», «Елу жыл ел ағасы»  деген шығармалардың дүниеге келуімен жалғасты. Сұхбатында қайталанбас тұлғаның киелілігін аша білген қаламгер Қонаев туралы жазудан, айтудан еш кезеңде тайынған жоқ. Тіпті Дінмұхамед Қонаев қайтыс болғаннан кейін де Серік ағасын естен шығармаған. Ол кісінің өмір жолын өзіне үлгі санаған. Естеліктерде жазды. Жазған еңбектері мен інілік жайдар көңілінің жемісі ретінде Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев атындағы Халықаралық қордың вице-президенті лауазымын атқарды

Журналист Серік Әбдірайымұлының Д. Қонаевтан басқа пір тұтқан басқа да тұлғалары болған. Олар: Асанбай Асқаров, Нұрғиса Тілендиевтер еді. Үш жанның әрқайсысының барша қазақ үшін орны ерекше. Еліміздің өркендеуі мен азаттық алу жолында атқарған істері мен мәдениетке қосқан үлесі өте көп. Мұндай азаматтарға қарап бой түзеген Серіктің де еш уақытта ұлтына қиянат жасамағаны белгілі.

Мақаланы қорытындылай келе, С. Әбдірайымов атамыз жайлы менің түйген ойым жақсы түрде қалыптасты. Атамыз тірі шағында байлық пен атаққа асықпады. Қанша танымал болсада адамгершілік құндылықтарын бойынан жоғалтпады. Еңбек жолында өзін жұмысқа толығымен терең бойлатты. Барлық атқарған ісінде елі мен азаматтарының болашағын ойлады. Журналистикада өшпес мұралардың қалуына септігін тигізді.  Үлкен өмір жолында Серік ағаның осындай азамат болып  қалуы алланың пендесіне сыйлаған шуағының жемісі болар деп тәмәмдауды жөн санадым.

 

Қолданылған әдебиеттер:

«Серік Әбдірайымұлы – ұлыларды ұлықтаған тұлға» Темірғали КӨПБАЕВ, ақын, филология  ғылымдарының кандидаты https://turkystan.kz/article/3348-seric-abdirajymuly-ulylardy-ulyktaqan-tulqa/

«Бекзат болмыс» Серік НЕГИМОВ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы https://abai.kz/post/4900

«Серік Әбдірайымұлы» Уикипедия https://kk.m.wikipedia.org/wiki/Серік_Әбдірайымұлы

 

Гүлнұр БАЙМҰХАН,

І.Жансүгіров атындағы Жетісу университеті

Сол сияқты қараңыз

Пікірлер орны

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Scroll to Top

Поделиться

Facebook
VK
OK
WhatsApp