Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымында күйші-композитор Дина Нұрпейісованың туғанына 165 жыл толуына арналған «Әсем қоңыр» концерті өтті. Өнер кеші күйшінің шығармашылық мұрасын дәріптеуге және жастарды күй өнеріне баулуға бағытталды, деп хабарлайды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Концертте Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әбілғазы Ахмадиев, PhD докторы, күйші-зерттеуші Айтолқын Тоқтаған, Дина Нұрпейісованың ұрпағы, күйші Мұқағали Рысқалиев, республикалық байқаулардың лауреаттары Айшолпан Қасымова мен Бекнұр Әбдіжәли өнер көрсетті. Сондай-ақ кешке Еділ Басығара, Қайрат Айтбаев, Бауыржан Мұхаметбай, Валерия Бөлекбай, Нұрғиса Мязов, Қадірәлі Бүркіт, Ардақ Елеусіз, Аяулым Асқарбаева, Тоғжан Үмбет, Дана Дидар, Ақан Думан, Тұрар Әліпбаев және Адинай Бағаева қатысты.
Шығармашылық кеште Дина Нұрпейісованың «Әсем қоңыр», «Жігер», «Жеңіс», «8 март», «Он алтыншы жыл», «Бұлбұл», «Қара қасқа ат», «Шынар», «Байжұма» және «Науысқы» күйлері орындалды.
Сонымен қатар Дәулеткерейдің «Көркем ханым», Құрманғазының «Адай» және «Қайран шешем» күйлері Дина Нұрпейісованың нұсқасында ұсынылды.
Бағдарламада Құрманғазының «Төремұрат», «Байжұма», Қазанғаптың «Серпер Ақжелең», Сейтектің «Бес қыз», «Шәрипа Ақжелең» күйлерімен қатар, Тәттімбет пен Байжігіттің шығармалары да шырқалды. Сыбызғымен орындалған туындылар күй өнерінің сан алуандығын танытты.
Дина Нұрпейісованың шығармашылық мұрасына арналған «Әсем қоңыр» концерті қазақтың күйшілік дәстүрі ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқанын көрсетті.










