Т.Омарбеков: Алаш арыстары саяси тұрғыда ақталған жоқ

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау мәселесі әлі күн тәртібінен түскен жоқ. Бұл жөнінде мемлекеттік комиссия да құрылған болатын. Комиссия жұмысы қандай нәтиже шығарып жатыр, жалпы бұл тақырып төңірегінде қандай мәселелер бар, деген сияқты сұрақтардың жауабын білу үшін Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссиясының мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, академик Талас Омарбеков ағамызбен сұхбаттасқан едім.

 – Талас аға, ХХ ғасыр ширегінде кеңестік биліктің тоталитарлық саяси жүйесінің зардабынан қазақ халқының көптеген қайраткері қудаланып, жазықсыз жазаланды. Атап айтар болсақ, алаш зиялыларымен қатар сол кезеңде кеңестік биліктің жауапты қызметтерін атқарған қазақ қайраткерлеріне де жалған саяси жала жауып, оларды «қылмыскер» деп танып, жоғарғы үштіктің қаулысымен ату жазасына кесілді.

Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін бұл қайраткерлерімізді ақтау жөнінде комиссия құрылып, онда көп жұмыстар атқарылды. Жалған жаламен жаза арқалаған арыстарымыз ақталды. Сол жұмыстың басы қасында өзіңізде жүрген едіңіз. Сол туралы әңгімелесеңіз …

– 1992 жылы біздің Парламентің комиссиясының қаулысы шықты. Сол кезде Парламент Жоғарғы кеңес деп аталды. Ол комиссия 1991 жылы құрылған болатын. Сол комиссияның құрамына тарихшылардан мен де кірдім. Комиссия құрамында сол кездегі ішкі істер министрі Михаил Терентьевич Берсенёв, республика прокуроры, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бастығы және сол кездегі белгілі халық депутаттары Шерхан Мұртаза, Камал Самайлов, Алтыншаш Жағановалар да болды. Ал мемлекеттік комиссияны академик, демограф ғалым Манаш Қозыбаев ағамыз басқарды.

Комиссия мүшесі ретінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мұрағаттарында, яғни бұрынғы «НКВД» құжаттарымен жұмыс жасадық. Көп құпия құжаттармен таныстық. Сонда кеңестік биліктің Қазақстандағы жүргізген ұжымдастыру саясатына қарсы халық көтерілістері жөніндегі деректермен, елдегі ашаршылықтың зардаптарын растайтын деректермен, саяси қуғын-сүргінге ұшыраған көп азаматтардың жеке істерімен таныстық. Зерделеп, материалдарды жарыққа шығардық. Осы комиссия жұмысының нәтижесінде араға бір жыл салып, яғни 1993 жылы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң қабылданды.

– 2020 жылдың 14-қарашасында Қазақстан Республикасының Президенті  Қасым-Жомарт Тоқаев саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құруды және бұл тарихи кезеңге нақты бағасын беруді тапсырды. Сонда біздің ақталды деп жүрген арыстарымыз әлі толық ақталмағаны ма?

– 1993 жылы қабылданған заң бойынша негізінен 58-баппен сотталғандарды ғана ақтады. Олардың ішінде халық көтерілісіне қатысқан азаматтар да бар. Алайда олар ақталғанда да, жалпылама ақталып отыр.

Енді, мәселе мынада: неге қазір президентіміз Қ.Тоқаев қайта комиссия құрды? Қасым-Жомарт Тоқаев өте білімді, жан-жақты азамат. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияны қайта құрғаны өте дұрыс, әрі көрегендігі болды. Енді осы комиссияның тапсырмасымен жұмыс жүргізіп жатқанымызда маған біреулер: «Ой, олар ақталып қойды ғой», – дейді.

Мен оларға айтамын: «олар заңды тұрғыдан ақталды, ал саяси тұрғыдан ақталған жоқ».

Себебі, алғашқы комиссияның жұмысымен жүргізілген жалпылама ақтаулар барысында жекелеген тұлғалар ақталды. Мысалы, С. Сейфуллин, І.Жансүгіров, Т.Рысқұловтар. Бұл тұлғаларды республиканың прокуроры заң тұрғысында қол қойып ақтады. Яғни, «58-баппен соттаған дұрыс емес» деді. Ал енді, оларға айып қылып таққан «бандиттер», «контрреволюционерлер» деген атаулар әлі алынған жоқ. Архивке барсаңыз олар туралы «бандиттер», «контрреволюциянерлер» деген барлық құжаттар алдыңыздан шығады.

Мысалы, 1930 жылдың басында Өлкелік Партия Комитетінің бюросы мәжілісі өткен. Сонда Қазақстанда болған алғашқы үш көтерілісті талқылапты. Ол – 1929 жылы күзде болған Қарақалпақстандағы Тақтакөпірдегі көтеріліс, одан кейін 1929 жылы қыркүйекте болған Батпаққарадағы көтеріліс және мына көрші Өзбекстанға кетіп қалған Бостандық ауданындағы халық көтерілістері. Осы үш ауданда болған ірі көтерілісті талқылап, Қазақстан Өлкелік партия комитетінің 1-хатшысы Голощекиннің қаулысымен бұларды «бандиттік-контрреволюциялық» көтерілістер деп айыптаған. Бұл айып сол кездегі 374 көтеріліске түгелдей таңылды.

Голощекиннің бұл қаулысын бүгінде ешкім теріске шығарған жоқ. Қаулыда айтылған «бандиттер» «контрреволюциянерлер» деген сөз мүлде дұрыс емес. Бұл – партияның қате бағасы. Оны теріске шығарып, ол көтерілістерге «ұлт-азаттық қозғалыс» деп баға берілмеді. Ақтау туралы құжатта ондай сөз мүлде жоқ. Түсіндіңіз ба?!

Заң тұрғысында ақтағанымызбен, саяси тұрғыдан ақтау жоқ!

Бетін аулақ қылсын, бірақ қылмыс жасаған болсаңыз, сізді екі жақтан айыптайды. Бірінші – қылмыстық істер кодексі бойынша баптармен пәлен жылға соттайды. Одан басқа тағы да саяси айыптау бар: қоғамның айыптауы, партияның, үкіметтің айыптауы. Оның мәні бөлек, жазасы – арқаңа батар ауыр сөз.

Қудаланғандардың кінәсі жоқ болғанымен, анау партияның, өкіметтің қаулыларындағы ресми құжаттардың бәрінде оларға не бір жаман сөз айтқан. Мысалы, Т.Рысқұловты айтайын. Ол кісі де толық ақталмаған. Мәскеудің Бутыркасында әлі күнге дейін сақтаулы Рысқұловты атуға кескен құжатты оқысаңыз, оны «жапон шпионы» дейді. «Түркістанда ұлтшыл «Тұран» деген партия ұйымдастырған. Ол партияның мақсаты – кеңес үкіметін құлату,  Қазақстан мен Түркістанды кеңес үкіметінен бөліп әкету болған. Ол антисовет, алашордашылармен байланысты», – дейді. Т.Рысқұловты «буржуазиялық ұлтшыл» деп те айыптайды. Бұл – жаман сөз ғой. Ал енді жай ұлтшыл десе, ұлтына көмектескен азамат деп қуанар едік.

– Сонда осы уақытқа дейін біздің ақталды деп келген арыстарымыз саяси тұрғыдан ақталмаған болды ғой. Жалпы қайраткерлеріміз қандай жағдайда толық ақталады?

– Егер кісіге жоғарыда айтқанмыздай, жабылған қара бояулар, жаман сөздер, әртүрлі жалалар, жай емес, саяси және ресми жала болса, ол өте ауыр. Мұндай жалалар жайбарақат үйде отырып айтатын әңгіме емес, кәдімгі ресми партиялық, үкіметтік органдардың құжаттарындағы ұрпағыңа таңба болып қалатын айыпты жазбалар. Олар жылдар, тіпті, ғасырлар бойы архивте сақталады. Бұл құжаттарды ешкім жоя алмайды. Ертең келесі ұрпақ оқиды. Сонда: «Ой, мынау Рысқұлов дегенің осындай адам екен ғой. Кеңес үкіметіне қарсы партия құрыпты, екі жүзді адам екен ғой»,  – деп қате қорытынды жасауы мүмкін. Өйткені, құжаттың бәрі Рысқұловты және тағы басқа тұлғаларымызды саяси тұрғыдан қаралап тұр.

Келешекте ұрпағымыз мұндай адасуға бармауы үшін, біздер қазіргі күні басын ашып, әділін нақтылап беруіміз қажет. Ел мүддесі үшін құрбан болған тұлғаларымыздың атын саяси айыптардан тазарту міндеті алдымызда тұр. Сонда ғана ол азаматтарымыз толық ақталады. Бүгінде біз осы мәселені комиссияда талқылап жатырмыз.

Тарихшы ғалымдардың осы тұрғыдағы тұжырымдарын, дәйекті мәселелерін шешуде, келелі ойларын ортаға салып, бастама көтере білген өзі де ғалым комиссия төрағасы, мемлекеттік хатшы Қ.Көшербаевтың азаматтығын ерекше атап өткім келеді.

– Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау комиссиясы мемлекеттік деңгейде және жергілікті жерлерде өңірлік комиссиялар, жұмысшы топтар болып құрылды. Сіз мемлекеттік деңгейдегі комиссияның мүшесі ретінде өңірлердегі жұмысшы топтар қай бағытта ізденіс жүргізуі тиіс деп ойлайлайсыз?

ХХ ғасырдың бірінші жартысында қуғындалғандар сұмдық көп. Ет дайындау науқанында қылмыстық кодекстің 107-бабымен, одан кейін 111- баппен және 1928 жылдан бастап астық дайындау науқаны мен тағыда басқа ауылшаруашылық салықтарына байланысты сотталғандар да көп. Содан кейін социолистік меншікті қорғау деп әлгі трокторлардың артында жүріп егістіктің масағын жинағаны үшін он жылға сотталып кеткендер де бар. Тіптен, бұл ұрлық жасағандарға екі-ақ жаза қолданған. Біреуі – ату жазасы, екіншісі – он жыл мерзімге бас бостандығынан айыру, «ит жеккенге айдау». Бұл – ашаршылық өршіп тұрған 1932 жылғы заң. Сондай жаза құшқандарға да «банды», «контррореволюциенер» деп айып тағылды.

1932 жылы «социолистік меншікті қорғау» заңы қабылданған. Былай қарағанда, ұрыларға қолданатын заң ғой. Сол заңда колхоздың мүлкіне қиянат жасап, ұрлық істеген және қамбаны күзетіп тұрған күзетшіні өлтірген, тағы да басқа қылмыскерлердің бәрі «халық жауы» деп қаралсын дейді. Сол кезең құжаттарында барлық жерде дерлік «халық жауы» деген сөз алдымыздан шығады. Кім «халық жауы»? Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Т.Рысқұлов, С.Қожанов – «халық жауы». Байқап отырсаңыз, бәрі «халық жауы». Қарап отырып ойлайсыз, мынау қазақтың ішінде жау емес адам қалмапты. Сонда қазақтың беткеұстарларының бәрі жау болған болса, «қазақ деген қандай халық өзі» деген саяси тұрғыдан сұрақ туады. Әшейінде біздің ақын-жазушыларымыз: «біз дархан халықпыз, бәлен-түгенбіз», – дейді. Баяғыда Қадыр Мырзалиев ағамыздың «Бұлбұл бағы», «Ой орманы» деген кітабында қазақтарды, яғни біздің дархандығымызды, кеңдігімізді айтып мақтайды. Ал енді мына мен ұқсап архивте отырып, сол құжаттарды оқыған кезде, көзқарасыңыз өзгеріп кетуі мүмкін. Кейінгі ұрпақ осы архивті оқыған кезде: «ой мына біздің ата-бабаларымыз «халық жауы» болған екен кезінде. Өкіметке, мемлекетке қарсы болғанға ұқсайды, бұл тегін емес, бір шикілік бар ғой» деп шықпасына кім кепіл?

Сондықтан да бұл азаматтарды да «саяси» тұрғыдан толық ақтайтын заң қабылдауымыз керек. Мына қазіргі комиссия осы бағытта дұрыс жұмыс істеп жатыр. Бұл саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау туралы комиссияның бөлімшелері еліміздің әрбір облыстарында да құрылды. Бүгінде бұл іске архивтанушылар, тарихшылар мен зерттеушілер, саясаттанушылар, заңгерлер бәрі жұмылдырылып отыр. Ендігі олардың мақсаты – құжаттарға біржақты қарамай, қайта саралап, бұрындары ақталмағандарды анықтап, қудаланғандардың мүмкіндігінше нақты тізімін жасауы тиіс.

– Менің білуімше, «халық жаулары» деп жазаланғандардың қылмыстық істері әлі күнге дейін қолжетімсіз. Ол құжаттар ұлттық қауіпсіздік комитеттері мен ішкі істер департаменттерінің аранайы архивтерінде сақталған. Олай болса, тізім жасауда облыстардағы комиссияның жұмысшы топ мүшелеріне бұл құжаттармен жұмыс жасауға мүмкіндік беріліп отыр ма?

– Еліміздің орталығы Нұр-Сұлтан қаласында осы мемлекеттік комиссияның жұмысын басқаратын кеңсе құрылған. Кеңсе мемлекеттік комиссия мүшелерінің қолына арнайы архивтерге кіруге рұқсат қағаз берді. Ал расында, облыстарда мұндай рұқсат қағаз жетпей жатуы мүмкін. Бірақ орталықтағы кеңсеге жергілікті комиссияның мүшелері хабарласып рұқсат қағазды алуға болады. Дегенімен, әр өңір бұл істі бір үйдің баласындай бірлесе отырып жүргізуі тиіс.

Қазіргі таңда мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен ҰҚК мен ІІМ-нің басшылары бәрі осы мәселе бойынша кіруге рұқсат беріп отыр. Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғали деген біздің ұлтжанды азаматымыз бар. Сол барлық құпияланған құжаттарды жариялау жұмысын қолға алып жатыр. Ендігі мақсат – барлық құпия деген құжаттарды мүмкін болғанынша жариялау.

Мұндай жұмыс Ресей мен Украинада әлдеқашан ертеректе жасалып та қойды. Әрине, кейбір құжаттар тікелей қылмыспен байланысты. Оларды жариялауға болмайды. Өйткені, кей азаматтардың таза қылмысы болса, ол кейінгі ұрпағына ауыр тиюі мүмкін.

Ал біздің комиссиямыз жалған қылмыспен сотталғандардың бәрінің істерін қарап, оларды ақтау жұмыстарымен айналысып жатыр.

 – Қазіргі заман – технологиялар заманы. Расында, мұндай құжаттарды құпиясыздандырып, қоғамға қолжетімді етудің оң тұстары көп. Жамбыл жерінде 2018 жылы майдангерлердің тізімі жасақталғанда, Ресейдің «Память народа» архивтік ашық деректер базасы көп септігін тигізді. Әсіресе, архив құжатының көшірмелерін көзбен көрген соң, күмәнді болған деректер айқындалып жатты. Саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары да дәл осылай құжаттармен ашық танысуға мүмкіндік алып жатса, нұр үстіне нұр болар еді деп ойлаймын.

Ендігі ретте, тарихшы ғалым ретінде облыстарда құрылған комиссия мүшелері мен жұмысшы топтарына  қандай кеңес берер едіңіз?

– Комиссия құрылғалы бері аз жұмыс жасалған жоқ. Осы жылдың аяғына дейін де бірталай істі қайырсақ деп отырмыз. Сондай-ақ архив құжаттарын жариялау жұмыстарын қарқынды түрде жүргізсе деген ниет бар. Менің ойымша, елге, тарихшыларға керекті құпия құжаттардың бәрі алдағы уақытта ашық болмақ. Өйткені, президентіміз бағыт беріп отырған мемлекеттік комиссия және комиссияны басқарып отрған Мемлекеттік хатшы Қ.Көшербаевтың өзі осы жүйедегі жұмысты тікелей бақылап отыр.

Сондықтан да облыстық комиссияға мүше азаматтар архивтерде жұмыс жүргізе отырып, жазықсыз жала жабылып жазаланған азаматтардың заңды және саяси тұрғыдан ақталуына нақты және тиянақты жұмыс жасауы қажет. Есептілік үшін емес, елдік үшін.

Ал бұл жұмыстарға жоғарыда айтқандарымдай, бүгінде барлық мүмкіндіктер қарастырылған.

– Талас аға, мазмұнды сұхбатыңызға рахмет.   

Әңгімелескен – Мадияр ЕРАЛЫҰЛЫ, Қазақстан журналистер одағының мүшесі, Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының ғылыми қызметкері

Сол сияқты қараңыз

Пікірлер орны

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Scroll to Top

Поделиться

Facebook
VK
OK
WhatsApp