Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында белгілі журналист, ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Темірбек Қожакеевтің туғанына 100 жыл толуына арналған еске алу кеші өтті, деп хабарлайды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Іс-шараға шығармашылық зиялы қауым өкілдері, журналистер, ғалымның әріптестері, шәкірттері мен туған-туыстары қатысты.
Кеш аясында Темірбек Қожакеевтің қайта басылып шыққан «Көк сеңгірлер» және «Үркіншілік» кітаптары таныстырылды.
Қатысушылар ғалымның өмірі мен шығармашылық жолы, қазақ журналистикасының дамуына қосқан үлесі, сондай-ақ ғылыми-педагогикалық қызметі туралы ой бөлісті.
Темірбек Қожакеұлы Қожакеев қазақ сатирасының тарихы мен жанрлық ерекшеліктерін зерттеп, сатиратану ғылымының дамуына елеулі үлес қосты. Ол – «Қазақ сатирасы», «Абай – сатирик», «Сатира және дәуір», «Сатира негіздері» сынды бірқатар іргелі ғылыми еңбектің авторы.
Еске алу кеші Темірбек Қожакеевтің ғылыми және шығармашылық мұрасын сақтау мен насихаттауға, жас ұрпақты ғалымның еңбектерімен таныстыруға арналды.










