[:kk]Ресей Федерациясы Қазақстанға гуманитарлық жүк жіберді. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігі хабарлайды.
«ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің РФ Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустинмен COVID-19-ға қарсы іс-қимыл бойынша бірлескен уағдаластықтарының жалғасы ретінде 8 шілде күні Нұр-Сұлтан қаласына Ресей Федерациясының Төтенше жағдайлар министрлігінің арнайы бортымен гуманитарлық жүк жеткізілді. РФ гуманитарлық жүгінде медициналық маскалар, қорғаныс киімдерінің жиынтықтары мен медициналық препараттар бар. Қазақстандағы гуманитарлық көмектің бірыңғай операторы «СҚ-Фармация» ЖШС болып табылады», – деді министрлік.
Сондай-ақ жақын арада Ресейден гуманитарлық жүкпен бірнеше рейстер күтілуде.
«Қазақстан Сыртқы істер министрлігі коронавирус пандемиясымен күресте көрсеткен қолдауы үшін Ресей Үкіметі мен бауырлас халқына алғысын білдіреді», – деді ведомстводан.[:]