2025 жылдың 9 шілдесі күні Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде Қасымбековтер әулетінің шығармашылығына арналған «Өнерлі әулет өрнегі» атты көрменің салтанатты ашылуы өтті
Бұл экспозиция ұрпақтар сабақтастығының терең тамырын, өнер мен руханияттың біртұтас желісін паш етеді. Көрмеге қолданбалы өнер, мүсін, зергерлік өнер және дизайн салаларындағы туындылар қойылған, деп хабарлайды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.
Іс-шараға әулеттің бірнеше ұрпақ өкілдері қатысты. Олардың қатарында соғыс ардагері, суретші әрі өнертапқыш Ахметқали Қасымбеков және оның балалары, немерелері мен шөберелері бар.
«Өнерлі әулет өрнегі» – бұл тек жетістіктерден ғана тұратын көрме емес. Ол – отбасылық дәстүрлердің, рухани құндылықтар мен өнерге деген сүйіспеншіліктің қуатын бейнелейтін шығармашылық әулеттің тірі шежіресі. Көрме мәдениеттегі сабақтастықтың маңызын еске салып, ұлттық көркем мұраны сақтау мен дамытуға шабыт береді.
Экспозиция 2025 жылғы 30 шілдеге дейін жалғасады.