ҚР Ұлттық музейінде «Геральдикалық зерттеулер орталығы» жанынан құрылған «Tańba» ғылыми-әдістемелік клубының кезекті отырысы өтті
Іс-шараға министрлік өкілдері, белгілі тарихшылар мен геральдика саласының мамандары, зерттеушілер мен түрлі сала сарапшылары қатысты, деп хабарлайды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.
«Клуб жұмысының негізгі мақсаты – мемлекеттік рәміздер мен геральдикалық белгілерді зерттеу, оларды насихаттау және осы бағыттағы ғылыми-тәжірибелік мәселелерді саралау.
Отырыста мемлекеттік рәміздердің елдік сана мен ұлттық бірегейлікті нығайтудағы маңызы, геральдикалық саясаттың ғылыми негізделуі қажеттігі айтылды. Сондай-ақ, қазақ геральдикасының даму бағыттары мен заманауи талаптарға сай жетілдіру жолдары кеңінен талқыланды», – делінген хабарламада.
Қатысушылар мемлекеттік рәміздерді насихаттауда цифрлық медиа құралдарын тиімді пайдалану, оқулықтар мен танымдық материалдарда геральдикалық тақырыпты кеңінен қамту, сондай-ақ ведомстволық наградалар мен өңірлік нышандар жүйесін біріздендіру мәселелеріне ерекше назар аударды.
Сонымен қатар, жастар арасында рәміздерге деген құрметті арттырудың жолдары, саланың нормативтік-құқықтық базасын жетілдіру және халықаралық тәжірибені енгізу мәселелері де қозғалды.