Семейде Абайдың 180 жылдығына орай ұйымдастырылған «Абай елі – өнер кеніші» атты облыстық көркемөнерпаздар байқауының қорытындысы шығарылды
Облыс әкімдігінің қолдауымен, Мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен алғаш рет өткен байқауда өңірдің он ауданынан мыңнан астам өнерпаз бақ сынады, деп хабарлайды Абай облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Олар өз аудандарында ұйымдастырылған концертке қатысып, облыс орталығындағы қорытынды концертке жолдама алды. Абай театрында өткен гала концертте әр ауданның өкілдері өнер көрсетті. Ән-күй, жыр-терме, театрландырылған көріністер арқылы халқымыздың салт-дәстүрі, рухани болмысы мен ұлттық құндылықтары кеңінен насихатталды.
Байқаудың қорытынды гала концертіне облыс әкімі Берік Уәли қатысып, жүлдегерлерді марапаттады. Өнер сайысының жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, енді бұл байқаудың дәстүрлі түрде өтетінін айтты.
«Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты бағдарламалық мақаласында: «Ұлттық мәдениет – халықтың рухани тірегі. Ол – өткен мен бүгіннің алтын көпірі. Біз халқымыздың мәдени мұрасын көздің қарашығындай сақтап, оны дамытуға бар күш-жігерімізді жұмсауымыз керек» деп мәдениет саласының маңыздылығын атап көрсеткен болатын. Халқымызда «Ел іші – өнер кеніші» деген сөз бар. Абай елі шын мәнінде өнер кеніші екенін дәлелдеді. Бұл байқау облысымыздың мәдени әлеуетін нақты көрсетіп, өңіріміздегі таланттарды ынталандыратын маңызды алаңға айналуы керек. «Бұлақ көрсең көзін аш» дегендей, елдің ішінде үлкен сахнаны аңсап жүрген мықты өнерпаздар бүгін облыс сахнасында өнер көрсетті. Аудандарда жүрген азаматтардың өнерін орталыққа дәріптеуіміз керек. Олар үлкен сахнаға жолдама алуы қажет. Байқауға қатысқан барлық өнерпаздарға, ұйымдастырушыларға және сахна сыртындағы еңбек адамдарына алғысымды білдіремін. Сіздердің еңбектеріңіз – елдің рухани қуатын арттырып, ұрпақ тәрбиесіне үлес қосатын қастерлі іс», – деді аймақ басшысы.
Сайыс қорытындысында облыстың аудандары арасындағы көркемөнерпаздар байқауына белсене қатысқан аудандар «Үміт», «Шабыт», «Дарын», «Өнер достығы», «Креативті үздік ұжым», «Ұлттық өнер дарабозы» және «Өнерлі өлке» номинациясымен марапатталып, 1 млн теңге көлемінде қаржылай сыйлыққа ие болды.
Жүлделі үшінші орынды Үржар ауданы, екінші орынды Аягөз ауданы, бірінші орынды Абай ауданының өнерпаздары иеленді. Облыс әкімі үшінші орын алған ауданның Мәдениет үйіне толық қамтылған дыбыс жазу студиясын, екінші орын алған ауданың Мәдениет үйіне музыкалық аппаратура, 1 орын алған ауданның Мәдениет үйіне шағын автобустың сертификаты мен кілтін салтанатты түрде табыстады.
Бүгінгі таңда Абай облысында 296 мәдениет мекемесінде 3000 адам жұмыс істейді. Олардың қатарында 137 кітапхана, 131 клуб, 10 музей, 9 архив, театр мен филармония бар.