[:kk]«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ «Қазақтелеком» АҚ-ның 10 пайыз акциясын сатып алады. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Ахметжан Есімов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Келесі компания – «Қазақтелеком». Қор (Самұрық-Қазына) «Қазақтелеком» компаниясының 50 пайыз акциясына иелік етеді. Компания жария саналады және KASE-де листингіленеді және әсіресе, қазіргі реалияда стратегиялық актив саналады. Ұлттық банкпен келіссөз жүргіздік. «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» Қордың 10 пайыз акциясын сатып алады», – деді Ахметжан Есімов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен Қорды басқару жөніндегі кеңесте.
Осы орайда ол «Қазақтелеком» компаниясының 10 пайыз акциясын БЖЗҚ-ға сатудағы басымдыққа тоқталды.
«Ең алдымен, сату әдісін өзгертудің қажеті жоқ. Компанияның орналастыру дайындығы өте жоғары. Акция құнының өсімі «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының» табысын арттыратын болады», – деді ол.[:]