[:kk]ҚР Ішкі істер министрлігі www.polisia.kz ақпаратттық порталын іске қосты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына көшу жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Ішкі істер министрлігі тұрғындармен тиімді диалог құру бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда. Ақпараттардың мол ағыны ішінде оның нақтылығы маңызды рөл атқарады. Сондықтан ІІМ тұрғындар мен БАҚ үшін www.polisia.kz ақпаратттық порталын іске қосты», – деді ҚР ІІМ-нен.
Интернет-порталда оқиғалар, төтенше жағдайлар, фактілер туралы жедел, ең бастысы ресми ақпараттар орналастырылып отырады. «Қылмыстар туралы күнделікті мәліметтер, сондай-ақ өзекті тақырыптар және қызықтырған мәселелер бойынша түсініктемелер беріледі», – деп қосты ведомстводан.
Сондай-ақ онда ішкі істер органдары қызметі туралы пайдалы ақпараттық анықтамалықтарды табуға болады немесе сауалды «Сұрақ-жауап» айдарына жолдауға мүмкіндік бар.
Ал қандай да бір оқиғалар мен құқық бұзушылықтарды көзбен көргендер фото және бейнематериалдарын «Мен оқиғаның куәгерімін» айдарына жолдай алады. Полиция қызметкерлері тиісті шара қабылдау үшін әрбір жағдайды мұқият зерделеуге уәде етуде.
«Полицияның міндеті тек тыңдау емес, жаңа жағдайларға және азаматтарымыздың талабына сәйкес болуы қажет. Тұрғындармен күнделікті өзара және кері байланыс азаматтардың қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ету бағытындағы біздің жұмысымыздың тиімділігін арттырып, халықтың сенімінен шығуға мүмкіндік береді», –деп атап өтті министр Ерлан Тұрғымбаев.
ІІМ басшысы ведомствоның жаңа ресурсы арқылы тұрғындарды жедел ақпараттармен қамтамасыз етіп отыруды тапсырды.[:]