Қазақстандық блогер және хореограф Әлішер Сұлтанбекұлының киіз үйде биік өкшелі аяқ киім киіп, жартылай жалаңаш күйінде билеген видеосы әлеуметтік желіде тарады.
Ұлттық нақыштағы қамзол мен High Heels биін үйлестіруге талпынған блогердің бұл әрекеті желі қолданушыларының арасында жанжал туғызды. Олардың пікірінше, бұл ұлттық құндылықтарымызды мазақ ету. Алайда, көрермендер арасында бұл әрекетті жаңашылдық пен батылдық үшін мақтаған қолданушылар да бар.
«Менің атым – Әлішер Сұлтанбекұлы. Бүгін мен 21 жасқа толдым және өмір сүріп жатқаныма өте ризамын. Шығармашылығым арқылы өз тарихымызға жақын болғым келді», – деп түсіндірді биші Instagram-парақшасында.
«Мұндай контент қоғамда алауыздық тудыруы мүмкін. Арандатушылыққа да ұрындыруы ықтимал. Әрине, өскелең ұрпақ тәрбиесіне кері әсерін тигізеді. Видеоның мазмұны қазақ халқының құндылықтары мен салт-дәстүрлеріне қайшы келеді. Тағы бір мәселе өте маңызды. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар дәстүрлі құндылықтарымызды сақтау мен насихаттауда ерекше жауапкершілікті талап етеді. Ұлттық құндылықтардан бас тарту мәдениетімізге, салт-дәстүрімізге және әдет-ғұрыптарымызға қашан да қауіп төндіреді. Ал бірлігіміз бен тұрақтылығымыздың мызғымас негізін сақтау — ортақ парызымыз», – деп жазды Аида Балаева.