Шетелдегі қазақ баспасөзі: апталық шолу

«ҚазАқпарат» ХАА шет мемлекеттерде қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Жақында Қытай университеттерінде қазақ тілі бойынша байқау өтеді – People.cn

Қытайда қазақ тілінде білім беруді дамытуға жәрдемдесу және Қытай мен Қазақстан арасындағы гуманитарлық саладағы ынтымақтастыққа жәрдемдесу мақсатында Қазақстанның Қытайдағы Елшілігі ұсынып, Бейжің шетел тілдері университеті ұйымдастырған Қытай университеттері арасындағы қазақ тілі байқауы өтеді, деп жазады «Халық» газеті.

Аталған басылымның мәліметінше, 20 наурыз күні өтетін бұл байқау Қытай білім министрлігінің Халықаралық департаментінің қолдауымен ұйымдастырылады. Байқауға бүкіл елдегі университеттерде шет тілі мамандығы қазақ тілі бойынша білім алатын қытайлық бакалавр студенттері қатысады.

Өзбекстандағы жас домбырашылар көрермен ықыласына бөленді – «Тамды шаруагері»

photo

11 наурыз күні Өзбекстандағы Науаи облысының Тамды қазақ ауданында 15 ауылдан келген 500-ге жуық жас домбырашы Тамды аудандық мәдениет үйінде «Өнерлі домбырашы жастар» байқауында өзара бақ сынасып, өнерлерін ортаға салды.

Бұл туралы осы аптада өзбекстандық «Тамды шаруагері» газеті Facebook-тегі парақшасында «newsroom.kz» басылымына сілтеме жасап хабарлады.

Аталған басылымның келтірген мәліметіне сүйенсек, жастар арасындағы талантты өнерпаздарды анықтап, халқымыздың төл мәдениетін, дәстүрлі терме, жыраулық пен оркестр орындауындағы ән-күй мәдениетін өскелең ұрпаққа дәріптеуді мақсат еткен байқау осы жолы сегізінші рет өткізілді.

Өнер сайысын Тамды ауданы әкімдігі, аудандық мәдениет бөлімі, аудандық халыққа білім беру бөлімі, аймақтық Жастар ісі агенттігі және Өзбекстан Жастар одағы Тамды аудандық бөлімі ұйымдастырған. Тамдылық өнерпаз дарындардың басын қосқан дәстүрлі байқаудың жауапты ұйымдастырушысы – Нұрлан Бекназаров.

Мәдениет қызметкерлері мен ауыл мектептері оқушылары қолдауын тауып, бүгінде жыл сайын көрермендер мен тамдылық жалынды жастар асыға күтетін өнер сайысына айналып үлгерген байқау шарттары жыл сайын күрделене түсуде. Биыл домбырадан басқа ұлттық аспаптар – саз сырнай, қобыз, баян, шылдырмақ т.б. қосылып, балалар өнері түрлі ұлттық аспаптарда көрініс табады.

Newsroom.kz басылымының дерегінше, байқауға қатысушылар Құрманғазы, Дәулеткерей, Абыл, Тәттімбет, Махамбет, Дина, Сүгір, Қазанғап сынды күй алыптарының, сондай-ақ Тауелібай композиторлары туындылары мен халық күйлерін орындап, тамдылық көрермендер ықыласына бөленген. Байқау нәтижесіне орай жүлделі І, ІІ, ІІІ орын иегерлері анықталды. Ал, бас жүлдеге №12 мектептің дарынды домбырашылары лайық деп танылды. Аталған домбырашылар байқауда орындаушылық шеберлігі, оркестр орындаған ән-күйінің көркемдік деңгейі және сахналық мәдениеті мен ұлттық киім үлгісі, дарыны арқылы қатарластарынан оза шауып, бас жүлдені еншілеген.

Моңғолия үкіметі ауылға көшкендерді қолдайды – «Kaznews»

photo

Моңғолия үкіметі жүзеге асырып жатқан «Жаңа жаңғыру саясаты» аясында «Ауылдың жаңғыруы» атты конференция ұйымдастырылды. Бұл ретте Моңғолия үкіметі қаладан аймаққа, ауылға көшуге ниет білдірген азаматтарды жан-жақты қолдайтынын жеткізді, деп хабарлайды Моңғолияның «Kaznews» ақпараттық порталы.

Аталған ақпарат көзінің келтірген дерегіне сүйенсек, орталықсыздандыру және аймақ халқын арттыру мақсаты аясында ірі елді мекендердің халқы 20 пайызға, ал аймақ халқы 10 пайызға артады.

Жергілікті жерлерге (ауылға) көшіп келген азаматтарға 3 пайыздық ипотекалық несие берілмек.

Сонымен қатар «Жаңа жаңғыру саясаты» аясында ауылға қоныс аударған кәсіпорындарға бір пайыздық жеңілдікпен несие беру жоспарланған.

Қытай-Қазақстан логистикалық ынтымақтастық базасынан аттанған пойыз саны 5 мыңнан асты – People.cn

photo

Қытайдың Нанкин кеденінің статистикасына сәйкес, 14 наурыздағы жағдай бойынша Қытай-Қазақстан логистикалық ынтымақтастық базасы (Ляньюньган) жалпы 5 мың Қытай-Еуропа пойызын жіберіп, 440 мыңнан астам TEU-ні (Еуропалық одақ туралы шарт) тасымалдады. Бұл өз кезегінде «Бір белдеу, бір жол» Халықаралық экономикалық және сауда ынтымақтастығы мақсатында жүзеге асырылған алғашқы платформа жобасы болып отыр, деп хабарлайды Қытайдың «People.cn» ақпарат порталы.

Аталған басылымның дерегінше, батыс бағыттағы транзит 157 мыңға жетіп, елдегі жетекші көрсеткішке айналды. Бұл пойыз бағыттары Орталық Азияның бес елінен Түркия, Германия, Ресей, Моңғолия және басқа елдерді қамтитын 6 желіге кеңейді, барлығы 104 халықаралық жүк стансасы бар.

Ердоған ТМҰ саммитінде сөз сөйледі– «TRT»

photo

Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған Анкарадағы Президент сарайында ұйымдастырылған Түркі Мемлекеттері Ұйымының (ТМҰ) кезектен тыс саммитіне қатысты мәлімдеме жасады. Бұл туралы осы аптада Түркия Радио Телевизия порталы хабарлады.

Саммиттің сәтті аяқталғанын атап өткен Ердоған, Түркиядағы жер сілкінісі мен су тасқынынан кейін ұйым мүшелері мен бақылаушыларымен бірге ынтымақтасу мақсатында бас қосқандарын айтқан.

Сондай-ақ Режеп Тайип Ердоған Түрік инвестиция қорының түрік әлеміндегі экономикалық интеграцияға үлес қосатынын мәлімдеген.

Саммитке қатысқан мемлекеттер басшыларына алғыс білдірген түрік елінің басшысы: «Басымыздан өткен апатта түрік әлемі ретінде көрсеткен ынтымақ пен береке-бірлікті ешқашан ұмытпаймыз», – деді.

Ердоған Түрік әлеміндегі интеграцияның қозғалтқышы болып табылатын экономика, сауда, көлік және энергетика салаларындағы ынтымақтастық мәселесі де қаралғанын айтып өткен.

Қазақстан Иран мен Сауд Арабиясы арасындағы қарым-қатынасты қалпына келтіруді қолдады – «Parstoday»

photo

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Сауд Арабиясы мен Иран арасындағы келісім мен дипломатиялық қарым-қатынасты жақсартуды құптады, деп хабарлады ирандық «Parstoday» ақпарат агенттігі.

Аталған ақпарат агенттігінің мәліметінше, Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі осы жұмада Астананың Сауд Арабиясы Корольдігі мен Иран Ислам Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастарды қалпына келтіру мақсатында 2023 жылғы 10 наурызда Бейжіңде қол жеткізілген келісімдерді құптайтынын хабарлады.

«Қол жеткізілген келісімдер Қазақстанның исламдық татуласу жөніндегі бастамасына толығымен сәйкес келеді, деп атап өтті ҚР Сыртқы істер министрлігі. Бұл министрлік Теһран мен Эр-Рияд өкілдерінің Қытайдағы келіссөздері мен осы елдің рөлін жоғары бағалады», деп жазады ирандық БАҚ.

Орта ғасырға тиесілі құнды заттар табылды – «ӨзА»

photo

Өзбекстан мен Қазақстан жоғары білім саласында ынтымақтастық жасайды. Бұл ретте осындай мазмұндағы «Халықаралық келісімді бекіту туралы» Өзбекстан президентінің шешімі қабылданды. Соған сәйкес, Өзбекстан мен Қазақстан Республикалары арасында жоғары білім және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы келісім бекітілді. Бұл келісімге 2022 жылы 22 желтоқсанда Ташкентте қол қойылған. Бұл туралы осы аптада «ӨзА» ақпараттық агенттігі хабарлайды.

Өзбекстандық басылымның мәліметінше, халықаралық келісімді жүзеге асыруға жауапты құзыретті орган ретінде Жоғары білім, ғылым және инновациялар министрлігі белгіленген. Министрлер кабинеті және тиісті министрлік пен ведомстволардың басшылары осы халықаралық шарт күшіне енгеннен кейін Өзбекстанның міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ осы аптада «ӨзА» ақпарат агенттігінде «Ташкент облысында орта ғасырларға тиесілі құнды заттар табылды» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды.

Аталған БАҚ-тың мәліметінше, Ташкент облысының Бөке ауданында жұмыртқа тәрізді 2 дөңес және 2 дана орта ғасырларға тиесілі археологиялық ескерткіш табылған.

«Табылған тарихи нысандардың арасында әйел бейнесі бедерленген тасбақа тәріздес құмыра бар. Мұндай құнды ыдыс Ташкент облысынан алғаш рет табылды. Ол ежелгі грек дәстүрі бойынша жасалған. Бұл ежелгі «Чоч-Ташкент» аймағына Селевкилер көсемі Демодамның (б.з.д. III ғ.) келуімен байланысты болуы мүмкін. Қыш ыдыста грек құдайының бейнесі бейнеленген», деп жазады өзбекстандық басылым.

Дереккөз: ҚазАқпарат 

Сол сияқты қараңыз

Пікірлер орны

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Scroll to Top

Поделиться

Facebook
VK
OK
WhatsApp