Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көлік инфрақұрылымын жаңғырту және еліміздің транзиттік әлеуетін дамыту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде логистика жүйесінің тиімділігін арттыруға, өңірлердегі көлік байланысын жақсартуға және орнықты экономикалық өсім үшін жағдай жасауға бағытталған шаралар кешені жүзеге асырылуда, деп хабарлайды ҚР Үкіметінің Баспасөз қызметі.
2025 жылдың сегіз айында Қазақстан аумағы арқылы транзиттік тасымалдар көлемі 25,81 млн тоннаға жетті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 3,2%-ға артық. Тұрақты өсім еліміздің транзиттік әлеуетін нығайту және халықаралық көлік дәліздерінің негізгі бағыттарын дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін көрсетеді.
Жол инфрақұрылымы
2025 жылы құрылыс және жөндеу жұмыстарымен барлық санаттағы 13 мың шақырымға жуық автожолдар қамтылды, оның ішінде:
- 2,2 мың шақырым республикалық маңызы бар жолдарды салу және реконструкциялау;
- 6,6 мың шақырым республикалық желіні күрделі және орташа жөндеу;
- 4,1 мың шақырым жергілікті жолдарды жаңарту жұмыстары бар.
Жыл соңына дейін 6,1 мың шақырымдық жол жұмыстарын аяқтау жоспарлануда. Олар – құрылыс және реконструкциялау (847 шақырым), күрделі және орташа жөндеу (2,2 мың шақырым) және жергілікті маңызы бар жолдарды (3,1 мың шақырым) жөндеу жұмыстары.
Бюджет шығыстарының тиімділігін арттыру үшін жалпы ұзындығы 2 мың шақырым болатын жаңа 10 жол учаскесінде ақылы жол енгізілді. Нәтижесінде ақылы күре жолдардың жалпы ұзындығы 3,2 мың шақырымнан 5,2 мың шақырымға дейін ұлғайды.
Авиация саласы
Қазақстанның авиакомпанияларының әуе кемелері паркі 105 бірлікті құрайды, оның ішінде 8-і биыл пайдалануға берілген жаңа ұшақтар. Бүгінгі таңда 31 елмен 144 халықаралық бағыт бойынша аптасына 842 рейс жасалады.
Салада ірі инфрақұрылымдық және инвестициялық жобалар жүзеге асуда. Олар:
- Арқалық әуежайы қалпына келтіріліп жатыр;
- Алматы қаласы әуежайын дамытудың бас жоспары және $362 млн сомасындағы «TAV Airport Holding» инвестициялық бағдарламасы таныстырылды;
- Астана қаласы әуежайын дамыту бойынша жалпы сомасы 547 млрд теңгеге инвестициялар туралы келісім жасалды;
- «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА-да жүк-жолаушылар әуежайын салу бойынша жалпы сомасы 250 млрд теңгеге инвестициялар туралы келісім жасалды;
- Қазақстан Республикасының азаматтық пилотсыз авиациясын дамытудың 2025-2031 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды.
Ішкі нарыққа жаңа авиатасымалдаушылар кірді. Будапешт, Шанхай, Сеул, Гуанчжоу, Мюнхен сияқты және тағы да басқа ірі қалаларға рейстерді қоса алғанда, 35-тен астам жаңа маршруттар ашылды.
Теміржол және су көлігі
Осы жылдың тоғыз айында темір жол көлігімен жүк тасымалдау көлемі 339,4 млн тоннаны құрады, бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,5 %-ға артық.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін 2029 жылға дейін 11 мың шақырым теміржол учаскелерін жаңарту жоспарлануда, оның ішінде бүгінде 2,8 мың шақырымнан астам жолға жаңғырту жұмыстары жүргізілді.
Теңіз көлігімен 2025 жылдың 9 айында 6 млн тонна жүк тасымалданды, бұл бір жыл бұрынғымен салыстырғанда 9%-ға жоғары. Қазақстандық теңіз порттары арқылы контейнерлік тасымалдар үштен біріне ұлғайып, 67,2 мың ЖФЭ-ге жетті.
Маусым айында Ақтау портында контейнерлік хабтың бірінші іске қосу кешені пайдалануға берілді, жоба жыл соңына дейін порттың өткізу қабілетін 240 мың ЖФЭ-ге дейін арттыруға мүмкіндік береді.
2025 жылдың маңызды оқиғаларына мыналар жатады:
- «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісі іске қосылды (836 шақырым);
- «Қызылжар – Мойынты» жаңа теміржол желісінің құрылысы басталды (323 шақырым);
- 775 локомотив пен 2,7 мың жайдақ вагон жеткізіп беру келісімшарттарына қол қойылды;
- Бүкіл еліміз бойынша 124 вокзалға жаңғырту жұмыстары жүруде;
- Құрық–Баку бағытында құрғақ жүк таситын 1 кеме қатынай бастады, тағы 2 паром келеді деп күтілуде.
Автокөлік және тасымалдау саласындағы бақылау
Қазақстан отандық автотасымалдаушылардың мүдделерін халықаралық нарықта қорғау жөніндегі жұмысты жалғастыруда. Жыл сайын халықаралық тасымалдарға рұқсаттар алмасуды көздейтін 42 елмен үкіметаралық келісімдер жасалды.
Рәсімді жеңілдетуге және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға бағытталған шетелдік рұқсат бланкілерін берудің жаңа ережелері мен үдерістерді автоматтандыру және өтінімдерді ресімдеу мерзімдерін қысқарту тетіктері енгізілді.
Жүк көлігінің қозғалысын бақылаудың цифрлық форматына көшу автоматтандырылған өлшеу стансаларын (АӨС) енгізу арқылы жүзеге асырылады. Бүгінгі таңда заң бұзушылықтарды автоматты түрде тіркеу үшін «Әкімшілік өндірістің бірыңғай тізілімі» жүйесімен интеграцияланған 63 станса (30-ы республикалық жолдарда, 33-і жергілікті жолдарда) жұмыс істеп тұр.
Қытаймен үкіметаралық келісім ратификацияланды, оның шеңберінде Қазақстан Қытай аумағы арқылы ішкі транзиттік автотасымалдауды жүзеге асыру құқығын алған бірінші ел болып отыр.










