[:kk]Жақсылық Асқарбек өлеңдері[:]

[:kk]Құлпырса көктем келіп пүліш ғалам,
Қыздар-ай,құшақ-құшақ гүл ұстаған!
Ауаға әтірлердің жұпары аңқып,
Дүние қыз демінен тыныстаған!

Себезгі күн нұрының себілгенін,
Көрсем де күнім,маған көрінбедің!
Самалы соқса дағы Жаздың келіп,
Сонда да ыстық маған сенің демің!

Мен сонда бақтар ішін аралаппын,
Жанымды жүрді үнемі жаралап мұң.
Күлімдеп өте берді күндер аулақ,
Мұңайып,біріне де қарамаппын!

Мезгілдің көп мұңайдым көшінде мен,
Өткен күз елесімен-есімде өлең!
Сөздерім сайрап жатсын жолыңда-деп,
Жырымды жапыраққа көшірген ем!

Түсінде көріп жырға шайыр қоспақ-
тәкаппар келбетіңмен байырғы асқақ!
Қай күні сен келесің өңіме бір,
Қайғымды бақытыма айырбастап?!

Жақсылық Асқарбек

《Сыраханадағы сырласу》(Диалог)

Сырахана.Сары күздің салқыны,
Офицанттар жүгіреді алқынып.
Біразының буындары балқыды,
Жүлде алғандар жуамыз деп шалқыды.
Арамызда ағалар бар қасқыр еп,
және біздің жаңа талап,жас түлек.
Мен ішпеуші ем,оңашалау жайғастым,
Ал,ақындар “алып қойға” басты кеп!
Қызметіне қашан дағы әзірін,
Айтып бастап офицант қыз әзілін.
Мойыл көзбен мөлдіреп кеп кенеттен,
Маған қарай ұсынарда мәзірін:

-Не қалайсыз,ішпейсіз бе,сыра ағай?

-Жоқ ішпеймін.Есімің кім?

-Құралай!

-Ал,сіз аға ақынсыз ғой,мен білсем…

-Қарындасым,қайдан білдің,бұ қалай?!

-Мен оқығам,сіздің өлең күшті өлең!

-Оны қайдан,еш кітапқа түспеген?

-Лирик ақын емеспісіз,
желіден…
Махаббатта уыңыз жоқ ішпеген!

-Солай шығар,оның да рас,қарағым,
Жымиғаның,және әдемі жамалың!

-Сыраға да жоқ екенсіз,сіз демек,
Сағыныштың ұрттап жүрсіз шарабын!

-Солай қалқам,мен дегенің бір мұңлық,
Бір аруды сүйдік-күйдік,жыр қылдық.
Мұқағали айтып кеткен сезімді, Біздер дағы білдірем деп бүлдірдік!

-Ақыл айтар ойым да жоқ ақынға,
Алайда,аға, келген жақсы ақылға.
Басқашалау түсінбеңіз сіз мұны,
Бір сөз айтсам поэзия хақында..
Өлең үшін,аңса,сағын,алаңда!
Сіз де ғашық,оңай емес оған да.
Бірақ осы,кешіріңіз,жыр үшін,
Арулардың не кінәсы бар онда?
Сөзімді аға,түсін мейлі,түсінбе!
Менің де аға,бір мұң жатыр ішімде.
Сүйем дейсіз,кінәлайсыз,неліктен?
Сұлулығы үшін бе?!

Күлім қағып тұрды алдымда Құралай,
Қарамайды-ау,қаракөздер құр олай.
Сол бір қыздың көзіндегі сол бір мұң,
Жүрегіме құйылды ащы сырадай!

 

Жақсылық Асқарбек

Түнгі аспан бір ашылып,бір қабарып,
Толықсып Ай бұлтқа тұр қамалып.
Қаладан алыс қалды,қайран ауыл,
Құрбыға сыр айтар ек қырға барып!

Отырмын ойға шомып бөлмемде мен,
Ондайда оңайынан келген бе өлең?!
Тірі жан тілдесерге таппай қалып,
Көлеңкем қашатындай көрген менен.

Қаламын қиял-ойда,майшам да өшіп,
барамын құс жолымен байсал көшіп.
Меңіреу тыныштыққа қалдым ұйып,
Секілді молда-түннің Ай-сәлдесі!

Сезімім батырды ғой сорға қанша,
Махаббат емес пе еді сол да болса?
Кеш мені,толықсыған толған айым,
Бетіңді бұлт-көңілім торлап алса!

Болса да біздер жүрген белес бөтен,
Сенің де бейнеңді мен елестетем.
Түсетін тереземнен ай сәулесі,
Төгілген жан шуағың емес пе екен?!

Дәл бұлай тарқамады бұрын шерім,
Барғандай ауылыңа ұрын серің!
Талықсып көзімді ілдім таң алдында,
Шашырап өлеңімнен нұрың сенің!

Жақсылық Асқарбек

Қазақстан жаңалықтары. Соңғы жаңалықтар. Telegram желісінде бізге жазыл! [:]

Сол сияқты қараңыз

Пікірлер орны

Scroll to Top

Поделиться

Facebook
VK
OK
WhatsApp