Қайраткер Хайретдин

Бүгінгі біраз замандасыма, әсіресе жастарға «азаттық» ұғымы көп сөздің бірі болып көрінетініне қайран қаламын. Тәуелсіздік жылдары Атбасар, Ақмола, Қарағанды, Шахтинск қала-кенттерінде түрлі жауапты қызметтер атқарып жүріп, мынандай ащы шындыққа куә болдым.

Біріншіден, егемендік мұратымен жаңғырған тарих пен ресми ақталған тұлғаларға қызығушылықтың бәсең болуының себебі – тиісті түсіндіру жұмыс­тарының кем­шілігінен екен. Екін­шіден, өзге тілді, әсіресе советтік тап­таурын танымдағы қауымның скеп­­тизмі – атқарушы биліктің тым жал­пақшешейлігінен бе дедім. Үшіншіден, тарихты да, тұлғаны да танытатын – білім жүйесі екенін білсек те, орыс және аралас тілді мектептердің, сондай-ақ мемлекеттік тілді меңгермеген ортаның, мекемелердің Тәуелсіздік мұратына қызмет ететін тетіктерін таппай-ақ қойдық.

Мемлекеттік қызметте ұзақ жыл іс­те­ген азамат ретінде бір ұсынысым: түр­лі деңгейдегі жауапты басшылардың, әкім­дердің рейтингін анықтауда «елдік, мемлекетшілдік іске қосқан үлесі» деген өлшемді енгізу – уақыт талабы.

Осы орайда мемлекеттік қызметте де, мәдени-рухани салада да жауапты қыз­меткерлер, мамандар білуі міндетті ұлт тарихының бір сапалы кезеңі бар. Ол – Алаш кезеңі.

Бүгін бәріміз де сол Алаш зиялы­ла­рының мұрагері, ісін жалғастырушысы бола білуіміз керек. Осыны мектеп жа­сынан әр бала санасына сіңірсек, қа­зіргі көкейкесті шынайы отаншылдық мәселесі өзінен-өзі шешілер еді. Біздің бұл ізгі ниетімізді өз ішіміздегі басқа этнос өкілдері де, әлемдік қауымдастық та орайымен түсініп, қолдау білдірері сөзсіз. Себебі Алаш үкіметі мен Алаш автономия­сы тарихында адамды, ұлтты алалайтын ештеңе жоқ.

Қазіргі ойлы, намысты, жауапты қазақ және Қазақстан азаматы – Алаш­тың тікелей мұрагері деген ойым­ды жал­ғастыра отырып, өзім де сол сап­та екенімді мақтанышпен айтқым ке­леді. Менің нағашы атам Хайретдин Әб­ді­рах­­манұлы Болғанбаев (құжаттарда – Болғанбаев, Алаш зиялылары айтуында – Болғанбай) – Ақмола өңірінде туып-өсіп, Орынборда оқып-жетіліп, Ташкентте саясат айдынына көтеріліп, ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы советтік қанқасапқа іліккен қайраткер, қаламгер, тұлға.

Әйгілі Мағжан Жұмабайдың замандас­тарына берген бағасын көзі қарақты жұрт жақсы біледі. Соның ішінде біздің на­ғашы атамыз туралы: «Бортаң бала, Бүгін қара – Кәрітай, Бір кемі жоқ, Бір теңі жоқ – Болғанбай» депті. Бұл жерде «Бортаң бала», «Кәрітай» – баспасөздегі Х.Ә.Болғанбаевтың псевдонимдері. «Бір теңі жоқ, бір кемі жоқ» – атамыздың қайраткерлікке толы ғұмырының бағасы. Біз бұл мадақтың астарынан оның Мұстафа Шоқай жанындағы өмірін, Түркістан автономиясын (мұхтарият) құрысудағы табандылығын, Алаш атынан басмашылар арасына келіссөзге барған ержүректігін, Ақмоладағы театр мен мәдени шараларды, ағарту ісін қолдаудағы табандылығын, Қорғалжын ауданының қазығын қаққан әлеуметшілдігін, Қараөткелдегі мұсылман көпестеріне араша түскен мәмілегерлігін көреміз.

Хайретдин Болғанбаев туралы әр кездері Д.Қамзабекұлы, Д.Қыдырәлі, Б.Омаров, Қ.Нұрмағамбетов, С.Ақтаев, Т.Жұрт­бай, Т.Боранғалиұлы, Н.Сапуанов, Д.Асауов, т.б. ғалымдар мен журналис­тер түрлі бағытта мақалалар, еңбек­тер жариялады. Ұрпағы атынан бұл кі­с­ілерге ризашылығымызды білдіре оты­рып, әкесі туралы тамаша естелік жазып кеткен марқұм анамыз Гүлнар Хай­­ретдинқызының алаштанушы қалам­герлерге берген ақ батасын еске аламыз. Ол кісі: «Айналайындар! Әкем – халықтың ұлы еді. Әкемнің ел алдындағы қызметін тарихын айтқандарың – ел тарихын түгендегендерің. Алла алдарыңнан жа­рылқасын! Өрістеріңді өрт шалмасын! Жү­ректеріңді дерт шалмасын!..» деуші еді.

Әркімге өз анасы ардақты. Алайда анамыз Гүлнар Хайретдинқызының ба­ғасын да, қадірін де алаштанушылар жақсы біледі, ол нағашы атамыз туралы деректерді тірнектеп жинап, әкесі М.Ду­латұлын қайта тірілткен Гүлнар Мір­жақыпқызы секілді аянбай еңбек етті. Қаншама жыл Қорғалжынның Са­бын­дысында мұғалім, мектеп директоры болып, «халық жауының қызы» деген нақақ жаланың негізсіздігін дәлелдеп, ағарту саласында алғашқылардың қа­та­рында Ленин орденін алып, «ҚазССР-нің еңбек сіңірген мұғалімі» атағына жетіп, абыройға бөленген еді. Қан майданда от кешіп келіп, қарапайым мұғалімнен мектеп директорына дейін еңбегімен өсіп, ерте бақиға көшкен (1964 жылы) әкеміз Тұяқ Кәмелұлы екеуі жеті баланы бағып-қа­ғып өсірді. Азаматтық жолын айқындап берді.

Біздің отбасы-әулетіміздің алтын ше­гесі, асыл арқауы – Рахима Әкбарқызы Халфина-Болғанбаева еді. Бұл кісі – жеті атасынан бері бақ-берекесі үзілмеген, қа­зақпен құдандалы Ақмоланың әйгілі көпесі Әкбар Халфиннің қызы еді. Бүгінгі елорда көпес десе, Кубринді ғана еске алып жатады. Ал 70-жылдары Це­линоград орталығы жаңартылғанда және астана көшетін 90-жылдары Хал­финдердің зәулім қосқабатты екі үйі «ескі құрылыс» ретінде сүріліп кеткенін біле бермейді. Мұнымен қоса соңғы табылып жатқан архив деректерінде осы көпес Халфиндер әулеті Алаш қозғалысын қаржыландырған санаулы байлардың бірі ретінде көрсетіледі. Әңгіменің реті келгенде айтайын, ескі суреттерде бейнесі қалған Алашқа қызмет еткен Халфиндер құтханасын (особняк) қайта жаңғыртып, «Ақмола тарихы музейін» жасаса, құба-құп болар еді.

«Жігіттің үш жұрты» дегендей, Х.Ә.Бол­ғанбаевтың қайын жұрты, яғни біз­­дің түп нағашыларымыз Шоқан Уәли­хановпен де туысады. Аға сұлтан Шыңғыс Уәлихановтың бір қызы Бәдіғұл (шын аты – Бәдіғұл-Жамал, бұл кісі Шоқанның туған әпкесі) Ақмола дуанының тұңғыш басшысы Қоңырқұлжа Құдаймендіұлының баласы Абылайға тұрмысқа шығады. Абылай мен Бәдіғұлдан Сұлтан, Нақыш, Мұқыш, Шәкіш атты ұлдар, Мәстура, Мағида атты қыздар дүниеге келеді. Осының ішіндегі Мәстура Абылайқызы – біздің әжеміз Рахима Әкбарқызының, яғни Хайретдин әйелінің туған анасы.

Ал Ақмола қаласында сауда жүргізіп, қаланы өркендетуге қатысқан Халфиндер тарихына келсек, Уәли Халфин Қазан шаһарынан Башихдин, Кашефдин деген екі ұлымен келіпті. Осында Жаратқанның бұйыруымен қазақ Тәуірбала Былқым­байқызына үйленіп, Ғалиәкбар, Ғалиасқар, Сыздық, Әбдірахман, Кәрім, Рахымжан атты перзент сүйеді. Ғалиәкбар (Әкбар) – Рахима әжеміздің әкесі.

Өз анамыздың (Гүлнар) екі ағасы болды: Ерік және Мұрат Болғанбаевтар. Ерік нағашымыз Д.А.Қонаев жанында, Орталық комитеттің ауылшаруашылық бөлімінде абыройлы қызмет атқарды. Мұрат ағамыз да осы ауылшаруашылық саласының жауап­ты жұмыстарында болды. Анамыз да, екі бауыры да бақилық…

2020 жыл менің өмірімде ерекше жыл болды. «Хайретдин Болганбаев – свет неугасимой звезды» (Хайретдин Болғанбаев – сөнбес жұлдыздың жарығы) атты тұңғыш кітабым «Дәуір» баспасынан жарық көрді. Әркімнің ішкі жан сыры, аңсары мен арманы болады ғой. Бұл – менің Алаш жолында мерт болған ата-бабаларыма, «халық жауының қызы» деген нақақ атақ қыр соңынан қалмаған асыл анам Гүлнарға, «халық жауының күйеу баласы», «бай-шонжардың тұқымы» (Қорғалжын жерінде бабам Ыбырай Баян­дыұлының кесенесі сақталған) деген қаралау жүйкесін жұқартып, жүректен алып тынған әкем Тұяққа орнатқан рухани ескерткішім. Кезінде марқұм анамыз бізді Алаштың ұрпағы ретінде зерттеу жолына салып кетіп еді, біз соның үдесінен шығуға тырыстық.

80-жылдары Жастар одағында істеген тәжірибеміз бар, Кеңес өкіметі құ­лар алдында Ленинградта Партия мекте­бінің «саясаттану» мамандығында оқы­ғаны­мыз және Тәуелсіздік тұсында атқа­рушы билікте қызмет еткеніміз бар, Хайретдин Болғанбаев өмірі мен қызметін тереңдете зерттеу мақсатында РФ Фе­дералдық қауіпсіздік қызметі орта­лық архивінде, Ресей мемлекеттік тарих архивінде, Ресей Федерациясы мем­лекеттік архивінде, Томск облысы мем­лекеттік архивінде, РФ Коми респуб­ли­касы архивтерінде, Архангельск мем­ле­кеттік тарих архивтерінде, Өзбекстан Рес­публикасы архивтерінде, өз Ота­нымыздың (Қазақстан) архивтерінде жұмыс істеп немесе олармен электронды жүйеде байланыс орнатып, бұрын белгісіз болып келген деректерді таптым. Сондай-ақ Қазақ АССР бойынша СССР НКВД-сының №10702, №11020, №26411 тергеу істерін өз көзіммен қарап, сондағы Х.Ә.Болғанбаевқа қатысты тың деректер не­гізінде ой түйдім. Сонымен бірге нағашы атамыздың ісі мен ізі қалған Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстық архивтерін шолудың мүмкіндігі туды. Том-том істерді қарап, санам толықты. Бума-бума деректерді оқып, байыбым мен пайымым артты.

Патшалық Ресей тұсындағы мұсылман қозғалысы, Бүкілресейлік мұсылман съез­дері, Алаш қозғалысы, Жалпықазақ съез­дері, Алаш бағдарламасы, Бірінші дүниежүзілік соғыстың бейресми шын­дығы, Автономия үшін күрес ақиқаты, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Зәки Уәлиди Тоған, Мұстафа Шоқай, т.б. тұлғалар, «Қазақ» газеті, «Бірлік туы» газеті, Ташкенттің Алаш кезеңі, Қо­қан­­да құрылған Түркістан автономия­сы, Орталық Азия қайраткерлері ара­сындағы байланыс, Алаш пен больше­визм текетіресі, Азаматтық соғыс шындығы, Кеңес платформасындағы Алаш қай­раткерлерінің еңбегі, саяси қуғын-сүргін – бәрін Хайретдин Болғанбаевтың өмір жолы негізінде зерделедім. Оны бүкіл қазақ хал­қына ортақ тұлға, елі үшін туған қай­раткер, қаламгер екенін дәлелдеуге тырыстым.

Хайретдиннің әкесі Әбіш (Әбдірахман) – Меккеге барып, қажылық парызын өтеген діндар. Сонымен бірге Хайрекеңді ауыл молдасына беріп, Ақмола қазірет-қалпелерінің тәлімін көрсеткен. Сөйтіп, солтүстіктің жасөспірімін сонау Қазақ елінің батысындағы (Орынбор) «Ху­саиния» медресесіне оқуға береді. Сұрақ туады: Әбдірахман қажы неге мына жа­қынырақ жердегі Омбыға оқуға бермеді? Бұл – діндар азаматтың ба­ғытымен, түсінік-талғамымен байланысты дүние. Біріншіден, нағашы бабамыз, сірә, түрік­шіл болған. Исмайыл Гаспринскийдің «Тәржіманын», Мұхамеджан Сералиннің «Айқап» журналын оқып тұрған. Сол арқылы татар зия­лыларын жақын тұтып, тілі, ділі, түсінігі бір жәдитшіл «Хусаиния» медресесін таңдаған. Екіншіден, бала­сының жер көріп, ел танығанын қалаған. Бұл – «ұлттың тұтастығына қызмет ет­сін!» деген арман. Расында, солай болды. Хайрекең Орынбор медресесінде оқып жүріп, жаз айларында Ақмешіттегі Қо­ңыратбай әулетінің қос жеткіншегі – Әлібек пен Әуелбекті (кейінгі атақты ғалым, қаламгерлер) оқытты. Үшіншіден, дін­дар әкенің «балам жақсыға жақын жүр­сін!» деген тілегін Алла оңғарып, Хай­ретдин шәкірт күнінен Орынбордағы «Қазақ» газетімен байланыс орнатты. Әли­хан, Ахмет, Міржақыптардың батасын алды. Төртіншіден, осы үш таным, үш баспалдақ Түркі дүниесіне қызмет еткен Мұстафа Шоқайдың қасына алып келді. Бірлесіп шығарған газет аты «Бірлік туы» еді. Хайретдин ұлттың да, түркі ха­лықтарының да бірлік туына адал болып қалды.

Хайретдин Болғанбаев – Алаш ұранды Жалпықазақ Бірінші съезіне де, Екінші съезіне де делегат болып қатысқан аз тұл­ғаның бірі. Бұл кезде ол жасы 21-дегі жігіт екен.

Иә, Х.Ә.Болғанбаев Түркістан тұтас­тығына қызмет етті. Ол «Қазақ» газетіне 1917 жылы 2 желтоқсанда жолдап, 18 желтоқсанда жариялаған «Телеграм. Түр­­кістан автономиясы» атты хабарламасында: «27 нойабырда Қоқантта уалаят мұсылман сиезі болды. Жерлі «Түр­кістан автономиясы» жарияланды. Халық шат­тықпен қарсы алып тұр. Уа­қытша ұлт мәжілісі – жаңа үкімет сайланды. Ғинуарда Түркістанның ушередителни сабраниасы шақырылады. Үкі­меттің уақытша тұратын орны – Қо­қант» деп жазды.

«Бірлік туы» газетіне 1918 жылы 30 наурызда «Бортаң» деген псевдонимімен жазған «Өзгерістің бір тәулігі» атты ма­қаласын оқиық: «Әктәбірден кейін мемлекет ішінде талан-тараж бұрынғыдан да жаман күшейді. Жалпы халық пен байлар арасындағы өшпенділік шектен асты. Русияның көп шахарлары олар­дың хүкіметі танымаған соң бәрін бәлшеуиктер ішінде бір уақыттың өзінде әлде неше жерлерде соғыстар болып жатты. Бәлшеуик бүліншілігі басталысымен-ақ Русиядағы тегі бөтен жұрттардың бәрі іргелерін бөлек салып, өз бастарының қамын қарастыруға кірісті. Соның үшін олардың бәрі өз алдына афтономиялар алған етіп, өз тізгіндерін өздері ұстамақ болды. Баста бәлшеуиктердің өздері де әр жұрт өз тізгінін өзі алсын деген жарлық шаш­қан еді. Соңынан ол жарлықты екін­ші мағынаға бұрып, афтономия алған жұрттардың да істеріне қол сұқпақ болды. Сонымен бәлшеуиктер оларға да қарсы соғыс ашты. Ақырында қару күшімен жұрттың бәрін қамыстай жапырып, жаңа жасалған афтономиялардың күлін көкке ұшырды…»

Міне, шындық! Төңкерістің бүкіл ақи­қаты, Алаштың амалсыз тығырыққа тірелген бүкіл трагедиясы осы дәйексөзде тұнып тұр.

Ал Түркістан автономиясының немесе мұхтариятының шындығы бұдан да ауыр еді. Большевиктер бүкіл әскери күшті Қоқанға төгеді. Бала-шаға, қария, әйел заты демей, барлық жан баласын он бір күн, он бір түн қынадай қы­­рады. Мұны Хайретдин Болғанбаев («Бортаң») «Бірлік туына» (15.03.1918) «Тұла бойлары қан сасиды» деп жазады. Әрине, большевиктерді сипаттап отыр. Қайраткер ә дегеннен: «31-ші ғинуардан 10-шы феуралға шейінгі күндер Түркістан халқының есінен өмірінде шықпас. Ол күндерде адам-хайуан өзінің бет аузын Түркістан халқына ашық көрсетті. Ол күндер Түркістан тарихында сиямен емес, қанмен жазылатын күндер!» деп трагедия­дан ақпар беруден бастайды.

Қаламгер жазбасының мына жолдарын бейжай оқу мүмкін емес: «Сорлы Түркістан! Сен кеше бостандық болды, теңдік күн туды деп қашанғы жоғалтқан еркіндігіңе талпындың ғой. Сен Ресейдің үлкен өзгерісінің буына желігіп, баяғы айбыны күшті Темірің мен ақылы дана Бабырыңды еске алдың ғой. Жоқ, босқа алданғансың! Шеттен келген буменен өлген теңдік тірілмейді. Сен ол тең­дікті шын өксіп, анық сағынған бол­саң, өзгеріс буы өзіңнен шықсын! Сырт­тан – Ресейден, Еуропадан келген өзгеріс буы саған әл болмайды. Сен әлі тоңсың, күнің ыстық болса да саған әлі бостандық қызуы кірген жоқ. Енді мына көз алдында судай аққан кінәсіз қан сенің бойына жылу жүгіртсе, сонда ғана жылынасың. Сонда ғана Темірлер мен Бабырларды көресің… Аһ, айнала қан сасиды!.. Енді мен бұл қанды көріп бұрынғыдай тоң болып қала алмаймын. Бұл қан мені ұйықтатпайды. Бұл қан көз алдымда тұрғанда, калың мақ­талы дүрия көрпені жылы жамылып жата алмаймын. Тұншықтырады …түсіме енеді».

Дәл осылай ақиқатты намысты жанып айту, бейнемен де, тура суретпен де жеткізу – әрі өжеттік, әрі «ар ісінің» жөні. Ақын Мағжанның «бір кемі жоқ, бір теңі жоқ» деуінің астары да, сыры да осында болса керек.

Хайретдин Болғанбаевтың қаламгерлік аясы, қайраткерлігі қазақ ауданынан асқанын дәлелдейтін дерек бір бұл емес. 1934 жылы Түркия астанасы Ыстанбұлда Жафер Сейдахметтің ыждағатымен «Гас­паралы Исмаил бей» атты жинақ шығады. Бұл – түркі дүниесінің жұлдызы биік тұлғасы И.Гаспринский қазасының 20 жылдығына арналған естелік кітап еді. Осы жинаққа большевиктік қуғын-сүргіндегі Х.Ә.Болғанбаевтың «Исмағилбек Гас­принскийдің жылы» («Қазақ» газеті, 15.04.1915) атты мақаласының түрікше нұс­­­қасы енеді. Автор қазақ зиялылары атынан: «Жылдар түгіл, ғасырлар өтсе де ұлт ба­ласының жүрегінен жойылмайтын бір қазаға біздің Русиядағы түрік тұқымы душар болды. Сол күні ұлтымыздың ке­меңгер атасы, көсемі, ардақты Исма­ғил­бек біздің арамыздан мәңгілік жайына қайтты. Неше миллиондаған түрік балаларын артына жетім қалдырды. Бұл хабардың Русиядағы бүкіл түрік-татар жұртына қаншалық батқаны уақытында матбуғат жүзінде жазылған қайғылы ма­қалалардан көруге болады. Русияның һәр тарапына газета басқармаларына келген сансыз телегірәм бұл қазаның жалпы болғанын көрсетті. Мызғымас атамыздан айырылдық, қайыспас қорғанымыз құлады деп, көздің жасын көл қылып жазған мақалалармен матбуғат жүзі толды. Біздің қазақ жұртында бір рәсім бар: ардақты жұрт адамының опатына бір жыл тол­ғанда, бүкіл ел ол адамды жоқтайды. Оның жақсы мінездері, үлгілі істері кейінгі нәсілге ұмытылмай қалуы үшін оның ғұмырында қылған қызметтерін санап жоқ­тау айтады. Біз де бүгін сол рәсімді істеп ұлұғ бабамыздың ұлұғ істерін, түзу бағы­тын жұрттың есіне саламыз» деп жазды. Ал осы еңбектегі түйін сөз әлі көкей­кестілігін жойған жоқ. Ол мынау: «Рах­­метті бабамыздың көздеген арманы ұл­тын ілгері бастыру еді. Түскен жолы ұл­т­ын сүю еді. Біз, шәкірттеріне де, бұлар – па­­рыз. Бұл істерін ұмытпау – біздің борышы­мыз».

Қайраткер Х.Ә.Болғанбаев большевизм орнағаннан кейін білім және баспасөз саласында қызмет етті. Ташкентте, Қызыл­жарда оқу ісінің меңгерушісі болды. Ол – іргетасы 1918 жылы Ташкентте қалан­ған ұл­тымыздың ең алғашқы жоғары оқу орны Абай атындағы ҚазПИ-дің негі­зінде тұр­ған оқытушылардың бірі. Бұл – кезінде А.Бай­тұрсынұлы аялдаған «Ки­рин­прос» (Қазақ ағарту институты). Сондай-ақ Ар­хан­гельск, Сыктывкарға айдалып келген соң, Келес (кейін Сарыағаш) ауда­нындағы Қа­­пыланбек зооветтехникумында сабақ берді.

1929 жылы 12 қаңтарда НКВД тергеу­шісіне берген жауабында Хайрекең: «Мен совет құрылысының өміршеңдігіне және оның ұзақ тұратынына сенген жоқ­пын. Оны уақытша деп ойладым. Со­вет өкіметінің көп шарасы (мысалы, разверстка, т.б.) халықтың ашу-ызасын тудырғаны белгілі еді. Сондай-ақ мемлекет тағдырын шешуге қазақ халқы қатыспайтыны да мәлім болды. Ол орыс хал­қының қолындағы нәрсе еді. Сондықтан халықты билікке қарсы қоюды, үгіттеуді ойлаған емеспін» дейді (ҚР Қауіпсіздік комитеті архиві, 6-қор. № 011494-іс. Т. 1. 167–181-беттер).

НКВД хаттаған құжаттарда, сұрақ-жауаптар қорытындысында Хайретдин Болғанбаевты «Совет өкіметіне қарсы шпиондық-дивер­сиялық, террорлық ұйымның мүшесі» деп көрсетеді… Мұндай анықтаманың бәрі қолдан құрас­тырылған екені мәлім. Алаш зиялыларының отаншылдығын, позициясын осылай бағалаған өкімет оларға не жаза беретіні түсінікті еді. Бірінші Сібірге айдады. Екінші Алматы НКВД-сы абақтысында атып, Талғар ауданы жеріне (Жаңалық ауылы) түнделетіп жасырын көме салды. Бұл 1937 жылдың 23 қарашасы еді… Арада 20 жыл өткен соң, «Аққа Құдай жақтың» кері келіп, атамыз 1957 жылы 24 тамызда ақталды. Азапты күндердің әрбір сәті, күні, аптасы, жылы анамыз Гүлнар Болғанбаеваның «Әкем Хайретдин және тағдыр тағылымы туралы ақиқат» естелігінде жазылған.

ҚР Қауіпсіздік комитеті архи­він қарап жүріп, СССР НКВД-сының №10702, №26411 істері қо­сымшасынан Хайретдин Бол­ғанбаевтың фотосуретін, паспортын, қызметі мен жеке ісіне, тергеу амалдарына байланысты анықтамалардың, құжаттардың түпнұсқасын таптым. Бұлар – хайретдинтанудың елеулі олжасы. Оқырманға ұсынған кітабымда осының әрбіріне тоқталдым.

Қазақ «Атаңның баласы болма, адам­ның баласы бол!» деп өсиет айтады. Ұлы Абай да осы ойды жаңғырта отырып, өлеңінде әкесі Құнанбайдың тарихтағы орнын айқындап берген. Біз де Алаштың кемел тұлғасы Хайретдин Болғанбаевтың Қазақ елінің лайықты мақтанышы екенін дәлелдеп, тарихи орнын жаңа деректер негізінде бағаладық.

Достық КӘМЕЛОВ,

саясаттанушы

© egemen.kz

Сол сияқты қараңыз

Пікірлер орны

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Scroll to Top

Поделиться

Facebook
VK
OK
WhatsApp