Ой-толғау

Қазақтың байлары мен діни тұлғаларының қуғындалуы

Ел тарихындағы дәулет иелері байлар мен діни тұлғалардың орнын зерделемей қоғамның даму жолын, болашағын зерттеу мүмкін емес. Ел мүддесіне дұрыс қызмет ететін адамдар, сол қоғамның басты өнімі. Ғылымды, технологияны дамыту керек, бірақ оны мемлекетте дамытатын тәрбиесі күшті, білімді және көзі ашық адамдар екендігі анық. Елдің тұрмысы мен мәдениетіне қалтықсыз қызмет ететін ұрпақтың қатарын қалыптастыру, қай уақытта да өркениеттіліктің берік қағидасы болған.

Жеке адам болмысының, халықтың әлеуметтік танымының рухани негіздерінсіз қоғамның табиғатын, мүмкіндіктерін (болашақ қалыптасатын) күні бұрын білу де қиын. Мемлекет болашағына қажет дүниелерді қалыптастыратын мемлекет азаматтары болғандықтан, негізгі міндет зиялыларға, қоғамның өзіне келіп тіреледі. Себебі әлеуметтік болмыс дегеніміздің өзі мәдениет. Халықтың ұлттық тәжірибелері мен құндылықтары негізінде қалыптасып отыратын қоғам болмысы, ұрпаққа өзінің мәдени келбетін ұсынып отырады. Ал ел мәдениеті ғылыммен қоса атамекен жағдайына, әсіресе оған икемделген шаруашылық пен дәстүр, білім, кәсіп түрлері арқылы дамиды. Осы себептен ғылымды, жаңа техника мен технология түрлерін жасағаннан ұлттың құндылықтарын қалыптастыру, оны қайта қалпына келтіріп отыру, әсіресе оны қорғауда адал қызмет ететін адамдардың қатарын көбейту күрделі болып келеді.

Мемлекет ұлттың өзі тұрғызатын ортақ үйі, ал оның тәжірибесінен елдің болмысы мен мәдениетінің ерекшеліктерін түсіну қиын емес. Мемлекетті қалыптастыру үшін қаншама уақыттың, күштің жұмсалатыны белгілі.  Әр ұрпақ буын тәуелсіздікті қадірлесе, ел өмірінде ұлттық мүддені қорғау дәстүрі жалғасқан сайын ұлттық болмыстың да нығая түсері анық. Ұлттық мүддеге қатысты мәселенің өзіндік санаға, қоғамдық сана формаларына тәуелді келетіні осыдан да белгілі. Тарихи шындықты тұтастай зерделеп, оның білімін ұлттық идеяны дамытуға пайдалануда халықтың да ұлттық талғамы терең болуы қажет де есептейміз. Ұлттық талғамның терең болуы тарихи санадан шығады, өйткені қоғамның әлеуметтік танымы барлық кезде тарихпен (ондағы ұлттық санамен) ұштасып жатыр. Ұлттық идеология да елдіктің негізінде, ұлттық сана арқылы жетіліп отырған.

Дәстүрлі қоғам құндылықтарының рухын негіздейтін ұлттық сана барлық кезде бірдей ояна бермеуі мүмкін. Бірақ зиялылары бар қоғамда халықтың бойындағы ұлттық намыс, тарихи сана көп жағдайда қоғамдық сананың терең, әрі толық күйде қызмет атқаруына негіз болып отыратындығы анық. Бұған тарихымыз толығымен мысал бола алады.

Кешегі кеңес қоғамында қазақтың байлар мен діни тұлғаларының жаппай  қудалану себебі, олар қоғам ішінен ұлт зиялыларының жаңа буын өкілдерінің қалыптасуына, яғни қазақ халқының мәдениетіндегі тұлғалық дәстүрдің қайта жандануына әсер етті. Мәселен алаш зиялыларының қалыптасуында да сол кездегі қазақ байларының (діни тұлғалардың) қызметі ерекше көзге түседі. Жүсіпбек Аймауытов «Мағжанның ақындығы туралы» мақаласында былай дейді: «Кәсібі мал баққан, әлеуметі ру басыға бағынған жұртта тап жігі, байлар, кедейлер табы деген нәрсе анық болмайды…

Патшаның отаршылдық, озбырлық саясаты кімнің болса да, арқасына аяздай батты. Қазақтың жерін тілгілеп, келімсек мұжықтарға аударып әпере бастады, тілін бұзуға, дінін бұзуға ауылнай, школ, миссионерлер тартты, әдет-ғұрпын, салт-санасын өзгертіп, орысқа бас изеуге жаңа закон, мировой судья, крестьянский начальниктер шығарды. Қазақты ішінен тоздыруға сайлау (штат) деген шырға тастап, өзді-өзін жұлыстырды, қырқыстырды. Полиция, стражник, урядник, казак-орыстың қамшысы қазақ даласын жайлады. Қазақтың бұрынғы елдегі берекесі кетті, партияға кіруге, азуға, тозуға айналды: ұлыққа жағынып, шен алуға, кектескен жауын мұқатуға ел билеген жуандардың аяған құралы болған жоқ. Өтірік, өсек, шағым, ұрлық-зомбылық, айдату, байлату қабындады. Патшаның оң көзі боламын деген соғылғандар тыңшылыққа жазылып, елдікті, жұрттықты шен-шекпенге сатты. Қазақтың басына туған осындай қара күндерді көз қарақты азамат көрмеске, сезбеске, қайғырмасқа болмады; көрді, қынжылды, жанға батқан соң ашынды, ұлт сезімі ояна бастады» [1. 405-б.].Қазақ қоғамы дәстүрлі қоғам болғандықтан бұнда, белгілі бір әлеуметтік институт өкілдері, өздеріне тиесілі міндетті бірнеше бағытта атқара алады. Бұл қоғамда бай болу алдыменен елдің шаруашылығын түрлендіру, ел мен жердің тағдырына жауапты болу үшін қажет, әрі міндет. Осы міндетті қиыншылығы мол уақытта кез келген адам жауапкершілікпен атқаруы керек. Діни адамдар байлармен бірге елдің тұтастығын, ұрпақтың ұлттық бірегейлігін сақтауға қызмет еткен.

Қоғамда тарихы мен шаруашылығын білетін, саяси мәдениеті жоғары адамдар көп болса, бұндай қоғамды сырттан қасақана өзгерту қиын екендігі белгілі. Ұлт мәдениетін толығымен күйретудің ең оңай әдісі, соның ішінде нәтиже беретін әдіс бұл сананы өзгерту, елдік сананы өшіру болып табылады. Ұлт зиялылары бар жерде сана ел мүддесіне қайшы түрде өзгермейді. Өйткені сырттан келетін нәрсе қоғамдық санаға, соның негізінде тұрған ұлттың санасына ене алмайды. Мұрағаттағы байларды тәркілеуге қатысты деректерге сүйенсек, кеңес үкіметі тұсында байларда ең көп дегенде он жұмысшы ғана болған. Оларға тағылған айыптың бірі адамдардың еңбегін пайдаланды, ақысын жеді деген. Егер байларда азғантай жұмысшы болса қалған адамдар, яғни халық немен және қалай күн көрді деген сұрақтың туындайтыны анық. Әлихан Бөкейхановтың айтуы бойынша, сол кездегі жайылымы бар қазақтардың барлығы да асыл тұқымды қой өсірген. Соның ішінде Семей, Ақмола және Торғай өңірлеріндегі қазақтарда жан басына шаққанда (ірі қара малды есептемегенде) орта есеппен бір адамға 6-9 бас қойдан келген [2.55-б.].

Қазақ тарихындағы орын алған оқиғаларға, оған төтеп берудегі қоғамның рухына қарап, мемлекет пен оның иесі ұлтты сақтайтын үш ақ нәрсе екендігін ұғыну қиын емес. Олар философтар айтқандай мораль, дін және құқық. Осы үшеуі болса, оларға мемлекет тарапынан көңіл бөлініп отырса қоғам өзінің беріктігін сақтап отырады. Кешегі уақытта (патша, кеңес билігі тұсында) қазақ қоғамындағы осы үш негізгі игіліктерге ерік берілмеген. Керісінше, қоғамдық сананы моральдық қағидалар, дін мен құқықтық мәдениет негізінде жаңартып, уақыт талабына икемдейтін ұлт зиялыларын жою саясаты мықтап жүргізілді.

Дінсіз, ұлттың дәстүрі мен құқықтық мәдениетінсіз кез келген моралдың қоғамның игілігіне айналмайтындығы анық. Осы себептен кеңес қоғамында жүргізілген коммунистік идеологияның ешқайсысы қоғамның иілігіне айнала алмады. Адамдардың күші шексіз пайдаланылды, қоғам игілігіне пайдасы тиетін нәтиже аз болды. Әсіресе қазақ қоғамы үшін солай болған. Соның ішінде кеңес қоғамында жүргізілген саясаттың нәтижесіне көңіл бөлсек, егер моральдық ережелер ұлттың еркіндігіне қайшы келетін болса, қоғам өмірінде эволюциялық жолмен мәдени өзгерістің болмайтындығын көрсетеді. Күштеп жүзеге асырылған өзгеріс қоғамды тығырыққа тіреп тастады. Тығырыққа тірелген қоғамның ұлт пен адам өмірін қандай апатқа, қиыншылыққа әкелетіндігін осыдан да көруге болады. Әсіресе діни адамдардың басым көпшілігі кеңестік саясаттың, ел мүддесіне қайшы әрекетін сынаған қарапайым пікірі үшін де қудаланған.

Кеңестік идеологияның негізгі принциптерінен де, адамның ұлттық табиғаты мен құндылықтық түсінігін жойып жіберуге бағытталған әрекеттерді көру қиын емес. Қоғамды тегістей өзіне тәуелді ету, белігілі бір шеңберде ғана жүретін сананы қалыптастыру әдістері, сол кезде жүргізілген саясаттың негізгі принципі болып табылады. Қоғамға аса қажет, оның болашақта өркениеттік сипатын айқындап отыратын институттарды жоюдың зияны осында жатыр. Мәселен 1928 жылы 12 қыркүйекте, Ақтөбе округтік комитет бюросының жабық түрде өткізген отырысында мынадай мәселе қаралған. Бұнда байлардың мал мүлкін тәркілеуде коммунистердің қосымша отрядын құру, оған қазақ тілін жетік меңгерген және әскери істерді жүргізе білетін (аяғына дейін шыдамдылық таныта алатын) адамдарды тарту көзделген. Сонымен қатар топ құрамындағы адамдарға жеке дара үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, құпияны сақтау қатаң ескертілген. Ақтөбе, Шалқар және Темір аудандарында құпия түрде құрылатын отрядқа бірнеше қару түрлері, қаржы бөлінетіндігі жазылан. Қажет жағдайда байлардан тартып алынған жылқыларды пайдалануға да рұқсат берілген. [3. 28-29 п].

Тәркілеуден, ашаршылықтан, зиялыларды жаппай қудалаудан туған халық бойындағы қорқыныш, үрей осылайша қоғамның бойындағы ұлттық сана мен қоғамдық сана түрлерін өзгертіп жіберді. Байлармен бірге діни адамдарды да қудалауда халықты жікке, бір-біріне қарсы қою әрекеттері орын алып отырған. Діни адамдарға қылымыстық топ құрды, олар құрған қарақшылық топта қару болған деген сияқты айыптар тағылған. Мәселен Ақтөбе облыстық мемлекеттік мұрағатының 63 қор, 2 тізбе, 101-ші істе Жаналиев Хұсейін ишанды қудалауға қатысты мынадай деректер кездеседі. Құжатта Хұсейін ишан кеңес өкіметіне қарсы бандалық топ құрды, оны қаруландырды, сөйтіп билікті басып алуға әрекет етті деп айыпталған. Адамдарға ишан Жамалиевтің әрекетін әшкереледі деп, «Байлардың контрреволюциясымен белсенді күркескені үшін» деген арнайы алғыс хат, 1 адамға 300 сом, қалған екі адамға 100 сомнан ақшалай сыйлық және костюм тігіп киюі үшін 50 метрлік қымбат матадан өлшеп беруге шешім шыққан. [4. 22-23 п]. Ұлт зиялыларын қудалаумен қатар, қоғамға іріткі салу үшін жүргізілген бұндай деректер мұрағат құжаттарында жиі кездеседі

Асанқайғы бабамыз қой арқасына бозторғай жұмыртқалаған заманды бекер айтпаса керек. Патшаның, одан кейінгі кеңес заманында қазақтың адамы түгіл, төрт түлігіне де тыныштық берілмегенін ескеру қажет. Ал «бай» ұғымы кеңес үкіметіне қарсы бас көтерген адамды өтірік жала жауып, қудалаудың құралына айналды. Қарсы келетін, шыншыл адам болса малын тартып алып, соттап жіберетін болған. Сол себептен қудаланған байлардың тізімі жылма жыл, ай сайын емес, күн сайын өсіп отырды. Ал шын мәнінде қазақтың сол кездегі ауқатты адамдары даналық иесі, батыр да, би де болғандығы анық. Олардың ішінде саяси мәдениеті жоғары адамдар аз болмаған. Жазықсыз адамдардың «бай», «атқа мінер», «бандит» деп танылып қудаланғаны сондай, мұрағат құжаттарындағы деректер әр түрлі және әр қырынан көрінеді. Олардың арасында күні бүгінге дейін есімдері елеусіз қалып жатқандары да жоқ емес. 1928 жылы күз айларында Ақтөбе облысы бойынша 70-ке жуық байдың мал-мүлкі тәркіленсе, бұл сан бұнымен шектелмей жыл сайын ұлғайып отырған. Яғни байлар мен діни адамдарды қудалау одан кейін де жалғасты. Мәселен Ақтөбе облыстық мемлекеттік мұрағатының 707 қорында, қудаланған байлар мен діни тұлғалардың бір бөлігінің бақылау істері сақталған. Бұнда әртүрлі жағдайлар кездеседі. Басым көпшілігі сотталған, алаш зиялыларына қолдау көрсетті, ауыл советті басып алуға әрекеттенді, малын жасырды деген айыптар тағылып сайлау құқынан айрылғандығы жазылған. Осы қордан табылған байлардың тізіміне тоқталсақ, Ырғыз ауданынан Самай Айымбетов, Көбек Бәженов, Байзақ Жиломов, Ғұбайдолла Баймағанбетов, Жұмабек Бисембаев, Бисеналы Демесінов, Күздеу Жарымбетов, Елеусіз Жарымжаров, Үйтеке Жаулыбаев, Байзақ Жылымов, Махан Жүндібаев, Нұрлымбай Қуанышев, Имаш Оразымбетов, Ібжан Орашев (Ибжан Орашев), Рәтжан Отарбаев, Каратин Сүлейменов (Каратин Сулейменов), Ысқақ Тілеубергенов, Хайролла Төлеубаев, Балшықбай Үкібаев, Көпбай Шолтанов, Сәндібай Шолтықов, Сүйінғазы Шәмилбаев және тағы да басқа кісілер бар.

Темір ауданынан Нұрлыбай Құлменов, Манаш Жандәулетов, Тәжімағанбет Ақманбетов, Жаңылған Аманбаев, Айтжан Қылышев, Алдияр Тынымсейітов, Сейіт Бекенов, Ибат Наурызғалиев, Қалмағанбет Қалиев, Қарақұл Төлешов, Сахау Шұңғылов, Жайылхан Аманбаев және т.б. [5]. Бұлардың ішінде сол кезде басқа елге қоныс аударып кеткен кісілер де бар.

Қазақтың дүниетанымында дәулет өз иесімен деген түсінік ертеден қалыптасқан. Бұның мағынасы әр адамның ырысы, несібесі өзімен бірге келіп, бірге кетеді дегенді білдіреді. Батыр, би мен жырау, кемеңгер діни адамдардың халық үшін дүниеге келетіні секілді, байға дарыған дәулетте елдің игілігі үшін келеді. Бұны сол кездегі қазақтың өзі де білді. «Бір қозы артық туса, бір түп жусан артық шығады» делінген қазақ руханиятында. Қазақтың балаға ат қоюында да ел тілегімен үйлесетін таным, түсінік бар. Ал Әйтеке би данамыз,

Бай болсаң халқыңа пайдаң тисін,

Батыр болсаң жауға найзаң тисін.

Бай болып елге пайдаң тимесе,

Батыр болып жауға найзаң тимесе,

Елден бөтен үйің күйсін – деп байлық пен ерліктің елдік арқылы тереңдейтін мәнін түйіндейді [6. 85-б.]. Ұлтымыздың руханияты мен билер даналығындағы ерлік пен дәулет ұғымының мәніне зер салсақ, бұлардың негізінде ел игілігімен байланысты идея, биік ұстаным, ұлттық мұрат белгісі жатқандығын көреміз. Ал бұның бәрін аяқасты ету тек қана, кешегі қасақана жүргізілген солақай саясаттың қолынан ғана келгендігі белгілі. Осыған қарсылық білдіріп, жеке ойын айтқан адамдар жаппай жазаланды. Мәселен Ақтөбе облысының Темір ауданында Ақмамбетов Тәжмағанбет деген молда кісіні, кеңес өкіметіне қарсылық білдірді, байлармен байланыста болды деп айыптаған. Ол ауыл адамдарының пітір садақа беруге қатысты қойған сұрақтарына, «Пітір садақаны тек өз мемлекетіміздің басшысының бұйрығымен беруміз керек. Қазір бізді басқарып отырған кеңес билігі, өзіміздің патшамыз емес. Елді басқалар билеуде. Сондықтан пітір садақа беруге міндетті емессіздер. Астық (бидай) түрінде де төлеуге болар еді, ал кеңес билігі бұны пайдаланып астықтың құнын көтеріп отыр» деп айтқан жауабы, сонымен қатар ауылдағы коммунистердің «адамдардың арасында кеңестік саясатқа қарсы неге іріткі саласың?» деген сұрағына, «Қазіргі уақытта өзіміздің басшымыз түгіл, мемлекетіміз де жоқ. Коммунистік билікте түрлі шайтандар отыр. Сол шайтандардың сөзін алға тартып жүрген сен де шайтансың…» деп айтқан сөзі үшін қуғындалған [7. 3-4 п.]. Сол кездегі қудалауға іліккен байлар мен діни адамдардың пікірінен (мұрағаттағы жеке істеріне тіркелеген), саяси жағынан да сауатты адамдар болғандығы білінеді. Мәселен осы Темір ауданындағы Аманбаев Жайылхан ишан кеңес үкіметінің астық жинау науқанын сынап, «Бұл үкімет ұзаққа бармайды, ол шаруалардан астық өндіруді өз мақсатына пайдалану үшін жасауда. Астық пен ақшаны халықтан сол үшін жинауда. Шаруалардың облигациясы да халықты алдап, еңбегін пайдалану үшін шығарылып отыр. Облигация бұл ешқайда және ештемеге жарамайтын құр қағаз ғана» – деп айтқан сөзі үшін айыпталған [8.4-п.]. Осындай жеке көзқарасы үшін айыпталып, кейін қуғын-сүргінге ұшыраған адамдардың есімі мұрағат құжаттарында көп кездеседі.

Кеңес үкіметі байларды қудалауда елді үлкен шығынға ұшыратқан. Тартып алынған малдың басым бөлігі басқа мемлекеттерге жіберіліп отырғандығы айтылады. Қалғаны (малдың басын көбейту үшін деген желеумен) адамдарға бөлінді. Бөлінген малды қарапайым халық өз еңбегімен өсіріп, үкіметке көбейтіп беруі тиіс. Өз қажетіне пайдалануға болмайды. Мәселен бір отбасыға бір сиыр бөлінсе, оның (малдың өзін бағумен қатар) төлін, сүтін жыл сайын үкіметке тапсыруы керек. Астық дайындауда да солай. Бұдан кейін елде, халықта қор болмай ашаршылық орын алды.  Тарихшы ғалымдарымыз айтқандай қазақ ұлтының жартысынан көбі ашаршылықтың, сол кездегі қуғын-сүргін саясатының құрбаны болды. Бұның барлығын бұдан әрі зерттеу, бүгінгі ұрпақтың алдында тұрған зор міндеттердің бірі деп есептейміз.

Ұрпақты даналыққа, кісілікке тәрбиелеу, дін мен ділді сол арқылы жерді жаудан қорғап отыру, қоғамның интеллектуалдық өрісін кеңейтіп отыру ісі сол кездегі қазақ қоғамында байлар мен діни тұлғаларға жүктелген міндеттің бірі болған. Олардың тағылымынан түйеріміз, адамның қоғамға сөзі жүруі үшін ең әуелі оның беделі болуы керек. Бедел бұл адамның қоғамына тиер пайдасының болуы, адамның жалпыға ортақ, елге игілік пайда әкелетін мол тәжірибені жинақтай алуында. Адамның рухани қасиет түрлерін толығымен иеленуін қазақ алдыменен рухтың байлығы деген. Осы рухы бай адамдар қазақ қоғамында ұлт тұлғалары қатарына қосылып отырған.

 Әдебиеттер:

  1. Жұмабаев М. Шығармалары: Өлеңдер, поэмалар, қара сөздер. – Алматы: Жазушы, 1989. – 448 бет.
  2. Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан шығармаларының 7 томдық толық жинағы. – Астана: «Сарыарқа» БҮ, 2009. – 566 б. – ІІ-том.
  3. Ақтөбе облыстық мемлекеттік мұрағаты.-9 қор, 1 тізбе, 14 іс. – 28-29 пп.
  4. Ақтөбе облыстық мемлекеттік мұрағаты.-63 қор, 2 тізбе, 101 іс. – 28-29 пп.
  5. 5. Ақтөбе облыстық мемлекеттік мұрағаты.-707 с. қор, 3 тізбе, 5-34  іс.
  6. Есламғалиұлы М. Әйтеке би (Тарихи философиялық диалогия) // Жұлдыз. – 2003, №5. 82-118 бб.
  7. Ақтөбе облыстық мемлекеттік мұрағаты.- 707 с. қор, 2 тізбе, 20 іс.-2-3 пп.
  8. Ақтөбе облыстық мемлекеттік мұрағаты.- 707 с. қор, 2 тізбе, 21 іс.-4 пп.

Сәрсембин Үмбетқан Қуандықұлы,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің кафедра меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты

 

Осы айдарда

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button