Тамұқ

1932 жылдың наурызында құрылған Ақтөбе облысының құрамына Қос­танай мен Торғайға қарасты Батпаққара, Жетіғара, Меңдіғара, Семи­озер­ный аудандары мен қазіргі Орынбор облысының Ақбұлақ, Адамов аудан­дары, Қызылорда облысының Арал аудандары да кірген еді. Жаңа әкім­шілік құрылымға енген аудандардан қанша адам қосылды деген сұрақ­қа жауап жоқ. Сол кезеңде көшпелі және жартылай көшпелі аудандарды оты­рықшыландыру саясаты ең шырқау шегіне жетіп, жұрт ауыл-ауылы­мен қы­рылып жатқанда, адам есебін жүргізу жабық тақырыпқа айналған.

Босқыншылыққа ұшыраған халық

Ақтөбе облыстық мұрағатынан алған деректерде, 1932 жылдың 11 қазанында облыс тұрғындарының саны 248 мың 626 адам деп көр­сетілген. Мұрағаттан 1921 жылдың наурызында Ақтөбе губерниясы бо­йынша жүргізілген санақ қоры­тындысын да таптық. Мұнда губерния тұрғындарының саны 501 мың 637 адам деп анық жазылған. Соңғы мәлімет 1921-1922 жылдың аштығы бас­талардан бұрын жүргізілген санақ­тың қорытындысы. Кеңес өкіметі­нің сараң статистикасы облыс аума­ғын­дағы әрбір үш адамның екеуі аштық құр­ба­ны болғанын айғақтайды.

Ақтөбе облыстық мұрағатында ашық дерек көздері ретінде аштық салдарымен күрестегі кеңес қызмет­керлерінің есептері ғана сақталған. Торғай, Батпаққара, Ойыл, Табын, Арал, Ырғыз, Шалқар аудандарына арнайы аттандырылған уәкілдердің сараң есептерінен сол кездегі елдің ауыр жағдайы көрініс береді. Уәкілдер ішерге асы қалмаған кедейлердің ауылдарда аштықтан ісіп-кеуіп жат­қанын, жағдайы бар адамдардың елден үдере көшіп кеткендерін айтады. Солақай саясаттың салдарын жуып-шаю мақсатында 1932 жылдың
17 қыр­күйегінен бастап «көшпелі және жар­тылай көшпелі аудандардағы» адамдары аштықтан қырылып, қаңы­рап қалған шаруашылықтар артельдер мен ТОЗ-дарға біріктіріледі. Мәселен, 1933 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша Ақтөбе облысында 32 артель мен 306 ТОЗ құрылған. Елде құрылған Аштарға көмек көрсету комиссиясы ауылдарды аралап, тірі қалғандарға тары мен қара бидай таратумен айналысқан.

1933 жылдың 17 қыркүйегінде ҚазССР Халық Комиссарлары Кеңесі мен Өлкелік комитет жойылған шаруа­­шылықтардан алынған 22 194 бас мал­ды тірі қалған адамдарға таратады. Торғай, Батпаққара, Ойыл, Табын, Арал, Ырғыз, Шалқар аудан­дары салықтардан босатылды. Осы аудандар 1933 жылдың соңын­да 280 мың сом көлеміндегі үкімет­ке бережағы мен 550 мың сом мем­ле­кет­тік несие қарызынан босатылды. Еңсесі көтеріле алмай жатқан ауылдарды Үкімет 1928 жылдан бастап бір­неше салық түрімен жаншып тас­таған еді. Әпербақан ауылнайлар са­лық жинауда бір-бірінен асып түсуге тырысты. Сол уақытта жан басы мен мал басы салықтарынан өзге ауыл ша­руашылығы салығы, сақтандыру тө­лемі, мемлекеттің несие қарызын өтеу де ауыл адамының мойнына түсті.

Аштықпен күрес комиссиясының мүшелері – Майлыбаев пен Досмұха­медов Ойыл ауданы бойынша 1933 жылдың 1 қаңтарында рапорт жазған. Екі уәкіл Ойыл ауданында 22 мың 960 адамның аштыққа ұшырағанын, өздері барған №6 ауылдағы 500 үйдің тең жартысында адамдар аштықтан ісіп-кеуіп, шала-жансар халде жатқанын, 4604 үйге (20867 адам) бір пұт тарыдан таратылғанын хабарлайды. Ойыл өзенінен балық аулау мақсатында алты бригада жасақтағанымен, бірде-бір ауылдан ау таппағандықтан Ақтө­беден балықшы құралдарын шұғыл түрде жеткізуді сұратқан. «Өзен жа­ға­лағанның өзегі талмайды» деген мәтелге қарағанда, балығы тайдай тулаған Ойылдың бойындағы ел аштан қырылуға тиіс емес еді. Үлкен ауданнан бірде-бір балық аулайтын құралдардың табылмауына күндіз-түні үй-үйді тіміскілеп жүрген шолақ белсенділер ғана кінәлі деген ой келеді. Досмұхамедов пен Майлыбаев аштарға көмек ретінде берілген үкі­мет қаржысын жұртқа дұрыс үлес­тірмегені үшін аудан басшыларын қылмыстық жауапкершілікке тартуды сұрайды. Екі уәкіл 1933 жылдың басында Ойыл жерінен босқыншылыққа ұшыраған 10 мың 409 адам үйлеріне қайтып келгенін, соның ішінде Еділ бойынан 233 шаңырақ, Ақбұлақтан (Орынбор облысы) 448 шаңырақ кері қайтқан деп жазады.

1932 жылдың сәуірінде Ойыл ауданында 600 қаңғыбас бала анық­талып, оның 370-і жетімдер үйіне орналастырылған. Ата-анасы аштықта өлген 230 балаға көмек жетпеген. Уәкілдер ауылдардан аштан өлген 35 баланың өлігін тапқан. Қыс бойы Ойыл ауылында жетім балалар топ-топ болып жүріп, қайыршылықпен айналысқан. Адам көрсе, қаша жөне­летін, сүзек, тері ауруларына шал­дыққан бейбақтардың көптігі сонша­лық, бәрін бірдей Ойылдағы 100 орындық жетімдер үйіне орналастыру мүмкін болмапты. Оның үстіне аштық әбден меңдеген адамдар өліп бара жатып балаларын жетімдер үйінің табалдырығына тастап кетеді екен. Жетімханадағы балалар да аш, төсек-орын тапшы, киім жоқ.

1932 жылдың 19 маусымында Шал­­қар ауданына келген арнайы уәкіл­­дер аштарға 16 мың 950 кг тары үлес­­тірген. Олар 1932 жылдың мамыр айы­­ның басында 733 шаңырақ Қара­қал­пақтың Шымбай, Төрткүл, Қо­ңырат, Тахатаралына көшіп кеткенін ха­­барлайды. Шалқар ауданының 18-ші ауылынан 58 үй, 17-ші ауылдан 25 үй, 20-шы ауылдан 155 үй, 7-ші ауыл­дан 100 үй, 2-ші ауылдан 140 үй, 13-ші ауылдан 80 шаңырақ бір түнде кетеді.

 Темір жол жағалаған жетімдер

1933 жылдың басында барлық аудан орталықтарында жетімдер үйі ашылды. Ақпан айында Ақбұлақ балалар үйі 650 орынға, Қостанай 500, Арал балалар үйі 200 орынға, Ойыл 300 орынға кеңейтілді. Табын, Ырғыз, Шал­қар аудандарындағы балалар үйлеріне 100 орын тағы қосылды.

1933 жылдың 9 қаңтарында Халық комиссарлары Кеңесі төрағасының орынбасары Ұзақбай Құлымбетов­тің же­текшілігімен өткен комиссия оты­­рысында мемлекеттен аштарды оңал­­туға берілген көмек, жетімдер үйле­рін­дегі ахуал талқыланады. 1932 жыл­­­дың көктемінде мемлекеттен аш­­­тыққа ұшырағандарға бөлінген
1 мил­­лион пұт астықтың талан-таражға түс­кені де осы жерде айтылған. Ел ішін­де қаңғыбас балалар әлі де көп, жетімдер үйлеріндегі балалардың да жағдайы мәз емес, олар аштық пен аурудан өліп жатыр. Ұзақбай Құ­­лымбетов көшеде қайыр сұрап жүр­ген балаларды жетімдер үйіне орна­ластыруға бөлінген 467 418 миллион сомның қалай жұмсалғанына тексеріс жүргізуді сұрайды. 1933 жыл­дың қаңтарында КСРО Атқару Комитеті Қазақстандағы балалар қаңғыбастығымен күресуге тағы да 22 миллион сом бөлсе, оның 10 миллионы Қазақ АССР бюджетінен аударылған. Мұнда жетімдер үйіндегі бір баланың жылдық шығыны 420 сом деп көрсе­тіледі. Алайда жарты жыл өтсе де, елде бақылаусыз жүр­ген жетімдер өте көп. Осы жиын үс­тінде Ұзақбай Құлымбетов Соль-Илецк қаласында топ-топ болып қайыр сұрап жүрген қазақтың балаларын орналастыруға 25 мың сом қар­жы бөлгізіп, жедел түрде 1 мың пұт астық пен жылы киім сатып алуды тап­сырады. Жетімдерге арналған азық-түлік пен киімдер Сауда және жабдықтау Халық комиссариаты өкі­лінің қатысуымен сатып алынсын деп Соль-Илецк атқару комитетінің төрағасы Делявировке тапсырады. Өйт­кені үлкен қалаларда босып жүр­ген жетімдерді орналастыруға бөлін­ген мемлекет қаржысы талан-таражға түскен.

1933 жылдың ақпанында 136 орындық Ақбұлақ балалар үйі 200 орынға кеңейтіліп, оған темір жол бойында жүрген қаңғыбас балалар орналастырылады. 1933 жылдың 26 ақпанында Ресейдегі «Самара-Златовский» теміржолының директоры Чишим мен Бургульма бекеттері арасында 5 мыңнан астам қазақтың топтасып жүргенін айтып Ақтөбе облыстық атқару комитетінің төрағасы Бұхарбаевқа телеграмма жіберген. Қазақ жерінен Илецк пен Орск ар­қылы келіп, әрі кете алмай «бекеттерде қонып жүрген көшпенділердің теміржолшылар мен жолаушыларға бит пен сүзекті таратып жатқанын» хабарлайды. Бұл «Босқындарыңды теміржол бойынан алып кетіңдер» деген мазмұндағы телеграмма болатын.

Аштар тас бекеттерді паналады

Тамақ іздеген бейбақтар көбіне темір жол бойына қарай шұбырды. Олар топ-топ болып жолаушылар лақтырған тамақ қалдықтарын теріп жеп, бекет жанында от жағып түнгі суықтан қорғанатын. 1933 жылдың ақпанынан бастап ірі темір жол бекеттерінде аштарға тамақ үлестіріле бастады. Қыстың үскірік аязы мен боранынан қорғану үшін жертөлелер қазылды. Адамдар еден орнына қамыс төселген жерде жатты.

1933 жылдың 14 ақпанында Қаза­лы темір жол бекетінде күніне 100 адам та­­мақтандырылатын. Бір адам­ның күн­дік нормасы – 400 грамм қара нан, таңер­теңгілік берілетін 3 қасық ботқа, түскі тамақ – балық не ет сорпасы. Аштар­ға 10 күнге есептелген талондар үлес­тірілген. Алайда азық үлестіруге жауап­ты қызметкерлер талон үлестіру мен ас ішкеннен кейін түгел жинап алмаған. Күштерін жинағандары ауыл­дарына қарай кетсе де, күн аралатып осы жерден табылған. Кері орал­ған­дар Аштықпен күрес комиссиясы уәкіл­деріне жұмыс тауып беріңдер деп талап қойған.

1933 жылдың 10 наурызында ОГПУ комиссарлары Ленский мен Жаманов Ембі теміржол бекетінде жүрген 21 қаңғыбас баланы жетімдер үйіне тапсырған. Олар Ембінің үш ауылдық кеңесі қоймасында 1 пұт бидай мен 10 килограмм ұн, ал Жұрын ауылдық кеңесінде 1 пұт ұн қалғанын хабарлайды. 1933 жылдың 16 сәуірінде Темір ауданында ата-анасы өліп, қаңғып жүрген 463 бала мен 3 жасқа толмаған 103 сәби Қонжар жетімдер үйіне жіберіледі. Қонжар жетімдер үйінде тамақ жетіспеушілігі мен сүзектен әлсіреп, өліп жатқан балалардың көптігін ОГПУ комиссарлары жасыра алмайды.

Аштарға көмек комиссиясының Шал­қар ауданы бойынша уәкілі Нұғы­мановтың хабарлауынша, Шалқар темір жол бекетіне жақын жерде 160 аш адам жатқан бес жертөленің төбелері опырылып түскенін, аштардың тар әрі лас орындарда, қамыс үстінде ұйықтайтынын хабарлайды. Темір жол бойын жағалап, қаңғалақтап жүрген бейбақтардың қайдан келіп, қайда бара жатқандарын да ешкім білмейді. Нұғыманов олардың арасында сүзек өршіп кету қаупін жоққа шығармайды. Осы жерді паналаған әрбір адамға күніне 200 грамм қара нан, майсыз-нәрсіз сорпа мен 60 грамм ет, 3 ас қасық ботқа берілген. Ас арнайы қоста 470 адамға лайықталып дайындалса да, бәрібір жетпей жататын. Себебі бұл жерде кімнің тамақ ішіп, кімнің кетіп жатқанын анықтау мүмкін емес. Нұғыманов: «Аштарды тамақтандыруға бөлінген азық-түлік дұрыс жұмсалмаған, жауапты тұлға күнделікті тамақ талондарын жинап алып тапсыруға міндетті болса да, қағаздарды жойып тастаған. Берілетін тамақ сапасы өте нашар. Көшпенділер ісіп-кеуіп жатыр, арасында өліп жатқандар да көп», деп баяндайды.

Сексеуіл бекетінің жанындағы аштарға бөлінген жертөлені 142 адам паналапты. Бұл жерде де Шалқар­дағыдай жағдай туындаған. Комиссия мүшелері аштардың ортасына жақын­дап бара алмағандарын айтады. Ыстық тамақ берілетін уақытта адамдар қосқа өздері келіп, табақтарына салып әкеткен.

Міне, уәкілдердің ресми есептері­нен ауылда мал бағып, бала-шағасын асырап, шаруа қамымен жүрген мо­мын ата-әжелеріміздің қандай адам көргісіз жағдайға жеткенін көреміз. Тағы бір байқағанымыз, 1932-33 жылдардағы партия қызмет­кер­лерінің қызметтік жазбаларында «көшпенділер» деген сөз жиі ұшырасады. Осы суық сөз жатжерді сағалап ағайын-туысымен бірге кеткендерге де, темір жол бойында тамақ қалдығын теріп жүрген мүсәпір міс­кіндерге де қаратылып айтылған. Жеккөрушілікпен, менсінбеушіліктен айтылғаны білініп тұр. Бірақ та мал бағып өз күндерін көріп жатқан момын жұртты осында жағдайға жеткізгендер жөнінде сөз жоқ. Ішерге ас таппай, қала кезіп, темір жол бойында арып-ашып жүрген бейбақтарға 1932-1933 жылдың қара суығы мен үскірік аязында пана болған орын Николай І император заманында салынған тас бекеттер ғана. Милиция бейбақтарды пойыз перронына жолатпаса да, олар жақын маңдағы жертөлелерді паналап, қара жерді жастана жүріп өмір үшін күресті. Бұл кезде ағайынын тентіреткен шолақ белсенділер ауылда жақсы өмір сүріп жатты. 1932 жылдың көктемінде ел жаппай қырыла бастағанда, аштарға көмек ретінде орталықтан бөлінген қаржы да ел ішіне жетпей талан-таражға түскен. Қалғанын жергілікті жердің басшылары тонады. Жоғарыда баяндалғандай, аштарға бөлінген азық-түлік ұрланған, жетімдер үй­лерін­де де сондай ауыр жағдай қалып­тасты. Жең ұшынан жалғасқан жемқорлық аштық кезінде күшеймесе азайған жоқ. Қазақты бір қолымен қырған өкіметтің екінші қолымен ұсынған қара наны мен татымсыз сорпасынан әл жинаған қанша адам туған ауылына оралды? Оралмағаны қаншама? Қараша үйінде, не жол бойында өлген ет жақындарын еске түсіргісі келмеген қанша бейбақ туған жерден кіндігін үзіп кетті? Десек те, бұл жайында көп біле алмаймыз. Аштықтың кеңес заманында жабық тақырып болғаны өз алдына, жердегі тамұқтан тірі қалған бірен-саран жанды 1937-нің қуғын-сүргіні мен соғыс жалмады. ХХ ғасырдағы қазақ тарихының қасіретті парақтарының біріне айналған аштық тақырыбына үңілгенде алдымыздан шығатын бас­ты кедергі де осы. Куәгерлер қасіретті күндер естелігін өздерімен бірге ала кетті.

 

Ақтөбе облысы

egemen.kz

Сол сияқты қараңыз

Пікірлер орны

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Scroll to Top

Поделиться

Facebook
VK
OK
WhatsApp