Сүбелі сұхбат

«Аштықтан қазақ қынадай қырылды»

Бұл белгілі жазушы, сатирик Табыл Құлияс ағамыздың жан айқайы. Бар қазақ білуге тиіс шындық! Шағын ғана сұхбатты оқып шықсаңыз тың деректерге жолығасыз!

– Табыл аға, ашаршылық жайлы мұрағат материалдарын үнемі жариялап келесіз. Бұл жолы Башқұртстанға жолыңыз түсіпті. Бауырлас елдің мұрағатынан елге қатысты тың дүние кездестіре алдыңыз ба?

Бұл сапарым жаман болмады. Қанжығамда жаңалық көп. Біздің елге де қатысты тың деректерге кезіктім. Сөзді мынадан бастағым келіп тұр. Біздің кейбір ғалымдар ашаршылықта қазақ даласында 4 млн-дай адам қырылды деген мәлімет ұсынады. Бұл — жалған ақпарат. Қырылған халықты аз көрсету арқылы нені көксейтіндерін түсінбеймін. Осы сапарымда Башқұртстандағы Республикалық мұрағаттан 1921-22 жылғы ашаршылық салдарынан одақ бойынша 6 млн. адам өлді деген дерек таптым. Құпия дерек. (Ал 1931 жылғы аштық бөлек әңгіме). Ашаршылықта қазақтан көп қырылған халық жоқ. Демек, менің есебім бойынша 1921-22 жылғы ашаршылықтың өзінде қазақтың 3 млн-дай адамы жер жастанған.

– Алапат аштық Башқұрт халқына да оңайға соқпаған болар? Оларға тигізген зауалы жайлы да айта кетсеңіз.

Әрине, қолдан жасалған ашаршылық бұларды да айналып өтпеген. 1921 жылы басталған аштық 1922 жылы жалғасып, Башқұртстан губернияларында 421.352 адам, 368.330 балалар аштық ауыртпалығын тартып, ауру-сырқау меңдеп, көбі өлім құшыпты. (ГАЧ.оф.380.оп.1.д.18.п21.24.) Аштықтың кесірінен әлсірегендерді қуаты барлар тамыз айында (86 адамды) сойып жей бастаған. Уральскіде — 84, Троицкіде — 5, Миасскомда — 7, губерния бойынша 98 адамды сойып жеген. (ГАЧ.о.ф.380.оп.1д18-37.) Міне, жан шошырлық фактілер.

Ел болғасын көсемсіз бола ма? Башқұрт халық қозғалысының басшысы А.А.Валидов Кеңес басшыларының жүргізіп жатқан саясаттарын әшкерелейді. Өйткені «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұран бұл жаққа да жеткен еді. Оның құнды ұсыныстары нәтижесіз қалып, көп кешікпей губернияларда аштық өрттей лау ете түседі. Архив құжаттарына сүйенсек, 1921 жылдың бірінші қаңтарында Уфа губерниясында 13 миллион пұт астық, 2.2 мың пұт май, 12 миллион дана жұмыртқа, Кіші башкерия бойынша 2.2 миллион пұт астық, 6.2 пұт май жиналған. Шаруаларда 39 мың ірі қара, 82 мың қой, ешкі болған. Оларды да сыпырып алған. Ара өсіруден жиналған 2.2 пұт бал да тәркіленген. Ол аздай 1921 жылғы қуаңшылық қосылып, азамат соғысы қалжыратқан елде аштық басталады да, халық көтерілісіне ұласады. Арынды өзендердің бойымен аққан өліктер жағалауларда шашылып жатты дейді бізге жеткен дерек.

–  Демек, қызыл империя оларды да аямаған екен-ау?…

Бір «қызығы», апат ошағының ұлғая бастағанын сезінген қызыл империя Мәскеудің қол астындағы аз ұлттарға «жылы шырай» танытқан. Мысалы, сол уақытта Америка, Швеция, Норвегия, қызыл крест қоғамдары аштықтың алдын алу үшін азық-түлік вагондарын жөнелтіп отырған. Мұны Ресей дабырайтып көрсетпеген. Жасырған. Сырттан жеткізілген көмектің қанша екені әлі күнге жұмбақ. Алайда, ең сорақысы, Қазақстанды мұндай жәрдемнен тыс қалдырған. Осының өзі-ақ қазақ ұлтын жойып жіберуге бағытталған қадам деуге жетіп жатыр! Меніңше, Ленин бастаған қызыл империя алаш қайраткерлерінен қатты шошыған. Оларға сенімсіздік танытқан. Қалайда ұлтты құртып жіберуге тырысқан ғой. Себебі большевиктердің бағдарламалары мен заңдарының көбін Алаш көсемдері түзеді. Сондықтан да, олар “социализмге бірден-бір қауіпті жұрт — Алаш” деп ұғынғаны кәміл.

– Сөзіңіздің түбіріне үңілсек, шеттен келген азық-түлік бауырлас башқұрт халқын аштықтан құтқарып қалды дегенді меңзейді. Оған қандай нақты дәлелдеріңіз бар?

Жері құнарлы да құтты өңірде ашыққан халыққа 1922 жылдың 6 қаңтарында «Винкобого» су кемесі 5.900 тонна жүгері дәні және басқа да азық-түлік, дәрі-дәрмек жеткізген. Әлгі шетелдің көмегі 5250 ашыққан балаларды асыраса, 1921 жылғы желтоқсандағы дерек бойынша 75 000 баланы аштықтан қорғау керектігін мәлімдеумен қатар (ЦГИАРб ф.р.-О1О1.оп 1.д.70.л.29-30) балалар өлімі 40 пайызға, емшектегі сәбилер өлімі 75 пайызға жеткенін қамтып айтылады. Сол тұста Америка әкімшілігі ашыққандарға көмек есебінде 29 тамызда Ригадан Мәскеуге 8 вагон, 30 тамызда 14 вагон толы азық-түлік жөнелтілгенін «Правда» газетінің 1921 жылғы 3 қыркүйегіндегі санында жазған екен. Елді аштықтан құтқару үшін құрылған 2222 асханадан 276 686 адам тамақтанып тұрған. «Правда» газетінің жазуынша, РСФСР-да 1922 жылдың 1 тамыздағы мәліметінде 9 миллион 554 мың 575 адамға өмірін жалғауға Америка азықпен көмек бергені ашық айтылған. (АРА) (ГАРФ. Ф.р.1058.оп1.д.532.л.99а). Ал бұл жердегі мұрағат деректерінен аштан қырылып жатқан қазақ еліне аз да болса көмек болды дегенді өз басым кездестіре алмадым.

– Кейбір тарихшылар ашаршылықта өлген қазақтардың санын бүркемелейді деп қалдыңыз. Оны нақты қандай дерекке сүйеніп айтып отырсыз?

Ресейдің құпия мәліметінде 1900 жылы Қазақияда 10 млн. халық тұрады деп жазылған. Бұдан 10 жылдан аса уақыт өткенде Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынов: “Алһамдулилла, 7 млн. қазақ бармыз”, — деп нақтылайды. Демек, екі арада өсім жоқ. Бәлкім, жұт пен ашаршылық жайпап тастаған. Орыстың Сажников деген тарихшысы 1915 жылы жазған мақаласында: «Қазақтардың әрбір үйіне барғанда, қанша балаң бар десе, 4-5 қара домалақ деп айтады. Нақты адам санын айтпайды олар. Өйткені Ресейдің отары болғандықтан, салықтан қорқады», — деп жазады. Оның болжамынша, тап сол уақытта Қазақияда 8,5 млн. адам тіршілік кешкен. Ал 1921-22 жылы аштықтан тірі қалған қазақ саны 4 млн. Жоғарыда келтірілген мәліметтермен салыстырсақ, қалғандары қайда ұшып кеткен? Осыған мен ренжимін. Аштық туралы жазған француз жазушысы Изабелла: “1921 жылдан басталған аштық Қазақстанда 1934 жылға дейін жалғасты. Аштық төрт кезеңнен тұрды. Осы кезеңде қазақтардың 80 пайызы қырылды. Бұл геноцидтен де асып кетті”, — деп жазады. Осындай деректерді көріп отырып, қалай шыдайсың? Расын айту керек, қолдан ұйымдастырылған аштық қазақтың тектілігін жойды. Соның зардабын әлі тартып келеміз.

– Табыл аға, ашаршылық жайлы аз жазылған жоқ. Жазыла да бермек. Бұл — қазақ халқы үшін ұмытылмас қасірет! Сөз соңында сізді қазір қатты мазалап жүрген мәселеге тоқталсақ?…

Украина жеріндегі аштық туралы тарихи деректер айтылды. Оларда халықтың 11 пайызы қырылғаны нақтыланды. Мұны бұрынғы Кеңес одағының тұсында-ақ мойындатты. Ал біздің еліміздегі халықтың 80 пайызы, төрт бірдей аштықта қырылғанын әлі күнге дейін ешкім, еш жерде нақты дерекпен дәлелдеген жоқ. Мен мақсатым — осының түбіне жету. Оған ғұмырым жете ме, білмеймін.

 

Сұхбаттасқан Нағашыбай Қабылбек

 

 

Осы айдарда

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button