Бақтыгерей Құлмановты білеміз бе?

Құлманов Бақтыгерей Ахметұлы – тұңғыш шығыстанушы-қазақ, шығыс ғылымының кандидаты, Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері. Оның арғы аталары Әбілқайыр ханның ұрпағынан тарайды.

1859 жылы қазіргі Атырау облысы Теңіз ауданында дүниеге келген.

Б.Құлманов Орынбор гимназиясын күміс медальмен, Санкт-Петербор университетін шығыс тілдері мамандығы бойынша үздік дипломмен бітірген.

1890-1903 жылдары Ішкі Орданың Қамыс-Самар бөлігін басқарды. 1906-1907 жылдары Ресейдің І және ІІ Мемлекеттік Думаларына қатарынан екі рет Ішкі Орда қазақтарының атынан депутат болып сайланып, онда Мұсылмандар фракциясының белсенді мүшесі болған.

Ол қазақ даласынан сайланған Ш.Қосшығұлов, Б.Қаратаев, С.Жантөрин, М.Тынышбаев, Т.Алдабергенов, Ә.Бөкейханов, А.Қалменов, А.Бірімжанов сияқты ұлт зиялыларымен бірге мемлекеттік шовинизм мен империялық саясат үстемдік етіп тұрған сол кездің өзінде ел намысы мен талан-таражға түскен қазақ жерін қорғау ісіне барынша үлес қосты.

1917 жылы сәуірде Бөкей Ордасындағы елді мекендерде тұратын қазақтардың арнайы съезі болды. Съезге қазақ даласына есімдері белгілі Ғ.Мұсағалиев, И.Меңдіханов, С.Меңдешев, Б.Ниязов, М.Шомбалов, Ш.Бекмұхамбетов сияқты зиялылар қатысқан. Бұл съезд негізінде Ішкі Ордадағы басқару жүйесін жетілдіруге арналған еді. Съезд өз мәжілісінде басқару ісін жүргізудің орталық комитетін сайлады. Сонымен қатар съезд Бақтыгерей Құлмановқа «Қазақ халқының Астрахань өлкесіндегі комиссары» ретінде билік жүргізуге құқық берді. Халық алдында беделі бар Б.Құлманов ел басқару ісіне белсене кірісіп, егемендікке жетудің ірге тасын қалауға араласты. Б.Құлманов ұлтжанды қазақ зиялыларымен бірге Алаш партиясы мен оның үкіметін құруға белсенді түрде атсалысты.

«Ұран» газетінің беттерінде Б.Құлманов бастаған қазақ зиялыларының алмағайып 1917-1918 жылдарғы қызметі анық көрінеді. Әсіресе, Хан Ордасындағы «Ордалық окружной сайлау комиссиясының» жұмысын үйлестіру, Алаштың Құрылтай жиналысына («учредительная собрания») сайлау өткізу мәселесінде Б.Құлманов белсене қатысқан. Облыстық комиссар Б.Құлмановтың «Қазақ азаматтарына» атты үндеу-хаты «Ұран» газетінің 1917 жылғы 7-қазандағы №9 санына жарияланған.

Б.Құлманов 1917 жылы желтоқсанда Орынбор қаласында өткен жалпықазақ съезіне арнайы шақырумен қатысып, съезд төрағасы болып сайланды. Съезд Алашорда үкіметінің билік жүргізуші органы – Халық Кеңесінің төрағасын сайлау мәселесін алға қойған кезде Б.Құлмановтың есімі Ә.Бөкейханов және А.Тұрлыбаевтармен бірге демократиялық негізде дауысқа түсті. Төрағалыққа өтпегенмен де, Б.Құлманов жаңа құрылған Алашорда үкіметінің құрамына мүше болып сайланды. Халық мүддесін жоғары қойған ол Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Х.Досмұхамедов сынды ұлт зиялыларымен тізе қосып, халық мұраты жолында Алаш партиясының құрамына қосылды. Алаш қайраткерлері жалпы адамзаттық гуманизм қағидаларын да ұмытпай, бүкіл қазақ халқының мұң-мүддесіне қызмет етті және бүкіл ғұмырын осы мақсатқа жетуге арнады.

Б.Құлманов өмірінің соңғы кезеңі туралы мәлімет аз. Бір деректе (Батыс Қазақстан облысы энциклопедиясы) ол 1918 жылы Астрахан арқылы шетелге өтіп кеткен. Басқа деректерде ауыр науқасқа шалдығып, 60 жасында қайтыс болған.

Дереккөз: 1911.kz

Сол сияқты қараңыз

Пікірлер орны

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Scroll to Top

Поделиться

Facebook
VK
OK
WhatsApp