Тарихта жеке тұлғалардың тарихын зерттеу мен зерделеу қай қоғамның болмасын өзекті мәселесі болғаны анық. Әсіресе, қоғам дамуын тұлға дамуымен барынша тығыз байланыстырған қазіргі Қазақстан Республикасы жағдайында бұл аса өткір мәселелердің біріне айналып отыр.
Елбасы Н. Ә. Назарбаев: «Ұлы тұлғаларын білмейінше, бірде-бір дәуірді дұрыстап тану мүмкін емес. Адам тарихының айнасынан біз тарих көшінің жүрісін ғана аңдап қоймаймыз, оның рухын, тынысын сезінеміз. Сондықтан да халқы мен елінің алдындағы өздерінің перзенттік парызын айқын да анық түсінген, қандай қиын-қыстау жағдайда оны адал орындаудан жалтармаған адамдар қай дәуірде өмір сүрсе де, дәйім жұртының нағыз азаматы болып қала бермек. Тарихтың қай кезеңінде болсын олар өз ұлтының бетке ұстар мақтанышы болып келген», — деген сөзінде қоғамның дамуында жеке тұлғалардың феномені ерекше орын алатындығы нақты көрсетілген.
Әрбір тарихи кезең қайталанбас тұлғаларын өмірге әкеледі. Сол тұлғаларға қоғамдағы тарихи орнына, атқарған еңбегіне орай әрқилы баға беріледі. Тарихи тұлғаны біржақты бағаламай, тарихтағы шынайы бейнесін тану күрделірек мәселе. Бұған дейінгі тарихтың даму белестері кезінде кейбір ірі саяси тұлғалар саясаттың ықпалына орай, идеологиялық шеңбердің аясында бағаланды. Көптеген тарихи тұлғаларымыздың жарқын бейнелері, халыққа сіңірген өлшеусіз еңбектері жөнінде жан-жақты талданып, оларға тарихи тұрғыдан баға берілмеді. Сондай тарихи тұлғалардың бірі – Мұстафа Көкебаев.
М.Көкебаев туралы қысқаша мәліметтер «Қазақстан» Ұлттық энциклопедиясының 4-ші томында және Батыс Қазақстан облысы энциклопедиясында берілген. Сонымен бірге ол туралы мәліметтер, Қазақстан Республикасы Президенті мұрағаты мен Батыс Қазақстан облысы мемлекеттік мұрағаты қорларындағы құжаттарда сақталған. Ғалымдар С.Зиманов, М.Тәж-Мұраттың зерттеу еңбектерінде М.Көкебаев туралы мәліметтер бар.
Ардагер журналист Р.Иманғалиев М. Көкебаев туралы естеліктерді сонау 1964, 1970 жылдардың басында 1920 жылдардың тірі куәгері, азамат соғысына қатынасқан сарбаздардың бірі Досмұхамбет Сарбасов пен қарт ұстаз Биғазы Жұмағалиевтан естіген әңгімелерін жазып алғандығын аталып отырған еңбегінде көрсетеді.
Ардагер журналист Досмұхамбет ақсақалдан Мұстафа Көкебаев туралы жазып алған жылы естелік кейіпкері 1964 жылы Шымкент қаласында 76 жасында қайтыс болған. Ал, журналист сол атажұртында дүние салған деген дерек келтіреді.
Сонымен әңгімемізге арқау болып отырған Мұстафа Көкебаев кім? Қандай ісімен жұртшылықтың есінде қалды, ел, өлке тарихындағы орны қандай? деген заңды сұрақ туындайды. М. Көкебаевтың өмірдерегі мен ұлттық мемлекетіміздің таңсәрісіндегі еңбегі мен халқы үшін атқарған қызметі, шығармашылық еңбектері әлі толық зерттелмеген тұлға.
Мәлім де беймәлім Мұстафа Көкебаевтың ғұмырына қысқаша шолу жасасақ. Ол 1888 жылы Бөкей Ордасы, І Приморье округіне қарасты Мыңтөбе мекенінде балықшы отбасында дүниеге келген. 1907 жылы 19 жасында Ордада 4 сыныптық мектебін бітірген. Одан кейін Астрахан гимназиясын бітіріп, 1910 жылы Омбы мал дәрігерлік училищесінде оқыған. Оқу жылдарында либеральдық студенттік қозғалыстарға қатыса жүріп, Қазан қаласынан шығатын «Орал» газетінің тұрақты оқырманы болады. 1907-1908 жылдары шамасында Самар губерниясының таяу жерде Көлборсы елді мекенінде құрамында Б. Қаратаев, Е. Бұйрин, М. Көкебаев, Ғ. Қараш, Ғ. Мұсағалиев, Х. Сембаев, Ш. Бөкеев, С. Нұралыханов, С. Меңдешев бар жасырын топ «Қазақстан» газетін шығару және баспахана сатып алу үшін қаражат жинау мақсатында астыртын жиын өткізген. 1910-1911 жылдары Астрахан қаласындағы қасапханада мал фельдшері болып істейтін М. Көкебаев астрахандық большевик И. Е. Ивановпен достық қарым-қатынаста болады және қалаға жер аударылып келген әзірбайжанның революционері Нариман Наримановпен танысады. Бұл танысу Мұстафаның кейінгі өміріндегі қоғамдық-саяси қызметіне елеулі ықпал еткендігі сөзсіз. 1917 жылдан бастап республиканың буырқанған қоғамдық-саяси өміріне белсене араласқаны бұлтартпас тарихи ақиқат.
Мұстафа Көкебаевтың 1913 жылы «Айқап» журналының №17 санында «Хажылар жайынан» тақырыбында мақаласы жарияланды, онда автор: «Біздің ел ішіндегі қарттарымыз һәм шала білімі бар моллаларымыз қол қусырып Аллаға сыйынады. Жылма-жыл көбейіп хажыға барушы адамдарды көріп: Ислам дінінің таралғаны һәм біздің анық мұсылман болып фарызды жеріне келтіргеніміз білінеді», — дейді. Бұл айтулары дұрыс, бірақ 70-80-ге келген шалдарымызбен, ел ішіндегі сараң байларымызбен, иәки хажының атағына құмар болып жүрген жамандарымызбен таралмайды ғой. Себебі, намазды жөндеп оқи алмай жүріп, көңілін хақ жолға қоя алмай, ұялмай жүріп, құр қойша шұбырып ұзын жолды көріп келгеніменен ұялмай нағып Ислам діні таралды дейді? Мұндай… дүниесін орынсыз жерге ысыраф қылушы надандар, шариғат жолы мен ғылым иесі хақ жолда халық файдасында болушы адамдар малдарын шет жерлерге надан ғұрыптарға жұмсамасын… өнер, білім шығатын жарлы жастарды (жәрдем беріп) хажылыққа һәм оқуға жіберу керек, сонда хажылықтан да артық жақсылық көрер»,- деп жазды. Мұстафаның бұл мақаласы елді бір дүрліктіргені де рас. Мақаладағы көтеріліп отырған мәселелер, яғни өнер мен білімге ұмтылған қазақ жастарын оқуға жіберу, олардың оқу қаражатын төлеу сол кезеңдегі ең өткір мәселелердің бірі еді.
Ол қазақ даласынан сырт жүрсе де, 1916 жылы ұлт-азаттық көтерілісті қолдаған қазақ интелигенциясы өкілдерінің бірі. Көтеріліске қатысқаны үшін Астрахан түрмесіне қамауға алынған Өтепқали Исатаевқа және оның серіктері Н. Кентаев, Б. Жанбаев, И. Төлебаев, М. Маутенов, С. Меңдешев пен Н. Залиевке өміріне қауіп төніп тұрса да, оларға тамақ тасып, материалдық жағынан көмек берген. Бұл азаматтық игі істі кейін 1936 жылы С. Меңдешев «Екпінді құрылыс» газетіне естелік ретінде жазды. Қазан төңкерісін қолдаған М. Көкебаев 1917-1918 жылдары Астрахан Кеңесінің алғашқы жұмыстарына қатысты. Астрахан губерниясы атқару комитетінің төралқа мүшесі болып сайланды және Астрахан өлкесі қазақ атқару комитетінің мүшесі болды.
«Қазақ» газетінің 1918 жылы 27 ақпанда шыққан 261-ші нөмірінде «Ұран» газетіне бір хабар басылған. Бұл хабар бойынша денсаулық саласына М. Көкебаев жауапты болғандығын аңғарамыз. Ұлттық энциклопедияда Мұстафаны 1918 жылға дейін Алаш партиясының мүшесі болды делінген. Бірақ та оның Алаш партиясына қатысы туралы ешқандай деректер кездеспейді. Кейінгі уақытта жарық көрген материалдарда Алаш партиясына мүше болғандардың тізімі қатарында оның есімі ұшыраспайды. Мұстафа Көкебаевтың меньшевиктер партиясының мүшесі болғандығы туралы мәліметтер мұ-рағат құжаттарында кездеседі. Қазақстан Республикасы Президенті мұрағаты қорында сақталған құжатта 1918 жылы 300 жігіттің бірі болып Қызыл армияға өз еркімен кірген, Бірінші үлгілі қазақ атты әскер полкінде қызмет атқарған, Бөкей даласындағы комсомол ұйымын құрушылардың белсенділерінің бірі, Орда қалалық комсомол комитетінің және Бөкей губерниясы комсомолы комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет атқарған Жұмағали Сәрсеков өз естелігінде: «1918 жылдың маусым айында мен Орда қаласына орналасқан Торғын уезінің атқару комитетінде жұмыс жасайтын едім. Жастықтан айналада болып жатқан өзгерістер туралы, елдегі барлық жаңалықтарды білуге құштар едім, көп оқыдым. Саясатқа қызығушылықта таныттым. Сол жылдары жарық көрген газеттердің бірде-бір номерін жібермей оқыдым. Сол кездегі әр алуан партия өкілдеріне көңіл де аудара бастадым», дейді. Ол өз естелігінде аласапыран тұста қалың жұртшылықтан жырақталған азаматтардың галереясын беруге тырысады. Мысалы, «оңшыл эсер Абдолқадыр Әзербаев бұйра шашты, дөңгелек жүзді, аяғын сылтып басатын, жігерлі, мылжың, шадыр мінезді адвокат болса, Ғұмар Қарашев байсалды, орта бойлы, толық денелі, орта жаста, Алаш Орда үкіметінің дін істері жөніндегі министрі болған, керітартпа ақын, ал меньшевик Мұстафа Көкебаев қараторы, сәл еңкіш, түнеріңкі адам», — деп сипаттайды.
1918 жылы Ордада меньшевик Мұстафа Көкебаев өз бастамасымен «Жігер» қоғамын құрады.
М. Көкебаев жетекшілік жасайтын он адамдық топ қоғам қызметіне «мәдени-ағарту үйірмесі» дейтін жаңа мәртебе беріп, жарғысын жазады. Ерікті дербес қоғамдық ұйым ретінде ресми тіркеліп, өзге өңірлерден отау бөлімшелерін ашты. Қоғамның Тарғын қисымында «Ұлт қауымы», ал Жаңақала жағында «Білім бірлігі» деген атпен бөлімшелері болды.
Бүкілодақтық Орталық Атқару комитетінің мүшесі, Орталық Қазақ әскер ісі жөніндегі комиссариаттың Әскери комиссары Мұхамедияр Тұңғашиннің бастамасымен ашылған РКФСР Ұлт Халық Комиссарлары Қазақ бөлімі Бөкей қосалқы бөлімінің меңгерушілігіне меньшевик М. Көкебаев бекітіледі. Бұл жерде бөлімнің меңгерушілігіне М. Көкебаевтың бекітілуі әдеттегі большевиктердің коалициялық саясат сақтауы деп түсінген жөн сияқты.
Ордада 1919 жылы 3-17-қаңтарда Екінші толық мұғалімдер сиезі өтті. Сиезге Нарын, Қалмақ, Таловка, Қамыс-Самар, Тарғын бөлімінің мұғалімдері түгелдей дерлік қатынасты. Сиездің алғашқы мәжілістерін халық ағарту комитеті жанындағы ұлттық мектептер секциясының қызметкерлері Мұстафа Көкебаев пен Ғали Бегалиев жүргізген. Сиез оқу үрдісіндегі ұлттық ерекшеліктерді ескереді, қазақ ағарту саласында тұңғыш рет интернаттық жүйе енгізіліп, әрбір мектепте мектеп кеңесін құруға, қазақ ағарту саласында тұңғыш рет интернаттық жүйе енгізіліп, әрбір мектепте мектеп кеңесі, емле мәселелеріне жан-жақты тоқталады. Сиез жұмысының барысында «Оқу құралдарын жетістіру, кітаптар тәржіме ету, тағлым журналын шығару үшін» сайланған комиссияға М. Көкебаев, Ғ. Бегалиев, Х. Есенбаев, Ғ. Қараш, Ғ. Бөкейханов, Ғ. Мұсағалиев, Ғ. Мұқанов енеді. Қабылданған қаулыда осы кісілердің қызметте тұрғандары шығып, тек қана кітап жазу қызметімен шұғылдансын делінеді.
М. Көкебаевтың қазақ мерзімді баспасөзіне қосқан үлесі де зор.
Ол туралы «Әлі есімде, 1919 жылы февраль айының бастапқы күндерінің бірінде Ордада азамат соғысына белсенді қатысып жүрген және сауатты қазақ жастарының жиналысы болды. Оған Шафқат Бекмұхаметов, Бисен Жәнекешев, Мұстафа Көкебаев, Халел Есенбаев, Ғали Бегалиев, Ғабит Сарбаев, Әмірғали Меңешев, Хайырлы Бекқалиев, Хамит Чурин, белгілі ақын Ғұмар Қарашев және басқалары қатысты. Жиналыста сол мезгілге дейін екі тілде шығып келген «Хабар» және «Қазақ дұрыстығы» газеттерінің орнына бір ғана қазақ тілінде газет шығару мәселесі талқыланды. Алдымен газеттің аты туралы әңгіме болды. «Ел еркі», «Ерікті ел» болсын деген ұсыныстар айтылды. Ақырында жиналысқа қатысушылардың бәріне «Дұрыстық жолы» деген ат қатты ұнап, болашақ газеттің атын осылай атауға ұйғарылды. Осы жиналыста редакциялық коллегия мүшелері бекітілді. Оның құрамына М. Көкебаев, Ғ. Қарашев, Ғ. Мұсағалиев, Х. Есенбаев және осы жолдардың авторы кірді. Сөйтіп 1919 жылғы 20 февральдан бастап Ордада «Дұрыстық жолы» газеті шығарыла бастады», — деп жазды сол жылдар қайраткері, журналист Тамимдар Сафиев. «Дұрыстық жолының» редакциялық алқасын басқарған М. Көкебаев еді. Газеттің таралымы аз уақыт ішінде 15 мың данаға жетті.
І Жалпықазақ сиезіне әзірлік 1919 жылдың 26 мамыр мен 6 маусым аралығында өткен Бөкей Ордасы кеңестерінің ІІІ сиезі қараған мәселе болды. Бұл сиез жұмысына М. Көкебаевтың «ескі» танысы Астрахан РК(б)П губкомынан өкіл болып Н.Нариманов қатынасты. 5 маусымда РКФСР Ұлт Халық Комиссариаты Қазақ бөлімі Бөкей бөлімшесінің есебі тыңдалды. Мәжілістің барысында сол жылдың 18-сәуір күнгі «Дұрыстық жолы» газетінің №6 санында жарияланған М. Көкебаевтың «Жұмыскерлер халы (Коммуна һәм Интернационал)» дейтін мақаласы жөнінде айтыс-тартыстар өтті. Автор мақаласында «Коммуна», «Интернационал» сөздеріне түсініктеме бере келіп: «Айтылған сөздердің мағынасы біздің қазаққа тіпті жат. Дұрысын айтқанда, ішіңнен ұнатып, ұнатпасаң да бұл сөздердің мағынасын түсініп қою тиіс. Қазіргі уақытта коммуна деген сөздің түпкі шегі дүниедағы бар нәрсенің әйел-еркекке шейін ортақтығын, менікі-сенікі жоқтығын көрсетеді», — деп жазған болатын. Бұл мақалаға қатысты М. Тұңғашин өз тарапынан «Контрреволюцияның арандату мақсатында бұрмалап пайдалануына ыңғайлы мақалалар кеңес қаржысына шығып тұрған басылым бетінен жіберілмесе керек», — деген ескерту береді. Бұл мәселеде ақын, қоғам қайраткері Ғұмар Қараш «М. Көкебаевтің мақаласын тек арандатушылар ғана пайдалануы мүмкін, «Дұрыстық жолының» редакциялық алқасы пікірлер алуандығын сақтап, «Бірліктің» тойтарма мақаласын өз бетінен орын бергендігін» — атап көрсетіп, М. Көкебаевты қолдап сөз сөйледі. Дегенмен де, С. Жақыпов басқаратын «Жарлы қазақ жастары бірлігінің» наразылықтарын туғызғаны да ақиқат.
Сиездің соңғы күні І-Жалпықазақ сиезіне делегат сайлауы өтті. Бөкей Ордасына бөлінген қырық орынға делегат сайланды. М. Көкебаев солардың қатарында болды, бұл дегеніміз сол жылдарда қоғамдық-саяси сахнада белгілі дәрежедегі қайраткер болғандығының нақты айғағы. Мұстафа 1920 жылы мамыр айында өткен Бөкей облыстық ҮІ сиезіне қатынасады. Сиез барысында эсер А. Әзірбаев ұлт мәселесі туралы айта келіп, «Кеңес өкіметі берген өзін-өзі билеу құқығы өмірде жүзеге асып отырған жоқ», — деп пікірін ашық айтты. А. Әзербаевты М. Көкебаев қолдады, ал бұл пікірге большевиктер Ламский, С. Милютин, Д. Темірәлиев сияқтылар қарсы болды. 26 мамырда Ішкі басқару бөлімінің есебін жасаған Милютинге көптеген сұрақтар қойылады. Соның ішіндегі ең маңыздысы милиция мәселесі болды. Сол жылдары Кеңес өкіметінің атын жамылып, бейбіт елге бейбастық жасау етек алып кеткен болатын. Шын мәнінде милиция уездік кеңес органдарына бағынбайтын. Аталған мәселе бойынша қабылданған қарарға делегат М. Көкебаев: «Милиция әрекетіне жергілікті атқару комитеттері тарапынан бақылау жасалсын» деген өзгеріс енгізуді ұсынады. Алайда бұл ұсынысқа Милютин қарсылық таныты. Бірақ көпшілік дауыспен Мұстафаның ұсынысы қабылданды.
1920 жылдың 26 тамызында Қазақ АКСР-нің құрылуы мен Ресей империясының бодандығы тұсында ыдырап кеткен Қазақстанның аумақтық тұтастығын қалпына келтіре бастады. Қазақстанның аумақтық тұтастығын қалпына келтіру қазақ халқының болашақ тарихи тағдыры үшін аса маңызды рөл атқарды. Сондықтан да бұл аса қиын да күрделі мәселені шешу үстінде ұлт қайраткерлері А. Байтұрсынов, Ә. Ермеков, У. Танашев, А. Тұрлыбаев, Ғ. Тәжібаев, М. Көкебаев т.б. ұлт мүддесі үшін, бар жан-тәндерімен жұмыс істеді. Қазақ революциялық комитеті Қазақстан Кеңестерінің Құрылтай съезін шақырудың, болашақ республиканың шекараларын анықтаудың барлық дайындық жұмыстарын жүргізді. Бұл күрделі міндеттерді жүзеге асыруда Қазақ ревкомының жанында ұйымдастырылып, А. Байтұрсынов басшылық еткен Қазақ Республикасының шекараларын анықтау жөніндегі комиссия ерекше ықпал етеді. Қазақ жерін біріктіруде күрделі де қиын жұмыс алғашқы кезекте ұлы державалық пиғылдағы шовинистермен толассыз күрес барысында жүзеге асырылды. Үлкен талас-тартыстар ұйымдастырылып жатқан Қазақ АКСР-інің құрамына Орал, Торғай, Ақмола, Семей облыстарының едәуір аймағын енгізу мәселесі бойынша туындады. Даулы мәселелерді шешу үшін Қазақ револоциялық комитеті өз өкілдерін Семей, Омбы, Челябі облыстарына жіберді. Тарихи әділеттілік үшін қазақ жерінің аумағын белгілеуде болашақ Қазақ республикасының шекараларын анықтауда Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы В. И. Лениннің қазақ халқының өкілдерін қолдағанын атап өткен жөн деп білеміз.
Қазақ АКСР-інің қарамағына 1917 жылға дейінгі шекарадағы Орал (Орал, Гурьев, Ілбішін, Темір уездері), Торғай (Ақтөбе, Ырғыз, Қостанай, Торғай уездері), Семей (Өскемен, Зайсан, Павлодар, Семей, Қарқаралы уездері), Ақмола (Ақмола, Петропавл, Атбасар, Көкшетау уездері мен Омбы уезінің бір бөлігі), сондай-ақ Маңғыстау уезі, Закаспий облысындағы Красноводск уезінің 4-ші және 5-ші Адай болыстары, Астрахан губерниясынан Синеморье болысы, Бөкей Ордасы, бірінші және екінші Приморский округінің қазақтар қоныстанған жер аумақтары енгізілді. Қазақ АКСР-інің құрамына Орынбор губерниясы енді. Ал Орынбор қаласы 1925 жылға дейін еліміздің тұңғыш астанасы болды. Сол кезеңдегі ресми мәліметтер бойынша 1920 жылы күзде республиканың жер аумағы 1 871 239 шаршы версті қамтыды, халқының саны – 5 046 000 адам, оның 46,6 пайызын қазақтар құрады.
М. Көкебаев 1920 жылдары Бөкей губерниясының жер комитетінің төрағасы һәм губерниялық атқару комитетінің жауапты хатшысы болып, жаңадан іргетасын қалап жатқан Қазақ АКСР-ының батыс шекарасын белгілеуге жауапты адамдардың бірі ретінде қызмет атқарды. Мемлекеттік дәрежедегі барлық құжаттарды дайындау, оны нақтылап, қағаз бетіне түсіру Мұстафа сияқты екі тілде бірдей жазатын сауатты адамға тірелсе керек.
Қазақстанның мемлекеттік шекарасын орнатудың өзіне тән ерекшеліктері болды. Шекараның графикалық қосымшасы бар және мәтіндік сипаттауы баяндалатын картографиялық материалдар іс жүзінде мүлдем болған жоқ. Сонымен қатар 1920 жылы Қазақ КАСР-і құрылған кезден бастап Қазақстан – Ресей шекарасы бірнеше рет өзгеріске түсті.
Р. Иманғалиевтың жазуы бойынша Мұстафа Көкебаев Қазақстанның батыс шекарасының бір бөлігін нақтылауда оның Қиғаш өзенінің бойымен жоғары өрлеп, Ескі Кордуан жерінен бастап, Азау даласымен, Ноғайбай даласының түстігін қуалап, Майшағыл жайлауының түстік етегімен Қоңыртерек, Қоянды қоныстарын қамтып, Басқұншақ көлінің шығыс шалғайымен өтетін шекара шеруін түйемен жүріп картаға түсірткен. Сол сапарда М. Көкебаев қасындағы мемлекетаралық комиссияның келісімін ала отырып, кей тұстарға уақытша шекара қадаларын қақтырған екен.
М. Көкебаевтың екі елдің шекарасын белгілеуде жасаған жұмыстарын кейінгі ұрпақ білуге тиіс. 1921-1926 жылдары Саратов университетінің құқық факультетінде оқыған, кейінгі жылдары Орал, Алматы облыстарында республикалық мемлекеттік жоспарлау комитеттерінде қызмет істейді. 1937 жылы Шымкент педагогикалық институтында сабақ берген. Ұлтымыз үшін аянбай еңбек еткен, қазақ елінің батысындағы мемлекеттік шекарасын белгілеуге атсалысқан бірегей тұлға Мұстафа Көкебаевқа еліміздің қалаларынан (Атырау, Орал, Шымкент, Алматы, Астана) бір көше атауын берсе, ескерусіз қалған ардақты тұлғаға көрсеткен құрметіміз болар еді.
Аққали Ахмет,
тарих ғылымдарының докторы,
Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры