Жаңалықтар

Алаш зиялылары: жер мәселесіне көзқарас

Тұлғаны тәрбиелейтін, тәрбиелеп ел алдына шығаратын әлеуметтік орта. Қоғамы күшті ел зиялылардың рухымен өркендеген. Елдің жағдайын, халықтың көңіліндегі дүниелерді зерделеп ұғынуға қабілетсіз, қызығушылығы жоқ, ел тұрмысынан бейхабар, әсершіл, ісін қиялмен тербейтін адамдар қатары басым ортаның дамуы күрделі, қайшылықтарға толы болып келеді. Себебі ел рухының серпілісіне ықпал ететін рухани дүние кездейсоқ қалыптаспайды. Ұлттық рух серпілісі ұрпақтың мыңдаған жылдар бойы, уақыт талабына сай ұлттық болмысы мен мүддесін сақтап отыру қажеттілігінен туындаған дәстүр тәжірибелерінен шығады. Бұны өз заманында ойшылдарымыз айтып кеткен.

Алаш тұлғаларының өмірінен ұғынатынымыз, тарихтағы қазақтың рухани өмірі, қоғам шындығы, әлеуметтік шындықты зерделеген ұлттың руханияты, ата-ананың деңгейі (кісілігі) өскелең ұрпақтың зиялы болуына ықпал еткен. Яғни қазақ тарихындағы ел мен жеке адамның рухани байланысын негіздейтін дәстүр тәжірибелерінің құндылығы, тарихи кезеңнің әр бір сәтінде ұрпақ пен ұлттық мүддені біріктіретін күшін жоғалтпауында.

Ұлттың негізгі күші ұлттық мүдде, ұрпақтың рухани байлығы, зиялылығы. Ұлттың негізгі мүддесі ұрпақ пен жер, ұрпақ ата мекен жерін қорғаса, ұрпақ рухын қорғайтын тіл, дін мен дәстүр. Бұлардың сақталуы, қорғалып отыруы ұлттың өмір сүру жағдайына, деңгейіне тәуелді.  Ұлт өзіне тиесілі мүддесін өзі қорғамаса, оған сырттан келіп ешкім қорғап бермейді. Бұған бірінші мысал тарихтың (төл тарихымыздың) өзі.

Жерсіз ұлттық мүдде құндылықтары қалыптаспайды, қалыптасқан да емес. Қазақтың барлық мәселелері, әлеуметтік мәселелерді шешудегі қасиеттері ел мен жер тағдыры төңірегінде өрбіген. Себебі ұлттың барлық өмірі, байлығы, тарихы, дәстүр тәжірибелері, ұрпақ болашағы, тәуелсіздік жерді қорғаудан шығып, оны қорғауға бағытталады және мемлекетінің мүддесін қорғау ұрпаққа қашанда міндеттеледі. Қазақ сол себептен жерді анаға теңеген, ата бабаларының өмір сүрген, тарихи таңбасын қалдырған мекен деп түсінген және бұл ұғым ұлттың бір тұтас санасына айналды.

Қазақ дүниетанымындағы «Жер ана», «Ата мекен» түсінігінен ата  бабамыздың туған өлке топырағына деген жақындығын, арқа сүйеген болмысын танимыз. Ата бабаларымыздың ұлттық мүдде түсінігі тарихта сөз түрінде өмір сүрген жоқ, қазақ шын мәнінде ата мекенді күтті, таза ұстады, қорғады, үнемі байланыста өмір сүрді, адамның толыққанды өсуіне ықпал ететін энергия көзі де осы жер болып табылады. Қазақтың тұрмысында, төрт түлігінде де табиғатқа, ата мекен болмысына жақындық бар.

Батырлық ата мекен рухымен байланысты ұлттық қасиетіміздің өнімі, тарихи бір белгісі. Яғни дүниеге шыр етіп келген сәби отбасылық шаңырақтың аясында ата-ананың алақанының жылуын сезініп өссе, ата мекен елдің шаңырағының астында қазақ баласы еркіндіктің, өмірдің жылуын толық сезінген. Осының нәтижесінде адам болмысы толыққанды жетіледі, елге, жерге жаны ашитын, ел мен жерді сатпайтын, керісінше оны сақтауға ұмтылатын зиялылар ел тұрмысынан шыққан.

Қазақтың өзіне, болашаққа деген сенімі жерге деген сезімінен туындаған. Қазақта бір бірін жатсыну жоқ, тіл, дәстүр, өнер, рухани өмір ортақ, осының нәтижесінде болмыс тұтас. Ұлттың тұтастығын сақтаған, нығайтып отырған жер, жермен кіндіктес қазақтың тұрмысы, ата-кәсібі. Сондықтанда қазақ ұғымында жер жаратылыс иесінің ерекше жаратқан дүниесі, ол ұлттың дүниесі, ортақ меншігі, негізгі байлығы. Бұл ұғым көне дәуірдегі сақтардың, оның бергі жағындағы түркілердің де дүниетанымында орын алған. Күлтегін жырында жер адамзатқа, халыққа берілген басты құндылық, мүмкіндік мағынасында зерделенеді:

          Биікте көк тәңірі,

          Төменде қара жер жаралғанда,

          Екеуінің арасында адам баласы жаралған.

          Адам баласы үстіне ата-тегім

          Бумын қаған, Істемі қаған отырған.

          Отырып, түркі халқының

          Ел-жұртын қалыптастырған,

          иелік еткен.

          Төрт бұрыштың бәрі дұшпан екен,

          Сарбаздарымен аттанып,

          Төрт бұрыштағы халықты

          Көп алған, бәрін бейбіт еткен,

          Бастыны еңкейткен,

          Тізеліні бүктірген,

          Ілгері (шығыста) – Қадырқан қойнауына дейін,

Кері – Темір қақпаға дейін жайлаған[ 1. 3 б.]. Мемлекеттің негізі (ірге тасы) ұрпақтың зиялылығымен, бойындағы рухани қасиеттердің рухымен (күшімен) қалыптасады. Жоғарыда атып өткеніміздей бойында ұлттық табиғаты жоқ, тарихтан бей хабар, ұлттық мүдде жолында ел мен жер тағдыры үшін әділетсіздікпен күрескен тұлғалардың аманатын түсінбейтін адамдардың керітартпа мінезі қоғамда жемқорлықтың, парақорлықтың  орын алуына ықпал етеді. Не себептен қазақ тұлғалары елді қорғауды жерді қорғаудан бастады? Себебі ел жерсіз өмір сүре алмайды, жер елсіз болмайды. Ел мен жерді қатар қойып, өзін тарих алдында ұрпақтан кіші санайтын адам тәкәппар емес, адамгершілігімен  елден безбейді. Кішіпейілдігі, сауатылығы, адамгершілігі мен шынайылығы арқылы халықты өзіне тартады, халық пен мемлекетті біріктіреді.

Отаршылдық заман қазақтың басына қалай туды жер мәселесіде өрши түсті. Отырықшылыққа үгіттеп, артық жерлерді өзіне алуға ұмтылған патша саясатына қарсы алаш зиялылары газет беттеріне көптеген мақала жазған, ашық түрде жерге, ел тағдырына араша түсті. Алаш зиялыларының жер мәселесіне қатысты жариялаған мақалаларынан ұғынатынымыз, қазақтың үш мың жыл бойғы болмысын бір сәтте өзгерту әділетсіздік. Яғни жұртқа бағыт бағдар беретін адамдар болса, мемлекет көмектессе қазақ егіншілікті, технологияны өзі ақ үйренеді, бұл бір уақыттың ішінде шешілетін іс емес.

1925 жылы «Ақ жол» газетінде жазған «Отырықшылықтың пайда зияны» атты мақаласында Жүсіпбек Аймауытов жер мәселесіне қатысты былай деген: «Отырықшы болса-ақ қазақ тұрмысы түзеліп кетеді, тез мәдениетті болады» деген пікір даусыз ақиқат емес, өзгермелі, екі ұшты, даулы мәселе деп қараймыз.

Тұрмыс итеріп, шаруа етіліп, амалсыздан отырықшы болу бар. Ондай шартпен отрықшы болатындарға ешкім қарсы бола алмайды: тұрмыстан күшті құдірет жоқ. Қарсы бол, болма, оларды тіршілік таласы отырықшы қылады. Ол қандай шаруа? Малы азайып, көше алмай қалған ел: егін салуға кіріскен ел, жері тарылып, көршілерімен таласып-тармасып, жер алып қалуға душар болған ел, жақсы жеріне басқа біреу қол сұққандықтан, жерін бермеймін деген ел. Оларға үндеудің керегі жоқ: өздері ақ отырықшы болады.

Азды көпті күн көргіш малы бар, ептеп егін салатын, жаз болса жылжып қонатын,  жер жағдайы отырықшы болуды көтермейтін елдер бар. Бұлардың да отырықшы болсақ, қайтер екен деген аузында бар. Ондағы қауіпті жақсы жерді бәрін отырықшы болғандар алып қойып, түбінде көшіп- қонып жүре алмайтын болсақ,  жерден құр қаламызба? Түпкілікті қоныс болатын жерді сағаласақ дұрыс болар еді. Бұлар тұрмыс айдап отырықшы болмайды. Келешектің қайғысын ойлап, не біреудің жеріне қызығып, болмаса отырықшылық пайдалы деп болмақшы. Бұл талап көшпелі елде де, шала көшпелі елде де бар. Әзірше жерден таршылық көрмей отырған елдердің отырықшы болуында зиян бар демекпіз»[2. 207 б.]. Қазақ ұлты ұланғайыр даланы иеленуде, ата мекенді сақтауда ел тұрмысын сақтап, ұлтты біріктіретін ортақ тәсілді қалыптастырған. Ол көшпелі тұрмыс арқылы ұлттың болмысын, мемлекеттің тұтас мүддесін сақтау қажеттілігінен туындаған. Қазақ көшпелі тұрмыс арқылы табиғаттың құнарын, тазалығын сақтап отырған, елді, ұрпақты біріктіріп отыратын дәстүрдің, тілдің, ділдің байлығын арттырған, дінді таза ұстаған. Жүсіпбек Аймауытов, егер қазақ халқы патша өкіметінің саясатына иланып аяқ асты отырықшылыққа көшсе алдыменен жерінен, ел мыңдаған жылдар бойы жинақтаған қорынан айрылады деген. Алаш зиялысының айтуы бойынша, халық жаңа тұрмыс тәсілдеріне біртіндеп көшуі қажет және жаңа заманның жерді өңдеу тәсілін біртіндеп қажетінше үйренеді. Жаңа технологияны меңгеруде ұлт мың жылғы дүниесінен қол үзбеуі қажет, білім, технология елдің өмірін жақсарту, экономиканы дамыту үшін қажет, ал мемлекеттің негізін құрайтын ұлттың болашағы төл құндылықтарына тәуелді. Сондықтанда мемлекеттің тұтастығын қорғауда тұрмыс мәселесіне болмыс жағдайымен, тәсілімен қарау керек.

Ахмет Байтұрсыновтың айтуы бойынша, жер жеке адамның емес алдыменен ұлттың мүддесі, сондықтанда ол мемлекеттің қазынасы, үнемі солай болады. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов қазаққа жерінен айрылмауды ескертті, себебі қазақ жерді жеке меншікке алуға әлі дайын емес. Патша өкіметінің отырықшы қылу саясатына сеніп, аз жерді иеленгенімен қазақ негізгі ұлттың байлығы ұлттық мүддесінен қол үзеді. Патша өкіметі халықтың аңғалдығын пайдаланып жақсы шұрайлы жерлерді өзіне алып, халықты құнарсыз жерлерге ығыстырады. Сөйтіп ел жерінен айрылады, құнарлы жерлерінен қол үзген елдің тұрмысынан күй кетеді, елден күй кеткесін кейінгі ұрпаққа ештеңе қалмайды. «Отырықшы норманы қазаққа не үшін шығарғандығын, отырықшы нормамен қазақтар жер алғанын переселен чиновниктері не үшін қуаттайтындығын қазақтарға түсіну енді қиын болмас шығар – деген Ахмет Байтұрсынов, – «Тісі шыққан балаға шайнап берген ас болмас» деген. Тісі шыққан адамдарға айтылып отырған сөзғой.  Переселен чиновниктері – алушы, қазақтар – беруші. Алушыға көп алғаны жағымды, берушіге аз бергені жағымды. Қазақ әуелден осыны ойлау керек еді. Олар өздеріне жағымды жағын көздегенде қазақтар да өзіне жағымды жағын көздеуі тиіс. Құр пәленше пәлен етіп жатыр деген дақпыртқа жүгірмей, істің түбінен ойлау керек»[3. 230 б.]. Алаш зиялыларының ұлттық мүдде тұрғысындағы жан айғайы жайдан жай туған жоқ, олар қазақтың мыңдаған жылдар бойы жүріп өткен жерін кеңінен зерделеді, хандардың, батырлардың, ойшылдардың, ел мен жер тағдыры тұрғысындағы қазақтың діни қайраткерлерінің ілімін, ұстанымын, күресін ескерді, терең білді осының нәтижесінде өз еріктерімен жер тағдырына ара түсті. Бүгін ұлттың саны аз шығар, жағдай болса, апат болмаса (ауру, ашаршылық, соғыс) ертең ұрпақ өседі, ұрпақ өссе ұлт өседі сонда ұлттың тағдырын шешетін жер. Бұл қазақтың түсінігі. Тарихта қазақта неге көп бала болды? Көп балалы қазақ шаңырағының негізінде ұлттың идеологиясы жатыр. Әр бала ер жеткенсоң жерін, елін қорғайды, сол жер мен елді қорғауда адам шығыны көп болады, сырттан елге көзтіккен жау ақымақ емес, ал оны тоқтатып елді жаудан қорғау үшін күш керек, күш ұрпақ, ұлт санының көптігі. Сондықтанда қазақтың әр бір ата-анасы баланы өзі үшін емес ел болашағы үшін өсіріп, тәрбиелеп отырған. Алаш зиялылары ұлттық мүдде мәселесін зерделеуде тарихтағы қазақ халқының ерлігін, ерлік иелерін тәрбиелеп қоғам алдына шығарған ата-ананың еңбегін де ескерген.

Алаш зиялыларының ұғымында жерді қорғаған бабаларымыздың ерлігінен, яғни солардан жеткен мұра бар жерді пайдалану, өңдеу оңай. Батырлықтың мектебін құрып, ілімін сақтаған қазақ уақыты келсе жерді өңдеуді де үйренеді, тек оған жағдай керек. Жағдай болмаса шаруа қанша данышпан болса да өз ісін түрлендіре алмайды.

Жер мәселесіне келгенде жер иесі ұлттың құқын ескеру қажет, себебі ел мен жер үшін тер төккен адамдардың рухы осы ата мекенге сіңіп қалады. Батырлар кетсе олардың рухы, ісі, тарихы осы жердің бойында.Осы себептен жер қазақ үшін тауар емес, қасиетті нәрсе, ұлттың мекені. Қазақ болмысының тұтас әрі терең болуына жердің ықпалы мол. Қазақ баласына жерді жаралап ойнамауды да ескертеді. Жерді қазуға, бүлдіруге болмайды деген қарапайым түсініктің өзі қазақта ұлттық сана негізіне айналған.

Тарихқа қарасақ қазақта жерге келгенде бөлінбейді, сенің жерің менің жерім деген ата бабамызда жоқ, бәрі қазақтың жері. Қазақ топырағында қаншама мыңдаған малы бар, елге қамқор болған байлар өткен бірақ олардың ұғымында жер ұлттың қазынасы, ұлттың меншігіндегі дүние. Бай бүгін бар ертең бұл өмірде жоқ адам. Ол кетсе оның байлығыда кетеді, себебі қазақ байлықты сол байлық иесі адамның ырысы деп түсінген. Иесі кетсе дәулетте тұрмайды, себебі ырыс өз иесімен ғана жүреді. Қазақ, «бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» деп тегін айтпаған. Қазақта бай адам төрт түлік малдың иесі, байлықтың иесі, өз руының басшысы, биі, яғни зиялы әрі діни қайраткер адам. Тарихтан қазақ байларының жеке меншік жері деген сөзді естігеніміз жоқ. Мәселен Құнанбай сынды қазақта ұлтқа жанашыр бай әрі би адамдар болған. Бірақ олардың жеке басына келгенде жеке меншік жер деген сөз болмайды, демек қазақтың байлары ұлт қатарында болған, мал, мүлік өзінікі болғанымен жер ұлттың дүниесі. Бай да, би де, хан да, батыр да бір ұрпақ буынның өкілі. Алаш зиялылары жазып кеткендей, ата мекен жерін оған ел болып, ұлт болып, халық болып иелік еткен жұртқана сақтай алады. Ахмет Байтұрсынов, «Жер жалдау жайынан» атты мақалада былай деген: «Жұрт істеп отырған ісін қисық я түзу деп айту ғана қолымыздан келеді, істеткізбей, тоқтату қолымыздан келеме?

Қазақ жерінің тұтқасының екі ұшы екі қолда: бір ұшы қазақта, екінші ұшы орыста. Әдіс қылған жағы ауыстырып алып жатыр, бос ұстаған жағы айрылып қалып жатыр. Жерді қолында қатты ұстау бос ұстау өздерінен. Оған біз не істейміз?

Қазақ жері қазақтан кетпес еді, қазақ жері қазақтан кетпесіне іс қылсаңдар. Жерін алдыруға болмаса, алдырмасқа іс қылған қазақ жоқ. Әркім өз жерін ғана ойлайды, өз басының ғана қамын ойлап, өз пайдасын ғана көздеп іс қылып, жұрт пайдасымен зарарына тіпті қарамайды. Жұрт жер кетпесе менің де жерім кетпес, жұрт жерден айрылса, менде жерден айрыламынғой деп еш ойламайды. Сондықтан жұрт үстіндегі, көп ортасындағы жер ғой деп, сатып, пайдаланып қалайын деп ойлайды. Мұжықты қазақ жеріне үйір қылып, қоңсы қондырған әуелде де осылай ойлағандық еді, осы күнде де сол ой қалған жоқ» »[3. 228-229 бб.]. Елдің тірегі жер, ел жеріне бірлігімен ғана иелік етеді, бірлік алдыменен ел алдында жүретін адамдарда болуы қажет. Қазақ тұлғаларының бірлігі халыққа жақындық, қарапайым, мейірімді, кішіпейіл, әдепті болу. Кісілік қасиетімен зиялылар халықтың сенімін сақтайды, ал сенім ол ел бірлігі үшін қажет ең басты құндылық. Билеріміз айтқандай, жалғыз ағаш орман емес, жалғыз адам жалғыз жүріп ерлік көрсеткенімен елге қорған бола алмайды. Қазақтың байлары тарихта осыны ескерген. Олардың алдындағы міндет елге жерге ие болу, осы ұстанымды ұлттық идеология ретінде алаш зиялылары өз заманында елге жеткізді. «Бір халықтың тұрмысын түп – тамырынан бұзып өзгерту (көшпеліліктен – отырықшылыққа, отырықшылықтан-көшпелілікке шыққан секілді) оңай іс емес. Қауіпті дертке ғалым тәуіп қанша керек болса, бұл мәселенің түйінін шешуге де сонша білім керек…. Қазақ мал баққан халық, қазіргі бағып отырған малына  лайық жер қалдырмай тастауын ақылға сыйдыруға болмайды. Халықтың ғұмыры 20-30 жылдағана емес, дүние тұрғанша тұрады. Сол үшін түбін ойлағанда қазіргі тұрмыстың неше ғасырлардан бері бекіп қалған негізін бұзбасқа керек» деп жазған Міржақып Дулатов [4. 46 б.].

Алаш зиялыларына (қазақтың хандары мен батырлары секілді) ұлттық мүддені қорғау мақсатында ел мен жер тағдырына ара түсу оңай болған жоқ.  Патша өкіметінің қазақ жерлерінің байлығын зерттеп, есепке алу мақсатында құрылған ұйымына ел үшін, білімімен өзін мойындатып экспедиция құрамына кіру, патша өкіметінің көздеген саясатының бағытын тереңрек білу, әлем жұртшылығының және келер ұрпақ алдында қазақ ұлтының ата мекен жер болмысымен тығыз байланыста қалыптасқан құндылықтарын тарих бетіне түсіру, оған өз тұрғысынан ғылыми негізде баға беру Әлихан Бөкейханов сынды алаш тұлғаларының ұлт алдында атқарған қасиетті ісі деп білеміз. Көріп отырғанымыздай олардың жер мәселесі, ұлт мүддесі тұрғысында жазған дүниелері аз емес.

Әлихан Бөкейхановтың қазақ жерлері мен көшпелі мал шаруашылығы туралы жазған еңбектері «Дала өлкесіндегі қой шаруашылығы» және «Дала өлкесінің түкпірлеріндегі орыс қоныстары» деп аталады. Бұл шығармаларда сонау қазақтың көне тарихынан қалыптасқан жерді иелену мен пайдаланудағы тәжірибелер, шаруашылық өнімдері, мал шаруашылығынан өндірілетін азық түлік өнімдерінің құнары, қазақтың көшпелі мал шаруашылығының экономикалық тиімділігі, асыл тұқымды төрт түліктің түрлері көрсетілген. Бұл еңбек қазақтану ғылымының іргетасы болды. Ә. Бөкейханов зерттеген нәрселер бүгінгі күні де өзекті. Біз бүгін осыдан жүз жыл бұрын айтып кеткен алаш зиялыларының  қазақтың асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту ісіне қайта оралудамыз. Олардың жазып қалдырған мұраларындағы идеяларға сүйенсек, қазақ тұрмысындағы құндылықтар (өнімдер) қай заманда да қасиеті мен құнын жоймайды. Біз тек соны үлгі ретінде пайдалануымыз керек.

Өздері өмір сүрген аумалы төкпелі заманның қиындығына қарамастан тарихты терең біліп, оның бойындағы ұлттың тәжірибелерін өз заманына жеткізген, адамзат қоғамының бойындағы жаңа білім түрлерін иеленіп, өз қоғамына икемдеген қазақ зиялыларының тағылымы бүгінгі елі үшін баға жетпес дүние. Олар қазақты отырықшылыққа үгіттеп, артық құнарлы жерлерін алуды көздеген патша саясатына қарсы шығыпқана қоймай, елді мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан болмысынан, тұрмысынан қол үзбеуге шақырды, елге дұрыс бағытты көрсетті. Әлихан Бөкейханов, «Бұрын адам аз, жер көп болған, мұны біздің қазақ өз көзімен көріп отыр. Жердің көп азына қарамай, жердің һауасына қарай адам баласы мал баққан иә егін салған. Жер көп болып, мал бақса, бұл шаруаны қылған жұрт малмен бірге көшіп жүрген. Жер аз болса, жердің һауасы егінге қолайсыз болса, мал шаруасын ұстап отырып, малды көшіріп қойып, жұрт өзі отырықшы болған…

Көшпелі деген сөз мал бағатын шаруаны түгел жаппайды. Қала болып отырып мал шаруасын атқаруға болады. Көшпелі мен мал шаруасын бір қылып қосақтап отырған үкімет осылай етсе, өзіне пайда шығатын болған соң. Қазақ жері – мал кіндігі, мұнда бұрын қандай жұрт жүрсе мал баққан….Біздің ақылымызша, адам баласының шаруасы бірте-бірте қиыншылықпен көп жылдарда ауырлайды. Мал бағып, шаруа қылып келе жатқан жұрт, орыс 15-тен жер берді деп егінші бола қоймайды. Мал шаруасы тымақ емес, төре келе жатыр деп қолға жұлып алатын. Мал шаруасын тіршілік үшін ұстап жүрген жұрт 15-тен жер алса, үлкен аяққа тар етік киген болады» деп айтып кеткен [ 5. 62 б.].

Ұрпақтың ұлт болып ұйысуы, ел болып бірігуі зиялылардың беретін дұрыс бағыт бағдарында. Әр адам өзінің тарих, ел, ұрпақ алдындағы парызы мен құқын білсе алдыменен оның елі сақталады. Әлихан Бөкейхановтардың халқына үйреткені өмір сүріп отырған ортасына, ел болашағына ұлттық мүдде тұрғысынан қарау, ұлттық мүдде мәселесіне келгенде әр адам өзінің оның болашағына жауапты екендігін білу. «Мен қорғамасам елімді (жерімді) кім қорғайды?» деген ұғым қазақ тұлғаларында (батырларда) болған, бұны зиялылықтың басты принципі деп айта аламыз.

Ұлт мүддесі жер мәселесі қай заманда да ел алдында тұрған. Елге көзтіккен жұрт алыменен жерге көз тігеді. Ата бабаларымыз тарихта қаншама соғысты басынан өткізсе, соның бәрін өздері ашпаған, сырттан келген жаудан жерді, елді қорғау үшін жаумен күрескен. Санғасырлық тарихтың мәні жерді сақтап, ұрпаққа ұлттың мұрасы етіп табыстап отыруында. Ахмет Байтұрсынов жазғандай, «Қазақ жерінің қазыналық болғанына өкіну – білмегендік.

…Қазақтың әлі күнгі жерден қол үзбей отырғаны – жер қазыналық болғандықтан. Бүгін тойғанына мәз болып, ертеңгісін ұмытқан қазақ бүгін жерін сатып тойып, ертең тендіреп кетер» [3. 213 б.]. Ата мекен жер туралы қазақ түсінігі тұтас елдің дәстүрін, жүйелі тарихын, философиясын қалыптастырды. Жер туралы елдің бір тұтас ұғымы ұлттық сана құбылысына айналды, ата баба рухы, өткен дәуірдің құндылықтары, ел байлығы, болашақ, тәуелсіздік тек қана ұлттың мұрасы жер бар жерде ғана сақталатындығын, ұлт болмысының негізіне айналып отыратындығын ата бабаларымыз жете түсінген. Бұны бүгінгі ұрпақта, ертеңгі ұрпақта біледі, сақтап отырады.

Тарихта елдігімен өткен қазақ тұлғаларының ұғымында зиялылар халықтан алшақтамау керек. Егерде олардың білімі, дәулеті елге пайда әкелсе елдің бірлігі нығаяды. Халықтың арасында бір біріне деген іштей сенімсіздік, өскелең ұрпақтың бойында күйзеліс болмайды. «Жұрт ғаділ болмай, жұрт ісі ілгері баспайды. Өзін-өзі қасқырша шауып отырған жұртта оқу, шеберлік болмайды» – деп Әлихан Бөкейханов айтып кеткен. Бұны әр адам жете түсінуі қажет деп есептейміз. Себебі қазақ зиялыларының ел мүддесіне қамқорлығы өмір талабынан туындаған. Қазақ тұлғалары үшін жер ұлттың өмірін жалғайтын дүние. Сондықтанда ол ұлттың қазынасы, ұлт меншігіндегі дүние болып ұрпақтан ұрпаққа табысталып отырмақ.

Пайдаланылған әдебиеттер: 

1. Күлтегін. Тоныкөк. Астана, Аударма. – 2002. 96 бет.

2. Жүсіпбек Аймауытов, Бес томдық шығармалар жинағы. 5- том. Алматы, «Ғылым», 1999 ж.

3. Ахмет Байтұрсынов, Ақ жол: Өлеңдер мен тәржімелер, публ. мақалалар және әдеби зерттеу. – Алматы: Жалын, 1991 – 464 бет.

4. Дулатов М. Бес томдық шығармалар жинағы, екінші том. – Алматы: «Мектеп» баспасы» ЖАҚ, 2003. – 392 б.

5. «Қазақ» газеті / Бас редактор Ә.Нысанбаев. -Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998. -560 бет.

Сәрсембин Үмбетхан,

философ-ғалым

alash24.kz 

Осы айдарда

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button