АБАЙДЫҢ КЕЙІПКЕРЛЕРІ
Көкірегіме сыр болып
Айналама қараймын.
Жан-жағында жүр толып
Замандасы Абайдың.
Уәде беріп, ат алып,
Жүр алдамшы Түйіспай.
Телі тентек атанып
Рахымшыл жүр сыйыспай.
Ғабидолла мастанып,
Жүр талайымен таласып.
Ақшасын басқа жастанып,
Тиын мен білім санасып.
Дауылбай да жоқ емес,
Атқожа – қу: сақ қара.
Қанша жесін тоқ емес
Апан ауыз Шотқара.
Мен білмеймін демейді,
Жұрттың бәрі дабыр әлі.
Қазір тіпті көбейді
Дипломды Абыралы.
Өсек тасып Көжек жүр,
«Бүксіп-бықсып» Дүтбай жүр.
Арамдықты көздеп жүр,
Адалдықты ұқпай жүр.
Ай, жылды жеп жатады,
Бір ғасырды тауысты.
Күленбайдың шапаны
Костюмменен ауысты.
Сөйлесе бұрын барқылдап,
Масақбай даңғой атшабар.
Қазір ол жайнап жарқылдап
Күліп сөйлейді патшағар…
Ақындардың бағы бар,
Сөзі барда, көзі жоқ.
Адамдардың бәрі бар,
Тек Абайдың өзі жоқ.
ТӘУЕЛСІЗДІГІМ МЕНІҢ!
Тәуелсіздігім менің!
Басыма қонған бозторғайдайын бақытым,
Теңіз түбінен теріп бір алған жақұтым.
Алты қат аспан астынан туған айымсың,
Жеті қат жерден қазып та алған ақ құтым.
Сардала кезіп, сан ғасыр еркін самғаған
Сақ бабам сақтап қалдырған сары сарқытым.
Асқардай асқақ болмайды, шіркін, кімде арман?!
Тағдырым ба еді – өтуім сұмдық сындардан.
Мыңдаған жылдар бітпейтін ауыр азаптан
Қырандай ширақ «Қайсарлық» деген үн қалған.
Ғасырдан өтіп еркіндік рухы сақталған
Алып римді қақ жарған қайсар Ғұндардан.
Тәуелсіздігім менің!
Арыстан азу, жолбарыс жүрек айбарым,
Самала соғып, жел есетұғын айдарым.
Асқар таулар мен шалқар көлдердей несібем,
Бұйралап қойған қыраттар менен сайларым.
Көз құртын салып, құтыра шапқан жауына
Қырын қаратып, жүзін бермеген аймағым.
Күркірей түсіп, өтті ғой талай күн қараң,
Айырмай қапсыз қайсысы жақсы, кім жаман.
Алыс туыстан жақын көршіні қалаймыз,
Жоқ шығар, сірә, зарымды олар тыңдаған?!
Үш ғасыр бойы ұлттығым отар болсада,
Бәрібір бұдан емендей рухым сынбаған.
Тәуелсіздігім менің!
БАСТЫСЫ ҚАЗАҚПЫН
Тәңірім сыйлаған
Тәуелсіз таң-нұрын.
Бақытқа иланам,
Беретін тағдырым.
Көзіндей көнемнің,
Қанымда қазақтық.
Мендегі өлеңнің
Арқауы – азаттық.
Бірлігім – кеңдігім,
Бар әлем куәгер.
Ерлігім – елдігім,
Қиялым құлагер.
Күнімін ғажаптың,
Өскем жоқ панасыз.
Тәуелсіз қазақтың
Теңдігі бағасыз.
Үкі боп тағылған
Үміттің жырымын.
Ақ таңға шомылған
Алаштың ұлымын.
Мен бүгін азатпын,
Жүрегім – жыр әлем.
Бастысы қазақпын,
Ризамын, бұған мен.