BaiQymyz гастрофестивалі: Үздік қымыз өндіруші қай өңірден шықты?

Астанада ел тарихындағы алғашқы әрі ауқымды «BaiQymyz – бапталған қымыз» гастрофестивалі жоғары деңгейде өтті. Қазақтың ұлттық сусыны – қымызға арналған бұл мәдени шара екі күн бойы 70 мыңнан астам қонақты қабылдап, қазақи рухтағы дәм мен дәстүрдің мерекесіне айналды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Фестивальдің ең маңызды сәттерінің бірі – еліміздің түкпір-түкпірінен келген қымыз өндірушілер арасында өткен «Ең үздік қымыз» байқауы болды. Жеңімпаздар фестиваль қонақтарының дауыс беруі арқылы анықталып, қомақты қаржылай сыйақымен марапатталды.

«Ең үздік қымыз» байқауының жеңімпаздары:
• І орын – Абай облысы, Саржал ауылы, «Жаныс» шаруа қожалығы – 20 млн теңге;
• ІІ орын – Қарағанды облысы, Қарқаралы қымызы, «Қарынши» шаруа қожалығы – 15 млн теңге;
• ІІІ орын – Ақмола облысы, Қымызнай қымызы, «Қабдулин» шаруа қожалығы – 10 млн теңге.

Zhanykulov Foundation қоры тағайындаған арнайы номинациялар бойынша да үздіктер марапатталды:
• «Алтын күбі» номинациясы – Қарағанды облысы, «Батыр рух» – 1 млн теңге;
• «Алтын қор» номинациясы – Ұлытау облысы, Жаңарқа, «Nomad milk» – 1 млн теңге;
• «Күміс торсық» номинациясы – Абай облысы, Қарауыл ауылы, «Әділ қымыз» – 500 000 теңге;
• «Текті сусын – Күміс шара» номинациясы – Ақмола облысы – 500 000 теңге.

Фестиваль аясында өткен маңызды шаралардың бірі – «Ер Қанаты» атты тұңғыш жылқы көрмесі болды. Бұл көрмені 3 000-нан астам адам тамашалады.

Келушілер назарын элиталы тұқымдар – гонновер, таза қанды ағылшын, орыс желісті, ахалтеке жылқылары мен қазақы тұқымдар: жабы, мұғалжар, қостанай, бесқарағай және «Ұлы Дала Жорығы» бәйгесінің чемпиондары ерекше аудартты.

Көрме жеңімпаздары:
• «Қазақтың ең сұлу жылқысы» номинациясы – мұғалжар тұқымы;
• «Қазақтың ең жүйрік жылқысы» номинациясы – қостанай тұқымы.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөздерінде ұлттық жылқы шаруашылығын қолдаудың маңыздылығын бірнеше рет атап өткен болатын. «Ер Қанаты» жобасының авторы және ұйымдастырушысы Әділ Орынбасарұлы бұл бастама жастарды ұлттық дәстүрлерге баулып, қазақтың ат мәдениетін сақтау жолындағы маңызды қадам екенін айтты.

«Ер Қанаты – бұл жай көрме емес, бұл – қазақтың ат мәдениетін сақтап қалу жолындағы қозғалыс», – деді Әділ Орынбасарұлы.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Ер Қанаты» жыл сайынғы дәстүрлі шараға айналады, ал келесі көрме Қазақстан Республикасының күніне орайластырылып өткізілмек.

BaiQymyz гастрофестивалі 19-20 шілде күндері «Қазанат» ипподромында өтті. Аталған жоба елордалықтар мен қала қонақтары тарапынан үлкен қолдауға ие болды.

Сол сияқты қараңыз

Пікірлер орны

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Scroll to Top

Поделиться

Facebook
VK
OK
WhatsApp