Жаңалықтар

Олжас Бектенов: Су тасқынынан зардап шеккендерге қажетті көмек көрсетіледі

Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларының орындалу барысымен танысу үшін Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлады Үкіметтік баспасөз қызметі.

“Су қоймалары бар Сергеев және Петропавл су тораптары – республикалық меншіктегі су шаруашылығы құрылыстарының тізбесіне енгізілген және ерекше стратегиялық маңызы бар су шаруашылығы құрылыстары. Сергеев су қоймасындағы жиналған судың көлемі 82%-ды құрайды. Бұл жерлерде саяжай учаскелерін ерекше назарда ұстауды тапсырамын”, – деп атап өтті премьер-министр.

Ол Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігіне жоспарланған барлық алдын алу іс-шараларын аяқтауды, ал ТЖМ-ға су тасқыны жағдайы ушыққан жағдайда күштер мен техниканы жұмылдыруды тапсырды.

“Өздеріңіз көріп отырғандай, еліміздің бірқатар өңірлерінде су деңгейі көтеріліп, су тасқыны орын алды. Барлық күштер жұмылдырылды. Республикалық және өңірлік жедел штабтар тәулік бойы жұмыс істеуде. Қазіргі таңда Төтенше жағдайлар, Ішкі істер, Қорғаныс министрліктері мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнаулы күштері мен құралдары — барлығы 4 мыңға жуық адам, 1,3 мыңнан астам техника су тасқынына қарсы жұмыстарға тартылды. Жол қатынасы қиын жерлерде адамдар тікұшақтармен эвакуациялануда. Жұмыстар қауіп толық сейілгенше жалғасатын болады. Жағдай қатаң бақылауда. Зардап шеккендерге Үкімет және әкімдік тарапынан қажетті көмек көрсетіледі”, – деп атап өтті Олжас Бектенов.

СҚО-ға жұмыс сапары алдында Үкімет басшысы Олжас Бектенов өңірлердің әкімдері мен төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтің су тасқыны жағдайын бақылау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы есептерін тыңдады.

Осы айдарда

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button