Сенат Төрағасы мәслихат депутаттарымен өңірлерді дамытуға қатысты өзекті мәселелерді талқылады

Сенатта Палата Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Жергілікті өкілді органдармен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Онда сенаторлар мен мәслихат депутаттары Мемлекет басшысының тапсырмаларынан туындайтын міндеттерді талқылап, алдағы бірлескен жұмыстың басым бағыттарын айқындап алды, деп хабарлайды Сенаттың Баспасөз қызметі.

Өз сөзінде Мәулен Әшімбаев ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеп берген міндеттерді жүйелі түрде іске асыру жолында күш біріктірудің маңызды екеніне назар аударды. Сондай-ақ Палата Төрағасы алдағы бірлескен жұмыстың бірқатар басым бағыттарына тоқталып өтті. Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, қазіргі таңда жаңа формациядағы заңдарды қабылдау ісіне мәслихат депутаттарын тартудың маңызы зор. Ал, сенаторлар өңірлерді дамыту мәселелерін, атап айтқанда, жергілікті инфрақұрылымның ерекшеліктері мен жағдайын жан-жақты зерделеп, қордаланған проблемаларды жүйелі түрде шешуге ықпал етуге тиіс.

Сонымен қатар Сенат Спикері мәслихаттардың жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін өзі басқаруды дамытудағы рөлі туралы айтты. Қолданыстағы заңнамаға енгізілген өзгерістердің нәтижесінде қазірдің өзінде функциялардың бір бөлігі орталықтан өңірлерге берілгені белгілі.

«Депутаттардың жергілікті жерлерде реформалардың іске асырылу барысына жоспарлы түрде мониторинг жүргізуін қолға алу маңызды. Қазіргі таңда басқару жүйесін орталықсыздандыру мәселесіне үлкен мән беріліп отыр. Осы бағытта жүргізілген әкімшілік реформалардың нәтижесінде Үкіметтің 500-ге жуық функциясы орталық мемлекеттік органдарға берілді. Ендігі кезеңде біршама құзыреттер жергілікті жерлерге беріледі. Алдағы айларда тиісті заңдарды қабылдауды жоспарлап отырмыз. Осыған байланысты мәслихаттардың рөлін одан әрі арттыру мәселесін қарастырған жөн. Әкімшілік өзгерістердің осындай жаңа кезеңі жергілікті өкілді органдардың құзыретін кеңейтуге де жол ашуы қажет», – деді Палата Төрағасы.

Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев өңірлердің мүддесін қоғайтын Палата ретінде Сенат мәслихаттармен өзара байланысты әрі қарай арттыра түсетінін айтты. Осы бағытта «Өңір» депутаттық тобының құрамы жаңартылды. Одан бөлек, Жергілікті өкілді органдармен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі кеңестің қызметі қайта құрылып, алдағы мақсат-міндеті нақтыланды. Кеңестің құрамы өзгеріп, оған барлық мәслихат төрағалары мүше болғанын да атап өткен жөн.

«Қайта жаңартылған мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес алдағы уақытта өңірлік дамудың және осы саладағы заңнаманы жетілдірудің өзекті мәселелерін талқылайтын маңызды алаңға айналуға тиіс. Осы ретте халықпен тиімді кері байланысты қамтамасыз етуге ерекше назар аудару керек. Сенат жергілікті өкілді органдардың ұсыныстарын қарауға және оларды іске асыруға ықпал етуге дайын. Сондай-ақ қабылданған заңдар мен бағдарламалардың мәнін азаматтарға түсіндіріп, жеткізудің де маңызы зор. Бұл да Кеңестің стратегиялық міндеттерінің бірі болуы қажет. Осылайша, бәріміз бірлесіп, Мемлекет басшысы белгілеп берген өңірлерді жан-жақты дамыту жөніндегі міндеттерді табысты іске асырамыз деп сенемін», – деді Мәулен Әшімбаев.

Отырыс барысында қатысушылар мәслихаттарға әдістемелік көмек көрсету, осы бағытта жергілікті өкілді орган депутаттарына арналған тұрақты семинарлар мен тренингтер ұйымдастыру және тәжірибе алмасу мәселелерін де қарады. Сондай-ақ мәслихат төрағалары Палатаның тұрақты комитеттерінің мүшелерімен кездесіп, өңірлердегі түрлі маңызды мәселелерді талқылады.

Сол сияқты қараңыз

Пікірлер орны

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Scroll to Top

Поделиться

Facebook
VK
OK
WhatsApp