Еліміздің бас шаһарында Қазақстан – Тәжікстан бизнес-форумы басталып, онда екі елдің мемлекеттік органдарының өкілдері мен өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, туризм, логистика және фармацевтикамен айналысатын кәсіпкерлер жиналды.
Бұл ретте аталған форум арқылы екіжақты іскерлік байланысты нығайтып, сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту көзделіп отырғанын айта кету керек.
Ауқымды жиынның барысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Динара Щеглова ұзақ жылдан бері елдеріміз арасында сенімді әріптестік орнап, достық қарым-қатынас өз нәтижесін беріп келе жатқанын жеткізді.
«Екіжақты интеграциялық процестің жемісті жылдары Қазақстан мен Тәжікстанның арасында тұрақты байланыстың негізін қалыптастырды. Айталық, мемлекеттеріміз көлік және өнеркәсіп бағытында бірлесіп жұмыс істеп келеді», Д.Щеглова.
Мәселен, былтыр екі ел арасында теміржол көлігімен транзитті жүктердің тасымалы 3,4%-ға ұлғайды. Ал шойын жол арқылы тасымалданатын жүктердің экспорт-импорт көрсеткіштеріне келсек, оның 19%-ға көбейгені байқалған. Тұтастай алғанда, көлік саласында екіжақты қатынас оң жолға қойылған.
Әуе қатынасына тоқталсақ, қазір Қазақстан мен Тәжікстан арасында Алматы – Душанбе бағыты бойынша аптасына 4 рейс орындалып келеді. Бұл орайда Д.Щеглова Астана – Душанбе арасындағы тұрақты авиарейсті жандандыру мәселесі қарастырылып жатқанын атап өтті.
Өнеркәсіп секторындағы өзара әріптестік туралы айтар болсақ, қазір машина жасау, химия және металлургия өнімдерін жеткізуге байланысты жұмыстар жалғасып жатыр. Оның ішіне натрий цианидінің, алюминий тотығының, таскөмірдің қалдығы мен басқа да шикізат түрлерінің тасымалы кіреді.
Форумдағы сөзін түйіндеген вице-министр еліміз екіжақты стратегиялық әріптестікті одан әрі күшейтіп, кеңейтуге мүдделі екенін айтты.