Мәскеуде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев пен Ресей Федерациясының Көлік министрі Виталий Савельевтің төрағалығымен Қазақстан-Ресей ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының көлік саласы бойынша кіші комиссиясының XVII отырысы өтті, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
Отырыста екі елдің көлік саласындағы әріптестігінің негізгі бағыттары, оның ішінде «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізінің логистикалық әлеуетін іске асыруға қатысты бірлескен жоспарлар қаралды.
Сондай-ақ екіжақты байланысты кешенді дамыту бойынша бірқатар уағдаластыққа қол жеткізілді. Оның ішінде, көлік жөніндегі кіші комиссияның мәртебесін аталған елдердің көлік саласына жауапты ведомство министрлерінің деңгейіне дейін көтеріп, сонымен қоса екі мемлекеттің Үкіметтері арасында Қазақстан мен Ресей Федерациясының мемлекеттік шекаралары арқылы көлік, көлік инфрақұрылымын және өткізу пункттерін дамыту саласындағы өзара әріптестікті ұйымдастыру туралы келісімнің жобасы қамтылды.
Алқалы жиынның қорытындысы бойынша хаттамаға және Қазақстан мен Ресейдің мемлекеттік шекараларындағы автомобиль және теміржол өткізу пункттерінің инфрақұрылымын дамыту жөніндегі бірлескен іс-шаралар жоспарына (Жол карталары) қол қойылды.
Жол карталарын іске асырудың нәтижесінде екіжақты жүк айналымы мен жолаушылар ағыны ұлғайтылып, еліміздің көлік-логистикалық әлеуетінің одан әрі үдемелі дамуын қамтамасыз етіледі деп күтілуде.
Сонымен қатар Ресей Федерациясының Табиғи ресурстар және экология министрі Александр Козловпен өткізілген кездесуде геология саласындағы іскерлік қарым-қатынасты орнату жолдары қаузалды.
Бұдан бөлек сапар барысында ҚР ИИДМ басшысы Қазақстан мен Ресейдің бизнес өкілдерімен бірқатар кездесу өткізіп, оның барысында бірлескен кооперациялық жобалардың қазіргі жағдайы, сондай-ақ ынтымақтастық перспективаларына қатысты мәселелер талқыланды.