Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің депутаттары «Бюджет саясаты моделін реформалау» тақырыбында дөңгелек үстел отырысын өткізді. Оған ұлттық экономика, қаржы министрліктерінің басшылығы, сондай-ақ Жоғары аудиторлық палатаның мүшелері қатысты, деп хабарлайды Сенаттың Баспасөз қызметі.
Комитет төрағасы Сұлтанбек Мәкежанов өз сөзінде Қазақстан мемлекеттік қаржыны тиімді басқаруға және еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының басым міндеттерін іске асыруға бағдарланған заманауи бюджеттік жүйені құру бойынша үлкен жолдан өткенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы қойған міндеттерді ескере отырып, бюджет жүйесін реформалау тиімділікті және мемлекеттік шығыстардың нәтижелілігін арттыруға, Ұлттық қор қаражатын ұтымды пайдалануға және мемлекет қаржысының теңгерімділігін қамтамасыз етуге бағытталуға тиіс. Осы тәсілдерді тиімді іске асыру жаңа Бюджет кодексінде көрініс табуы тиіс», – деді сенатор Мәкежанов.
Дөңгелек үстелге қатысушылар жаңа Бюджет кодексінің негізгі бағыттары мен міндеттерін талқылады. Олардың ішінде: салық-бюджет саясатының берік іргетасын қалау, бюджет қаржысын жоспарлау мен пайдаланудың тиімділігін арттыру, сондай-ақ бюджет процесіне қатысушылардың есеп беруін қамтамасыз ету мәселелері бар.
Сенаторлар кездесу барысында борышқа бекемдікке, оның ішінде бюджеттік қауіптер мен мемлекеттік қаржысының ұзақ мерзімді тұрақтылығы туралы жыл сайынғы талдау есепті дайындау аясында кешенді талдау жүргізу қажеттігін атап өтті.
Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Тимур Жақсылықов, Қаржы министрінің орынбасары Дәурен Темірбеков, сондай-ақ Жоғары аудиторлық палатаның мүшесі Юлия Энгель де баяндама жасады.
Сұлтанбек Мәкежанов дөңгелек үстел қорытындысы бойынша жаңа Бюджет кодексін әзірлеу аясында кездесуде айтылған ұсыныстар нәтижелерді басқарудың жаңа құралдарын енгізу есебінен бюджет қаржысын жоспарлау мен пайдаланудың тиімділігін арттыруға әсер ететінін және бюджеттік процеске қатысушылардың есеп беруі мен транспаренттілігін қамтамасыз ететінін атап өтті.