Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаров БҰҰ Бас хатшысының саяси мәселелер жөніндегі көмекшісі – БҰҰ-ның Орталық Азия үшін превентивті дипломатия бойынша Өңірлік орталығы (ОАПДӨО) басшысының міндетін атқарушы Мирослав Енчамен кездесті, деп хабарлайды Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Қ. Омаров БҰҰ-мен ынтымақтастық Қазақстанның сыртқы саясатының басым бағыты болып табылатынын атап өтіп, Ұйым басшылығына қазақстандық халықаралық бастамаларына қолдау көрсететіні үшін алғыс білдірді. Тараптар Орталық Азия мен Ауғанстандағы ахуалды, терроризм мен экстремизмге қарсы күресті, су ынтымақтастығын, сондай-ақ өңірде бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау үшін превентивті дипломатия құралдарын дамыту мен нығайтуды талқылады.
М. Енча өткен жылдар ішінде Қазақстан мен БҰҰ арасында қалыптасқан көпжылдық әріптестік пен сенімге оң баға беріп, еліміздің өңірлік ынтымақтастық мәселелеріндегі белсенді ұстанымы үшін алғысын білдірді. Жақында аяқталған сайлау циклі тұрғысында М. Енча Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған, одан әрі демократияландыруға, құқық үстемдігін нығайтуға және инклюзивті экономикалық өсуге бағытталған кешенді реформалар туралы жоғары пікір білдірді.
Анықтама: Біріккен Ұлттар Ұйымының Орталық Азия үшін превентивті дипломатия бойынша Өңірлік орталығы 2007 жылы Орталық Азияның 5 мемлекеті үкіметтерінің бастамасымен құрылған және БҰҰ-ның саяси және бейбітшілікті құру мәселелері жөніндегі департаментінің арнайы саяси миссиясы болып табылады. Штаб-пәтері Түрікменстанның Ашхабад қаласында орналасқан.
Орталықтың негізгі мақсаты – Орталық Азия мемлекеттеріне өңірдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікке төніп тұрған және ықтимал қатерлерді анықтау мен жоюға жәрдемдесу. Бұдан басқа, Өңірлік орталық ОА мемлекеттері арасындағы өңірлік және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастығы барысында әріптестік қатынастарды ілгерілетуге ықпал етеді.