Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдағы 7 жылда кемінде 150 млрд АҚШ доллары көлемінде шетелдік инвестицияларды тарту жөніндегі тапсырмасын орындау бойынша жұмысты жалғастыруда, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанға тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 28 млрд АҚШ долларын құрады, бұл 2021 жылдан 17,7%-ға артық (23,8 млрд доллар). Бұл көрсеткіш соңғы 10 жылда рекордтық сандарға жетті (2012 жылы – 28,9 млрд доллар).
Елдер бөлінісінде ең көп инвестиция Нидерландтан – 8,3 млрд доллар, АҚШ-тан – 5,1 млрд доллар, Швейцариядан – 2,8 млрд доллар, Бельгиядан – 1,6 млрд доллар, Ресейден – 1,5 млрд доллар, Оңтүстік Кореядан – 1,5 млрд доллар, Қытайдан – 1,4 млрд доллар, Франциядан – 770 млн доллар, Ұлыбританиядан – 661 млн доллар, Германиядан – 469,5 млн доллар көлемінде түсті.
Салалық бөлінісінде инвестициялардың ағыны тау-кен өндіру өнеркәсібіне – 12,1 млрд доллар (25%-ға өсу), өңдеу өнеркәсібіне – 5,6 млрд доллар (+2,7%), көтерме және бөлшек саудаға – 5,1 млрд доллар (+36%), кәсіби, ғылыми және техникалық қызметі – 1,2 млрд доллар (2,2 есе), көлік және қоймалау – 1,2 млрд доллар (+13,5%) көлемінде тиесілі.
Өңірлік бөліністе инвестициялардың көбісі Атырау облысына – 8,3 млрд доллар (өсім 48,3%), Алматы қаласына – 7,6 млрд доллар (+10,9%), Астана қаласына – 2,2 млрд доллар (+107,2%), Шығыс Қазақстан облысына – 2,2 млрд доллар (+3,1%), Ақтөбе облысына – 1,2 млрд доллар (11,2%-ға төмендеу) келеді.