Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің депутаттары Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде «Мемлекеттік қызмет туралы заңнамадағы жаңалықтар» тақырыбы бойынша көшпелі отырыс өткізді. Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметі хабарлайды.
Мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдірудің өзекті мәселелерін талқылау – кездесудің басты мақсаты болды.
«Агенттік Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мемлекеттік қызметті одан әрі жетілдіруге бағытталған бірқатар жобаларды жүзеге асырып келеді. Олардың бәрі біздің мемлекетіміздің игілігі үшін жұмыс істейді деп сенім артамыз. Сонымен қатар біздің комитет мүшелері зерттеуді және заңнамалық тұрғыдан бекітуді талап етуі ықтимал бірқатар мәселелерді көтеріп отыр», – деді Сенат комитетінің басшысы Андрей Лукин.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев сенаторларға мемлекеттік қызметті бюрократиядан арылту, цифрландыру, мемлекеттік қызметке кіру кезінде артық кедергілерді жою және одан «кету» тәртібін оңайлату жөнінде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді.
Сенаторлар кездесуді қорытындылай келіп, бірқатар ұсыныстарын айтты. Онда өңірлердегі белсенді және талантты жастарды мемлекеттік қызметке тарту мақсатында «Өңірлік кадр резерві» жобасының сапалы іске асуын қамтамасыз ету, сондай-ақ мемлекеттік органдардың жұмыс уақыты тәртібінің сақталуына мониторинг жүргізу жөніндегі Агенттіктің өкілеттігін іске асыру жөнінде қажетті шаралар қабылдау да бар.