Мәулен Әшімбаев ЕҚЫҰ байқаушыларымен кездесті

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев пен бір топ депутат ЕҚЫҰ және ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының байқаушылар миссиясының өкілдерімен кездесті. Аталған делегация елімізге Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттардың депутаттарын сайлауды байқау үшін келді, деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі.

Мәулен Әшімбаев шақыруды қабыл алып, сайлау барысына мониторинг жүргізу үшін Қазақстанға арнайы келген халықаралық байқаушыларға ризашылығын білдірді. Сондай-ақ Сенат Төрағасы Қазақстанда сайлаудың ұлттық заңнамаға және халықаралық нормаларға сай өтуі үшін барлық шара қабылданып жатқанын атап өтті.

Палата Спикері елімізде іске асырылып жатқан саяси жаңғыртуларға да тоқталып, мұндай қадам сайлау процесін одан әрі тиімді етуге мүмкіндік бергенін айтты. Бұл ретте Мәжіліс депутаттарын партиялық тізімдер және бір мандатты округтер бойынша сайлаудың жаңа аралас жүйесі енгізілгені, партиялық тізімдерге әйелдер, жастар және мүгедектігі бар азаматтарға арналған 30 пайыздық квота қосылғаны, парламенттік оппозиция мәртебесі заңмен бекітілгені, саяси партияларды тіркеу тәртібі жеңілдетілгені және тағы басқа мәселелер жөнінде сөз болды.

«Біздің ел әділ, ашық және бәсекеге қабілетті сайлау өткізуге мүдделі. Қазақстанды тұрақты және демократиялы мемлекет ретінде одан әрі дамыту үшін бұл айрықша маңызға ие. Қазір халық нақты өзгерістерді күтіп отыр. Олардың үміттерін ақтау керек. Осы ретте бұл сайлауда белсенділік пен бәсекелестіктің жоғары деңгейі байқалғанын атап өткім келеді. Бұл – елдің саяси белсенділігін көрсететін оң үрдіс», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Сенат Төрағасы ЕҚЫҰ және ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының байқаушыларына Қазақстандағы парламенттік сайлауды байқау миссиясын ұйымдастырғаны үшін алғыс білдірді. Сайлау барысын бақылауда байқаушылар маңызды рөл атқаратыны да әңгімеге арқау болды.

Өз кезегінде халықаралық байқаушылар сайлауға дайындықтың жоғары деңгейін тілге тиек етті. Сондай-ақ алдағы уақытта да парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға сенім білдірді.

Айта кетейік, ертеңгі сайлауға 12 халықаралық ұйым мен 41 елден келген 793 байқаушы мониторинг жүргізеді.

Сол сияқты қараңыз

Пікірлер орны

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Scroll to Top

Поделиться

Facebook
VK
OK
WhatsApp