Елімізде оқушы орындарының тапшылығы мәселесі нақты шешімдерді қажет етеді. Қоғамда орын алған демографиялық өсуді ескеретін болсақ, қазақстандық жалпы білім беретін мектептер халықтың қажеттілігін толыққанды қанағаттандырып отырған жоқ. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидат Полат Буранов мектеп салуды әкімдіктердің өтінімі негізінде емес, өңірдегі бір оқушыға арналған норматив негізінде жоспарлауды ұсынады.
«Жалпы білім беретін мектептер мен балабақшалардағы орын тапшылығы сияқты әлеуметтік мәселелер менің де басымнан өтті. Менің ойымша, мемлекетіміз елдің болашағы – жастарға инвестиция құюы керек. Бүгінгі таңда сонымен бірге тегін спорт мекемелері мен шығармашылық орталықтардың, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған орталықтардың тапшылығы байқалады. Мен көпбалалы әке болғандықтан, мен үшін отбасылық құндылықтар, барлық деңгейдегі білім берудің сапасы мен қолжетімділігі өте маңызды», деп атап өтті Полат Буранов.
Сонымен қатар елдегі орта білім беру ұйымдарының басым бөлігі кеңес заманында бой көтерген. Жаңадан салынған білім беру ұйымдары да бар, дегенмен арасында сапасы көңіл көншітпейтіндері де кездеседі.
Мектептердегі орын тапшылығы мәселесі әсіресе оқушылар мен ата-аналарға қатты сезіледі. Атап айтқанда, сыныптардың әріптік белгілері кей кездері алфавиттің соңына дейін жетіп жатады, яғни балалар екі-үш ауысымда оқиды. Осыған байланысты мектептердің құрылысы кезінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігін қолданудың маңыздылығын атап өткен жөн.
«Бұл мәселені шешу барысында жеке инвесторлар мен мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту тетігі көмектесе алады. Бұл туралы білім беру саласындағы сарапшылар бірнеше рет айтқан болатын. Осы ретте жан басына шаққандағы қаржыландыру құралдары кеңейтілгені, нормативті құқықтық актілердің жетілдірілгені қуантады. Бүгінгі таңда кез-келген кәсіпкер жобаға қыруар ақша салып, тәуекел ете бермейді. Дей тұрғанмен, мұндай тәжірибе өзектілігін жоғалтпай, әрбір қазақстандық оқушы сапалы білімге қол жеткізуіне ұмтылуымыз қажет», деп қорытындылады ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидат Полат Буранов.