Ой-толғау

Тағзым мен тағылымға толы еңбек

Әр заманда ұлт пен мемлекет келбетін жарқын да жасампаз идеяларымен айқындайтын тұлғалар болған. Біздің сондай тұлғамыз – Абай Құнанбайұлы!

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Әлемдік мәдениетте Абайды қаншалықты жоғары дәрежеде таныта алсақ, ұлтымыздың да мерейін соншалықты асқақтата түсеміз. Бүгінгі жаһандану дәуірінде, ақпараттық технологиялар заманында Абай сөзі баршаға ой салуы тиіс»,- деген ойы үлкен мәнге ие. Абай мұрасы арқылы барша әлеуметті, әсіресе жастарымызды елдікке баулудың бірден-бір дара жолы және Қазақстанды әлемге танытудың өнегелі өрісі екені сөзсіз.

2020 жылы Абайдың 175 жылдық мерейтойы  аясында халықаралық жəне республикалық, қоғамдық маңызды ғылыми-ағартушылық іс-шаралар, конференциялар, симпозиумдар, дөңгелек үстелдер, поэтикалық жəне əдеби конкурстар, челлендждер және т.б. көптеген тағылымды шаралар ұйымдастырылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абайдың 175 жылдығында ысырапшылдыққа емес, идеологиялық маңызы бар шараларға басымдық беру керек. Той деген тойлау үшін емес, ой толғау үшін қажет…»  – деген сөздері Абай мерейтойын жаңаша пайыммен өткізуге бағдар беріп,  «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» және «Абай – рухани реформатор» атты бағдарламалық мақалалары ұлы ақын шығармашылығын еліміздің рухани даму тетіктерінің біріне айналып, абайтану саласында тың  ізденістер жасауға бастама болды.

Абайдың 175 жылдық мерейтойының жоғары дәрежеде аталып өтуіне  елордамыздың іргелі оқу орындарының бірі  Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті және «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институты сүбелі үлес қосты. Көптеген Халықаралық және республикалық деңгейдегі  шаралардың өтуіне, абайтану саласындағы ғылыми жұмыстардың жүзеге асуына, Абайды ұлтымыздың мәдени капиталы ретінде насихаттауға, еліміздің еңсесін көтеріп, халқымыздың өресін өсірген айтулы мерейтойға бірден-бір үлес қосқан ел азаматтарының бірі «Абай академиясы» жобасының ғылыми жетекшісі, академик Ерлан Бәтташұлы Сыдықов.

Биылғы жылы да «10-тамыз Абай күніне» орай Е.Сыдықовтың басшылығымен бірқатар іргелі жұмыстар жоспарланып, жүзеге асырылуда. Соның бірі, Абай күніне ерекше тарту болатын, Абайдың 175 жылдығы аясында атқарылған ауқымды шаралардың қорытындысы негізінде – «Абай мерейтойы» атты тарихи-деректі жинағы жарыққа шықты.

Оқырман қауымның назарына ұсынылып отырған тарихи-деректі жинақ – Ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойының тынысы мен тарихи сәттеріне арналған. Абай тойы – ең алдымен, даналықтың, кемеңгерліктің шарасы болса, жинақтың да мақсаты – елдің ақын рухына тағзымын, мерейтойдан алған тағылымын нақты деректермен танымдық тұрғыдан жан-жақты көрсету және иллюстративтік негізде қорытынды жасау.

Абай ойлаған биік мақсатқа тек кемел білім мен терең ақыл және саналы ой ғана апаратыны ақиқат дүние. Мемлекет басшысы «Келер ұрпақ Абайдың сара жолын жалғауға тиіс. Бұл – ұлы ақын арманының орындалуы. Сондықтан біз Абайдың ойынан да, тойынан да тағылым алуға тиіспіз», – деген ойы «Торқалы тойдың тағылымының» еліміз үшін айрықша маңыздылығын анық көрсетеді. «Ұлылықтың тойы ұлт алдындағы ұлы міндеттің үдесінен шығудың жолын іздеуге ұмтылдыруы тиіс. Әр азамат осы тойдың алдында еліміз, елдігіміз жөнінде терең ойланса дейміз», – деген сөзі, осы тойға қандай зерделі көзбен қару керектігін аңғартқан болатын. Шындығында да ақын тойы күллі әлемді жайлаған пандемияның кедергісіне дес берместен, республикалық және халықаралық деңгейде абыроймен аталып өтілді.

«Абай мерейтойы» атты тарихи-деректі жинғы – Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы даңғазалық пен науқаншылдық, ысырапшылдық пен ынсапсыздықтың тойы емес, ақынға жасалған тағзым мен еліміздің тағылым алар мерейлі тойы болғандығын нақты деректер мен айшықты сәттерден тұратын тарихи кездің жарық көріністерінен тұрады. Ақынның 175 жылдық мерейтойына дайындық және өткізу жөнінде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығынан бастап, мемлекеттік деңгейде комиссия құрылып, елімізде және шетелдерде түрлі мәдени-танымдық іс-шаралардың атқарылуы, Абай мұрасының жан-жақты насихатталуы мен оған қатысты тарихи-мәдени нысандардың күрделі жөндеуден өту барысы негізге алынған.

Абайдың асыл сөздерін, терең философиясын, даралық даналығын, адамзат баласын бауырым сүйіп, халқына деген ыстық танымын, туған елін жоғары дамыған дәрежеде көргісі келгендігін, жалпы ақынның ақыл-ой, терең идеялары жан-жақты таныту барысындағы атқарылған ауқымды шаралар көрініс табады. «Той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін» жасалған ізгі дүниелер таразылана ұсынылды. Ең негізгісі осы тойдың барысынан біз қандай тағылым алдық… Абайдың асқақ арманы не еді, біз мерейлі жыл аясында сол үддеден шыға алдық па…? Осы сұрақтың жауаптары ұсынылып отырған жинақта атқарылған ауқымды шаралардың көріністері арқылы барынша жауап береді деп ойлаймыз.

Кешегі Абайдың 175 жылдығынан бері күн өткен сайын 2020 жылдың басты оқиғасы тарихқа айналуда. Бұл тарих ХХІ ғасыр Қазақстан мен Абай арасындағы рухани сабақтастықтың, ұлттық санасы кемелденуі мен ақыл көкжиегінің өсуінің тағылымын дәріптейді.

10-тамыз Абай күніне орай арнайы жарық көрген жинақ ақынның ел дамуындағы, әлемге танылуындағы орнын айқындап, зер салған кешенді еңбек.

Ұлы ақын мерейтойының айшықты сәттері мен тарихи-маңызы жоғары игі істерді тарихи-деректі жинақ арқылы таныстыру Абай жылын қорытындылау арқылы, қоғам дамуы мен жаңғыруына, ақын рухына деген тағзымның тағы бір көрінісі деп сенеміз! Абай күні – құтты болсын!

Жандос Әубәкір, «Абай академиясы» ҒЗИ директоры, ф.ғ.к., доцент

Abai.kz

Осы айдарда

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button