Түркістан легионері Ғ.Бейісовтің Мұстафа Шоқай туралы жазғаны

Түркістан легионері Ғайпен Бейісовтың «Тамұқтан өткен тағдыр»  (Бейісов Ғ. Тамұқтан өткен тағдыр Деректі әңгіме  – Алматы: «Өлке», 2002, – 400 б.) атты деректі әңгіме кітабындағы басты тұлғалар екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі тарихтың «ақтаңдақтар» беттерінен ойып, өз орындарын алатын қайраткерлер екендігін кәрі тарихтың өзі дәлелдеп берді. Ол естеліктерін 1955 жылы Қоянды басқармасы лагерінің 3-бөлімінде жүріп жаза бастаған (А.Ахмет «Бұлбұлдың үні» немесе Түркістан легионерінің кітапшасы  // Мұнайлы астана, 3, 7, 10, 17  қараша 2006 жыл.; «Бұлбұлдың үні» немесе Түркістан легионерінің кітапшасы // Каспий өңірі тарихи мәселелері (ғылыми мақалалар жинағы) -Атырау,  2007 ж. – 8-26 бб.). Көп күрсінткен күрең жылдар Ғайпекеңнің жадынан қалай өшсін.

Кітаптың алғы сөзінде автор: «Мені Кеңес үкіметі соттады екен деп табалап, жоқты бар, болмағанды болды қылып жазу ойымда болған да, келген де емес. Тарих бетіне батпақ жағып, тас лақтыру не өзгертуге тырысу, өңін айналдыру. Ол тарихқа қастандық жасаумен тең деп түсінемін. Мақсатым – жеке басымнан өткен, нақты естіген-білгендерімді қағаз бетіне түсіріп, келешек ұрпаққа қалдырып кету. Осынау белгісіз, еңбектері еш кеткен жазықсыз жандардың осы уақытқа дейін опасыздар деп аталуына қосылмайтындығымды білдіремін. Егер мен осы естелікті жазбай дүниеден өтсем, барлық күнәні арқалап кеткен болар едім. Бұдан 50 жыл бұрын жазыла бастаған естелік осы жайлы есеп береді», – деп жазды.

Деректі әңгіме кітапта Мұстафа Шоқай, Вели Каюмхан, Хамза Абдуллин  (әдеби бүркеншек есімі Сайран), Мәулікеш Қайболдин (Асан Қайғы), Мәжит Аяпбеков (М.Дара), Баймұрза Хайт, Қарес Қанатбаев, Қази Қазыбеков (Қази), Мәжит Айтбаев (Қобызшы Қорқыт) т.б. сияқты соғыс кезіндегі Берлиндегі Түркістан Комитетінің көрнекті өкілдерінің қилы тағдырлары жан-жақты әңгімеленеді (А.Ахмет Түркістан легионерінің тағдыры бүгінгі ұрпақты өткеннен сабақ алуға үндейді //  Алтын Орда, 12 сәуір 2012 ж.; А.Ахмет  Сен оны ұмытпауға тиістісің!  // Егемен Қазақстан, 23 наурыз 2013 ж.).

Ғ.Бейісов М.Шоқай туралы 1970 жылдары жаза бастаған. Түркістан легионының сарбазы былай деп жазды: «Түркістан легионы, оның көсемі Шоқай туралы жазылмай, ақтай қалып келді. Күні келгенде түркістандықтар ұлы адамын өздері тауып алады, қадірлейді. Оның сүйегін Берлиннен туған жеріне алып келетініне сенімім мол. Мен өзімді Шоқайдың сарбазымен деп есептеймін. Сол үшін Кеңес өкіметіне он жыл лагерьде отырып ақысын төлеп шыққанмын. Жазбауға қақым жоқ деп түсінемін. Ғасыр өтеді, Мұстафа бек армандап кеткен ұлы Түркістанды ерте ме, кеш пе, орнайтынына сеніп, сеніммен дүниеден өтемін» ((Бейісов Ғ. Тамұқтан өткен тағдыр Деректі әңгіме, 119 б.).

Аталған еңбегінде автор көрнекті мемлекет, қоғам қайраткері М.Шоқайға ерекше тоқталады. Ол туралы кітапта «Мұстафа бек Шоқай», «Мұстафа бек Шоқай жасаған жоба», «Мұстафа бек Шоқай туралы әңгіменің жалғасы» және Елі ерін ұмытпайды «Мұстафа бек Шоқайдың туғанына 110 жыл» атты тараулары бар.

Ғ.Бейісов алғаш рет және соңғы рет М.Шоқаймен кездескені туралы:  «Желтоқсанның бас жағы, 1941 жылы жерге қар түсе қойған жоқ. Сүзек обасы әбден жайлап алды. Тұтқын полицай бастығы – қалмақ полицай хабарлама жасады. «Қазір жертөлеге бір қазақ генералы келіп қарайды. Сол жақтан жерлеріңде жатып, тыңдаңдар. Есік алдына жақындамаңдар. Жағындаңдағандарыңа 25 қамшы дүре соғылады» деп ескерту жасалды. Жертөленің қақпасының алдында тұрып басындағы қоңыр фетр қалпағын қолына алып, басын иіп амандасты. Ұмытпасам, аласа бойлы, сопақ бет, шекесі жалтыраған, шашы жоқ кісі. Бірін естіп, бірін естімейміз.  Түркістан деген бір үкіметті айтады. Ол бізге неге керек екенін біліп жатқан біздер жоқ. Ол асықпай, саспай сөйлейтін адам болса керек.

– Амандық болса, мен келіп жағдайларыңды біліп кетіп тұрамын. Жағдайларың жақсарды дегеннен басқа ешнәрсе айтпай кетті. Ол кісі сол кеткеннен мол кетті. Қайта оралмады.  Кейін ақыл есіміз кіргенде біліп естісек ол кісінің Мұстафа бек Шоқай екенін аңғардық, – деп еске алады. Оған тұтқындар тарпынан бірнеше сұрақтар қойылған. Бұдан соң Гродно тұтқын лагеріне ауыстырылған тұтқындардың жағдай жақсара бастайды, оған таң қалған тұтқындарға немістердің берген жауабы: «Мұстафа бек Шоқай дегенге рахмет айтыңдар. Сол кісінің сарбазы боласыңдар», – жауап берген. Ал адамгершілікті де, аяушылықты да білмеген Кеңес  өкіметі «Бізде әскери тұтқындар жоқ, сатқындар бар» -деді де миллиондаған тұтқындардың тағдырын  тозаққа салды (Есмағамбетов К., Ахмет А. Соғыс тұтқындары мәселесі әлі де қоғам назарында . Егемен Қазақстан газеті, 9 мамыр 2012 ж.).

Потсдамдағы Вермахтының Жоғарғы Бас командованиесі үгіт-насихат департаментінің алты айлық курсынан өткен соң Ғ.Бейісов Мұстафа Шоқайдың түркістандық тұтқындарды қалай пайдалану жөнінде жазған рефератын полковник фон Мронговиюстен алып танысқандығы туралы айтады. М.Шоқай жасаған жоба жазылған кітапша форматы оқушы дәптерінен сәл кішілеу, түсі ақ сұр. Шамасы 70-80 парақтай. Жоба немісше, қазақша, орысша жазылған. Қазақшасы латын әріпімен жазылған. М.Шоқай неміс жерінде уақытша болса да Түркістан үкіметін құру керектігін басты мәселе етіп қойған деген пікірін білдіреді. Рефератта:

  1. Түркістан комиетін құру.
  2. Түркістан қарулы күшін ұүру.
  3. Сарбаздарын тұтқынға түскен еріктілерден топтастыру.
  4. Тұтқындар ішінен әскерге жарамайтындарын Алмания зауыт, фабрикаларына жұмысқа ерікті азамат ретінде пайдалану. Мүгедектерін үкімет тарапына заңды зейнеткерлікке шығару.
  5. Олардың үй болып кетуіне тиым салмау. Үкімет тарапынан қарыз беру. Бірнеше жылға кесіп.
  6. Түркістан командирлер курсын ашу.
  7. Түркістан еріктілерін солдат деп атау. Оның киімңнің сыртында бөлек «эмбелма» болуы.
  8. Түркістан солдаттарының правосы Алман солдаттарымен бірдей болуы.
  9. Түркістан солдатының ішінен Алман нұсқаушыларын қою.
  10. Қала транспортына тегін жүру.
  11. Түркістан ұлттық баспасөзін ұйымдастыру.
  12. Радио хабарлар ұйымдастыру.
  13. Түркістан ұлттық ансамбілін ұйымдастыру.
  14. Тұтқынға түскен түркістандықтарды тұтқын деп санамай, оларды еріктілердің «резерві» деп санау.
  15. Мұсылман діні жолымен тәрбиелеу: Солдаттарға бес уақыт намаз оқуға мүмкіншілік туғызып, уақыт белгілеу.
  16. Молдалар курсын ашу. Әрбір бөлімшелерде молда болуына рұқсат ету.
  17. Келешек Түркістанның дипломаттық кадрлерін осы бастан Алман жоғары оқу орнында оқытып, үйрете беру.
  18. Түркістан солдаттарын шығыс майданға жібермеу. Орыс жері Түркістан жері емес екенін ескеру. Түркістандықтарды өз Отанының шекарасына барғанда майданға кіруге рұқсат беру.
  19. Түркістандықтар үшін олардың батыр ерлігін көрсететін медаль, Түркістан ордендерін шығару.
  20. Түркістан пропаганда мектебін ашу. Оларды Түркістан тылына түсіру (Бейісов Ғ. Тамұқтан өткен тағдыр Деректі әңгіме,113-114 бб).

Бұл жоба туралы Ғ.Бейісов  түркістандықтардың ішінде білетін кім бар екен деп жүрген кезінде Берлинде Түркістан комитетінде татар эмигранты Ғалымжан Идрисимен танысып, жақсы қарым-қатынаста болады. Олардың жиірек кездесуінің себебі Түркістан мен Еділ-Орал комитеті бір үйдің ішінде орналасқан еді.  Ғ.Идриси Ғайпекеңе «Түркістанда ұлы адам біреу ғана, ол Мұстафа бек. Түркістан  біреу ғана, ол бөлінбейтін Мұстафа бектің ұлы Түркістаны» деген болатын. Тағы бірде Ғайпекең реті келгенде Ғалымжан Идрисиден:

– Ұлы адам аламандарды ұната қоймаған сияқты болып көрінеді. Сіздің сөзіңізден  де осы әңгіменің ызғары білінеді. Соншалықты идеялы адам неге Түркістан комитетінің жобасын жасаған, – деп ашық сұраған. Сондағы Ғ.Идрисидің жауабы: « Ұлы адам сенімен мен емес. Ол «стратег», «теоретик» адам болатын-ды. Оның өз тактикасы болды. Соның арқасында Вели Каюмхан аты аталмай қаңғып келген, қаңғып қалды. Байқайсың ба, қазір бүтін Еуропада ұлы адамның атағы аталады. Мен саған бір құпия айтайын. Қазіргі Мұстафа бек жазып кеткен жоба деп жүрген жоба, оның жазған жобасы емес. Оның жазып кеткен жобасы немістерге пайдалы емес, зиянды жоба болатын-ды. Немістерге Мұстафаның халықаралық жауға, қызыл большевиктермен өмір бойы күресіп келеді деген атағы керек болды. Атағының өзі жетіп жатты. Ұлы адамды Кіші Азия – Түркиядан бастап Иран, Ауғанстан, Пәкістан, мұсылман шығысы қолдайтындарын білді», – дейді.

Одан әрі М.Шоқайдың жобасы жөнінде: «– Түркістан сіздермен қарулас болмайды. Тең праволы одақтастарың болады. Түркістан солдаттары мен неміс солдаттары тең правода болса ғана қолына қару алады дегенін өзім есіткенмін. Ұлы адамның данышпандық сөзі әлі есімнен кетпейді. Егер қызылдарды жеңіп, немістер Түркістанды өзіне қаратып ала қалса, бәрібір басқа ұлтқа билетпейді өздері билейді. Оны мен мына шашы жоқ басымдай білемін. Олай болса Түркістанға  бір құлдықтан шығып, екінші құлдыққа мойын ұсынудың қандай қажеті бар. Әуелі түркістандықтар алдын болжап алулары керек дегенін мына құлағым еді есіткен. Мен айтсам ол сөздің ешбір әсері болмас еді. Ал ұлы адам айтты, оныкі көрегендік болып есептеледі. Көрінгенге бүгінгі бір күн үшін қол жаулық болғысы келмеді. Немістерге ашса – алақанында, жұмса – жұдырығында, бір жағынан ұрса – екінші жағын тосатын кісі керек. Мен оған жарай алмаспын деген еді. Ал немістер болса ұлы адам айтқандай президентті тауып алып қойды. Оны көзіміз көріп отыр, – деп Вели Каюханның атын атамай-ақ түсіндірді», – дейді. Одан әрі ол немістер ұлы адамның ақылдылығынан бұрын, өлімнен қорықпайтын бірбеткей адам екендігінен қауіптенді. Ол кісіні ешнәрсеге қызықтыра алмайтындығын білді. Сатып тағы ала-алмайтын болғасын, кім білген, «сүзек жұқты» етті ме деген қорқынышы туады. Бірақ дәлелдеугее дәлелем жоқ. Дәлелім болғанда мен не істей аламын, қолдан не келеді?»,- өкінішін білдірген. Біріншіден, өзі күндікке тірі қалғысы келді. Екіншіден, мыңдаған түркістандықтарды, сендерді ажалдан аман алып қалуды ойлады», – деді.

Сол үшін түркістандықтарды шығыс майданға салуға болмайды, орыс жері түркістандықтардың отаны емес, өз шекарасына барғанша күту керек деп уақыт өткізуді ойлады. Ол өз жанын ойламай, түркістандықтардың өмірін ойлады.

1943 жылдың шілде айында Потдстам қаласында Үшінші рейхтың Шығыс министрлігінің арнайы курсында оқып жүрген кезінде Шығыс министрі Розенбергтің кеңесшісі, Түркістан туралы бас маман, профессор фон Менде тыңдаушылардың берген: «Мұстафа бек Шоқай деп жазылғанда бек деген сөз қандай мағына береді?» сұрағына  берген жауабы: «Бек деген алмандардың (немістердің – А.А.) фон деген сөзіне пара-пар, фон аты-жөнінің алдына жазылса, түркістандықтарда есімінің соңынан бөлек жазылады. Фон – сері деген сөздің  мағынасын береді. Түркістандықтар да одан гөрі жоғары сатыда тұрады. Ханзададан кейінгі орында бек тұрады. Мүмкін ұлы адам дегенге де түсінбейтін боларсыздар. Олар туралы да айта кетейін. Бұл адамзат тарихында Түркістан туралы ой қозғап, ұлы да Үлкен Түркістан идеясын ұйымдастырып, теорияны практикаға ұластырып жүрген тарихтағы ең бірінші көсем – Түркістан фюрері. Өзі жоқ, өліп кетсе де, атағы қалды. Осы атақтың шығып жүргені оның ұлы адам екенін дәлелдейді».

Түркістан Ұлттық Комитетінің  әскери фотокорреспонденті Ғ.Бейісовке  М.Шоқайдың «ұлы тұлға екендігі» туралы әңгіме айтқандардың бірі неміс зиялысы Аннемари фон Габен еді (Бейісов Ғ. Тамұқтан өткен тағдыр Деректі әңгіме, 122-123 бб.). Аннемари фон Габенге (1901-1993) тоқталсақ көрнекті неміс түріктанушысы. Көне түрік жазбалары, қазақ этнографиясы мен лингвистикасы бойынша бірнеше зертеулердің авторы. 1944 жылы қыркүйек айының аяғында «Милли Түркістан» газетінің редакторы Хамза Абдуллин (Сайран)  Ғ.Бейісовті  аталмыш түркітанушы ғалыммен таныстырған  болатын. Сол кездесу барысында А. фон Габен «Мен түркістандықтарды ұнатам, оның ішінде ұлы адам Мұстафа сөйлеген тілді бөлек санаймын. Ұлы адамның несін айтасың, ол туып кеткен бір тұлға еді ғой», -деп өзінің пікірін білдірді деп жазады (Бейісов Ғ. Тамұқтан өткен тағдыр Деректі әңгіме, 123 б.). Осы әңгіменің үстіне Берлин университетінде профессор болып қызмет атқаратын Иоханнес Бенцинг телефон  соғып, хабарласады. Оған фон Габен «түркістандық достарымыз келіп отыр. Сайран келді, қасында өзі сияқты, егіз дерсің, біз таныс емес ұлан келіп отыр. Қазақша сөйлесем десең, келуіңе жол ашық»  деп шақырады. Ал Иоханнес Бенцинг (1913-1981) Берлин университетінің түркітану факультетін бітірген.  1939 жылы докторлық диссертация қорғаған. Қазақ тілін жетік меңгерген.  Соғыстан кейінгі жылдары университетте сабақ берген, дипломатиялық жұмыста болған. Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерін алғаш неміс тілінде сөйлеткен ғалым. 1929 жылы бір томдық шығармаларын аударған аудармашы.

Өз кезегінде фон Габен И.Бенцигті «ұлы адам Мұстафа бектің досы болған кісі. Мен қазақшаны сол кісіден үйренгенмін. Ол да ұлы адамнан үйренгенін жасырмайды» деп сырттай таныстырып өтеді.

Таныстықтан кейін Иоханнес Бенцинг қазақ тілінде Шоқай туралы тебірене: «Ұлы адамның ұлылығын мойындамаған адам, ол арсыздардың қатарына кіреді. Сөйтіп жүріп өзін зиялымен деп есептеп, өзі зиялы адам болғысы келетіні күлкілі, өзі сыйлап мойындауды білмесе, оны кім ұлықтайды. Ұлы адам елудің айналасында дүние салды. Бұл жас қарапайым адамға аздау көрінгенімен, ұлы адамға аз жас болмаса керек. Шоқан Уәлиханов, Лермонтов тіпті шикі жас кеткен жоқ па? Сонда да артында қыруар еңбектер қалдыруы осының айғағы емес пе.  Ұлы адам барлық ұлтқа ортақ, ал қанға бөлу ерсі. жалпы бірін-саран болмаса, ұлы адамдар көп жасамайды. Соның бірі Мұстафа бек еді-ау. «Ұлы адам» деп өзі өлсе де, артында жалғастырарлықтай идеясы қалған адамдарды айтамыз. Қалай болған да қара жер бәрібір уақыты келгенде жас деп, кәрі деп талғамай, бірдей қабылдайды», – деп сөйлейді (Бейісов Ғ. Тамұқтан өткен тағдыр Деректі әңгіме, 124 б.). Бұл туралы т.ғд., профессор, шоқайтанушы К.Л.Есмағамбетов: «Бұлай деп М.Шоқайдың жақын серіктері де айта алмаған шығар» деген пікір білдірген болатын.

Өмірі азапты күндер мен қайғылы түндерді бастан кешіріп, болаттай берік, қорғасындай мықтылықта, таусылмас төзімділікте өткен Түркістан легионерлерінің соңғы тұяқтарының бірі Ғайпен Бейісовтың туған халқының дербес өмір сүруі үшін күреске бүкіл ғұмырын сарп еткен Мұстафа Шоқай туралы естеліктері міне осындай еді.

Анықтама. Ғайпен Бейісов 1921 жылы 9 мамырда Атырау (бұрынғы Гурьев) облысы, Махамбет (бұрынғы Бақсай) ауданына қарасты Талқайраң ауылында дүниеге келген. Он сегіз жасында партия мүшелігіне кандидатыққа қабылданып,  Бақсай аудандық партия комитетінде жұмыс жасайды, әскерге алынып, училищеге оқуға жіберіледі. 1941 жылы 15-ші қыркүйекте Украинадағы Лоховица қаласының маңындағы ұрыста ауыр жараланып, неміс фашистерінің қолына түсіп, бірнеше айлар бойы лагерь азабын бастан кешіп Түркістан Ұлттық комитетіне жұмысқа алынады. Соғыс жылдарында Вермахтының Жоғарғы Бас командованиесінің Түркістан насихат бөлімінің әскери фототілшісі болып қызмет атқарып, шығармашылықпен айналысқан. 1945 жылы легионерлердің қашуын ұйымдастырды деген сезікпен Ғ.Бейісов, Х.Абдуллин, Закиров, Е.Қалдыбаев тұтқындалып, ату жазасына кесілген. Бұл кезеңде кеңес армиясының қарқынды шабуылынан қаймықан неміс-фашисттері шапшаң шегінуде болатын. Тағдырларына қарай үкім орындалар түнінде түрме күзетшілері қашып кетіп, бұлар аман қалады. Неміс түрмесінен босаған соң Қызыл Армия қатарына қабылданып, 1946 жылы әскер қатарынан босап елге оралған  Ғ. Бейісов сол жылы РКФСР Қылмыс заңының 58-1б бабына сәйкес «халық жауы» ретінде 10 жыл бас бостандығынан айырылып, атышулы Сібір, Степлаг, Карлагтың тозақ өмірін бастан кешіп, 1956 жылы босайды. Одан кейінгі жылдары Атырау, Маңғыстау облыстарының кәсіпорындарында инженер қызметін атқарып, зейнеткерлікке шыққан. Тек 60 жылдан кейін Қазақстан Республикасының Бас Әскери Прократурасының № 12/3-06(Р) 2006 жылдың 24 сәуірдегі қорытындысымен ақталып, саяси қуғын-сүргін құрбаны мәртебесін алған. Сол қортындысымен бірге Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті архивінде сақталған 1941 жылы соғыс алдында лейтенант формасында түскен фотосуретін қоса алған. 2007 жылдың 8 мамыр күні қайтыс болды.

1944 жылы Берлин қаласындағы баспадан Ғайпен Бейісовтың «Бұлбұлдың үні» атты кітапшасы үш тілде басылып шыққан. Қазақшасы латын ғаріпімен басылған.

Аққали Ахмет 

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті

тарих ғылымдарының докторы,  профессор

abai.kz

Сол сияқты қараңыз

Пікірлер орны

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Scroll to Top

Поделиться

Facebook
VK
OK
WhatsApp