Жаңалықтар

«Түркітану тарланы» атты халықаралық конференция болды

Бүгін қылышынан қан тамған қиын кезеңде түркітануға түрен салған ғұлама ғалым Ғұбайдолла Айдаровтың туғанына 100 жыл толуына орай Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Түркітану тарланы» атты халықаралық іс-шара ұйымдастырдық, деп хабарлады тарих ғылымдарының докторы, профессор Дархан Қыдырәлі.

Оның айтуынша, конференция аясында Халықаралық Түркі академиясы баспаға әзірлеп, қайта шығарған ғалымның «Язык орхонских памятников древнетюркской письменности VІІІ века» атты іргелі еңбегінің тұсаукесер рәсімі өтті.

«Оқырманға жол тартқан жаңа басылым Орхон өзені аңғарынан табылған көне түркі жазба ескерткіштері тілін фонетикалық, лексикалық, морфологиялық және синтаксистік тұрғыдан жан-жақты талдап, қазіргі түркі халықтары тілдерімен сабақтастығын ашып көрсетеді. Автор өз зерттеуіне Тоныкөк, Күлтегін, Білге қаған, Онгин, Кули-Чор қатарлы маңызды ескерткіш мәтіндерін арқау еткен. Кітаптың соңында бірқатар ескерткіштердің мәтіні, транскрипциясы мен орыс тіліне аудармасы, грамматикалық форма көрсеткіштері және шағын сөздігі қоса берілген», – дейді Д.Қыдырәлі.

Сондай-ақ ол  Түркі академиясы жарыққа шығарған екінші басылымда бұрын техникалық себептермен кеткен қателіктер түзетіліп басылғанын хабарлады.

Алқалы жиынға әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаев, Түркиядан көрнекті түрколог ғалым Осман Фикри Серткая, Әзербайжан Республикасынан танымал ғалым Абулфаз Кулиев, көрнекті қаламгер Смағұл Елубай, Қырғызстан Манас атындағы университеттің профессоры Қадыралы Қонқобаев, Ресей Ғылым академиясы Уфа ғылыми орталығы Тарих, тіл, әдебиет зерттеу институтының ғылыми жетекшісі Фирдаус Хисамитдинова, Өзбекстаннан белгілі ғалым Ғайболла Бабаяр, ҚазҰУ Абай ғылыми-зерттеу институтының директоры Жанғара Дәдебаев, танымал түрколог Ерден Қажыбек, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжан, белгілі ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері және ғалымның ұрпақтары қатысты.

Осы айдарда

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button