«Отырардан Ұлытауға» тарихи-ағартушылық экспедициясы жалғасуда

Ұлытау ауданына «Отырардан Ұлытауға» тарихи-ағартушылық экспедициясы келді. Бұл сапар Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Экспедиция Алаша хан мен Жошы хан кесенелерінде, «Домбауыл» кешенінде, сондай-ақ Әулиетауда және Ембұлақ шатқалында болды. Осыдан кейін саяхатшылар сапар орталығында аймақ жұртшылығымен кездесті. Экспедиция құрамына Отырар ауданы әкімінің орынбасары Пердехан Жаппарқұлов, «Парасат» және «Достық» ордендерінің иегері, халық ақыны Әселхан Қалыбекова, Отырар археологиялық қорық-мұражайының директоры Жангелді Мақашев және т. б. кірді.

Пердехан Жаппарқұлов пен Жангелді Мақашев Отырар ауданының тарихи және мәдени нысандарының ерекшеліктері туралы айтып берді. Сондай-ақ жылжымалы көрме таныстырылды. «Материалдық фактілер тұрғысынан ұлы Отырар қаласының тарихы жайлы ақпарат беру үшін біз бүкіл ел бойынша көшпелі көрме ұйымдастырдық. Көрме аясында Ұлытауға Отырар қаласында дүниеге келген әбу Насыр әл-Фарабидің ребаб пен әл-канун аспаптарының көшірмелерін алып келдік. Бұл екі аспап қазіргі қобыз бен жетігенге ұқсас», – дейді Пердехан Жаппарқұлов. Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары Бағдат Байжантаев өз кезегінде қонақтарға Ұлытау туралы айтып, оларға «Ұлытау» энциклопедиясы мен «Қасиетті Ұлытау» кітабын табыс етті. Ұлытау ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайы директорының міндетін атқарушы Аман-Серік Есенғалиев экспедиция мүшелеріне буклеттер мен фотоальбомдар сыйлады.

Белгілі ақын Әселхан Қалыбекова Ұлытауға арналған өлеңін оқып, тарихи жерлерге саяхатынан алған әсерлерімен бөлісті. «Ұлытауға баруды көптен армандағанмын, ол арманым орындалды. Бұл –қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары шоғырланған өте әдемі өлке. Мен Жошы хан мен Алаша ханның кесенелерін көрдім. Олар өте әдемі», – деді Әселхан Қалыбекова. Одан әрі экспедиция Жезқазғанға аттанды.

 

Сол сияқты қараңыз

Пікірлер орны

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Scroll to Top

Поделиться

Facebook
VK
OK
WhatsApp