Балқашта жаңадан жасалған ерекше аялдамада автобус күтіп тұрып, биыл 110 жылдық мерейтойы атап өтіліп жатқан көрнекті ақын Қасым Аманжолов туралы мағлұмат алуға болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аялдама павильонының қабырғаларына Қасым Аманжоловтың өмірбаяны мен өлеңдері жазылған баннерлер орналастырылды. Қасым Аманжолов (1911–1955) Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында дүниеге келген. Ерте жасында ата-анасынан айырылып, интернатта тәрбиеленген, онда бастауыш білім алды. Семей педагогикалық техникумында, кейін Оралдағы педагогикалық институтта оқыды. 1930 жылдары республикалық «Лениншіл жас» комсомол газетінің редакциясында жұмыс істеді.
Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан. Қасым Аманжолов студент кезінде поэзиямен әуестенген. 1938 жылы оның алғашқы өлеңдер жинағы – «Өмір сыры» жарық көрді. Майдангер ақынның шығармалары халық арасында өте танымал және қазақстандықтардың бірнеше ұрпағының сүйіспеншілігіне бөленді.