Атырау облысында сармат жауынгерлерінің сүйегі табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ректоры Саламат Идрисовтың айтуынша, оқу орнының ғалымдары қазба жұмысын жүргізуге рұқсат алған. Соған орай, археологиялық экспедиция темір дәуіріне жататын қорғандарды зерттеуге аттанған. Мұндай қорғандар Қызылқоға ауданындағы Мұқыр ауылдық округінің аумағында орналасқан.
«Біздің университеттегі Х.Табылдиев атындағы Каспий өңірінің тарихы, археологиясы және этнологиясы ғылыми зерттеу институтының 3 ғылыми жетекшісі мен 20 студенті Мұқыр ауылдық округіне қарасты Қарақұдық учаскесінде қорғандарға қазба жұмысын жүргізді. Қазба жұмысы кезінде тарихи жәдігердің үстінен түстік. Мұнда сармат дәуіріне жататын жауынгерлердің сүйегі табылды», – дейді аталған ғылыми зерттеу институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Сайфолла Сапанов.
Оның айтуынша, бір қорғанда үш жауынгердің бірінің тұсына қару-жарақтары мен 2 мың жыл бұрынғы құмыра, 4 қой табылып отыр. Қорғанда найза, белдікте пышақ, бір қорап жебе болған.
«Археологиялық экспедицияның бірі кезеңінде бір қорғаннан осындай жәдігерлерді таптық. Бір қорғанда 3 адамның жерленуі археологияда сирек кездеседі. Мұны біз сармат дәуіріндегі жауынгерлер деген тұжырым жасап отырмыз. Бір жауынгедің оң қолының білектен кесілгеніне қарағанда, соғыста қаза табуы мүмкін. Қолбасшы болған да шығар. Сол себептен, енді жауынгерлердің сүйегіне антропологиялық зерттеу жүргізіледі» – дейді археологиялық экспедиция жетекшісі Сайфолла Сапанов.
Экспедиция жетекшісінің пікіріне сүйенсек, енді археологиялық экспедицияның екінші кезеңіне археологтар тартылмақ.
«Сондай археологтың бірі – Б.Городивиков атындағы Қалмақ мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Петр Кольцов. Жақында бұл ғалым біздің экспедиция құрамына қосылып, қорғаннан табылған сармат дәуіріндегі жауынгерлердің сүйегіне, өзге жәдігерлерге ғылыми зерттеу, талдау жүргізеді» -деп пікір білдірді С.Сапанов.
Еске сала кетелік, былтыр тамыз айында Атырау облысындағы Миялы қорғанынан теңдесі жоқ темір сауытты жауынгер табылды.