Жаңалықтар

Мәулен Әшімбаев: Тарихымызға таңба болған қайғылы кезеңдерді ұмытпауымыз керек

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен ӘШІМБАЕВ 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай фейсбук әлеуметтік желісінде жазба қалдырды. Бұл туралы Еgemen.kz хабарлады.

Бүгін – тарихымыздағы ең қасіретті кезеңдердің бірі Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Осы күні ұлтымыздың болашағы үшін бас көтергендер мен күштеп ұжымдастырудың салдарынан зардап шеккендердің рухтарына тағзым ету – біздің перзенттік борышымыз.

Сол бір зобалаң жылдар қазақтың өсіп-өркендеуіне өте ауыр соққы болып тиді. Елдің ертеңіне алаңдаған зиялыларымыз бен қайраткерлеріміз қуғын-сүргінге ұшырап, жазықсыз жапа шекті. Еркіндікке ұмтылған Алаш арыстары да тоталитарлық жүйенің құрсауынан құтыла алмады.

Ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі тұрмысымыз еш негізсіз өзгертіліп, ұлтымыз алапат нәубетті бастан өткерді. Аштықтың салдарынан халқымыздың жартысына жуығынан айырылдық. Тағы көп бөлігі туған жерін тастап кетуге мәжбүр болды.

Біз тарихымызға таңба болып басылған мұндай қайғылы кезеңдерді ешқашан ұмытпауымыз керек. Бұл бағытта Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саясаты аясында көптеген бастама іске асырылды. Арнайы еске алу күні белгіленіп, монументтер ашылды. Қазақ халқына алғыс айту күні де осы «тар жол, тайғақ кешулермен» тікелей байланысты екені анық.

Қазіргі таңда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жұмыстары қолға алынды. Сондай-ақ, Президентіміз ашаршылық тақырыбын кеңінен зерттеуді тапсырды. Соның аясында жүргізілген алғашқы зерттеулер өз нәтижесін бере бастағанын білеміз.

Алдағы уақытта ұлттық санамызды жаңғыртып, тарихымызды тануға жол ашатын осындай жұмыстар жалғаса береді. Бүгінгі еске алу күнінде ұлт мұраты жолында өмірін қиған және ашаршылықтың құрбаны болған жандардың жатқан жерлері жарық болсын деп тілейміз. Енді ешқашан мұндай қайғылы оқиғалар қайталанбасын.

Тәуелсіз Қазақ елі мәңгі жасай берсін!

 

Осы айдарда

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button