Абдолла қажы Сарыұлы Әл-Бұқари – Араб елінде Бейбарыс сұлтаннан кейін, Сауд елі патшасының оң қол уәзірлігіне және Мекке қаласының әкімі лауазымына дейін көтерілген, қасиетті Байтолланың үстіне жамылған кілемді алмастыру бақытына ие болған қазақ, Сауд-Арабия еліне «Еңбегі сіңген генарал», министр дәрежелі әскери басшы болған тұлға. Сонымен бірге түркі, қазақ жұртына танымал қажылардың қамқоры, Моңғолиядағы Баян-Өлгей орталық мешітін салдырған ұлтшыл азамат.
Абдолланың өз есімі – Шәкен Сарыұлы. 1927 жылы Қытайдағы өр Алтайдың Шіңгіл ауданында туған, Орта жүздің Керей ішіндегі Сарбас руынан. 1940-жылы қазақты қынадай қырған дұңған Мафуфаңның талауына түсіп, 13 жасында туған елінен айырылып, саудагер ұйғырға сатылып кеткен. 1941 жылы сол ұйғырмен бірге Сауд-Арабияға барып, сонда қалған. Міне, осылайша Бейбарыстың тағдырын қайталаған тағы бір алып тұлғаның өмірі жат елде өтті.
Әкесі Сары батыр, өжет, кең иықты, қапсағай денелі, Буратай ауылының 500 жылқысын шырғасын шығармай қайыратын мықты палуан болған екен.
Анасы Зәуке – Керей, Жәнтекей ішінде Тасбике, атақты Әліп батырдың немере туысы Құсайын Тәйжінің қызы. Қоңқақ мұрын, сарғыш келген, биік бойлы, қайратты да мығым әйел болған деседі. Жастайынан еркекше киініп, жылқы баққан екен.
Әйелі Замзия – араб қызы.
Ұлдары: Байсал, Адынан, Әділ. Қыздары: Нәдия, Әбдісәм, Сәмия, Әриш.
Бұрынғы әйелінен туған бір қызы болған, оның есімі белгісіз.
Шәкен Сарыұлы 1941 жылы сатып алған ұйғырмен бірге Сауд-Арабия еліне келген. 1942 жылдан бастап Мекке қаласындағы жетім балалар үйінде тәрбиеленген.
1946 жылы Мекке қаласындағы Мемлекеттік Әскери Университетке қабылданады. Шәкен оқу бітірген соң Мекке қаласында жол сақшысы болып жұмыс істеген. Кейін Шекара Қорғаныс армиясында, Шекара Қорғанысының есірткімен күрес бөлімінде маңызды қызметте болады. Екі рет мемлекет тарапынан марапатталған. Атап айтқанда, «Ерекше еңбегі үшін» марапаты мен «Мемлекетке еңбегі сіңген генарал» атағы беріліп, министр дәрежелі әскери қызметкерге айналады. Өткен ғасырдың 70-жылдары Мекке қаласының әкімі міндетін 10 жылға таяу атқарған кейін Сауд патшасының көмекшісі, уәзірі қызметіне дейін көтерілген. 1992 жылы зейнетке шығып, туған жері Баркөл Қазақ Автономиялы ауданына барып қайтқан екен.
Өз өмірінде 39 мәрте қажылық еткен Шәкен қажы Сарыұлы 2000 жылы Сауд-Арабияның Жидда қаласында 73 жасқа толған шағында дүниеден өтті.
Қазір біздің білетініміз: Шәкеннің 2 ұлы ұшқыш, бір ұлы Аднан Шәкенұлы Әл-Бұхари әкесінің жолын қуған, жоғары лауазымды қызметте істейді.
Таңжырық Бекдәулетов