ІІ дүниежүзілік соғыс басталған сәтте: «Гитлер де, Сталин де – залым. Бірі әсіреұлтшыл нацист, екіншісі интернационалист болып көрінгенімен, екеуінің саясаты мен залымдығы тең дәрежеде: екеуі де дүниені қан қақсатады, сондықтан оба мен холера індеттері арасында таңдау жасамау керек», деп жазған Мұстафа Шоқай «Прометей» журналының 1940 жылғы сәуірінде шыққан соңғы санында ұлт шындығын жоққа шығарып, күллі адазмзатқа алапат апат төндіретін тажал туралы мақала жариялады.
Шоқай демекші, әнебір жылдары «Мұстафа Шоқайдың фашизмге көзқарасы» деген тақырыпта баяндама жасадық. Сонда бір ғалым тұрып «Түркістан легионындағылар сатқын емес пе?» деп сұрақ қойды. Бұл сөзді одан бұрын мүйізі қарағайдай бір академик тарихшыдан да естіген едік. «Екі күймек бір жанға әділет пе?» деп абыз ақын айтқандай, әуелі тағдыр тауқыметімен фашистерге тұтқынға түсіп тозақ көрген, сосын большевиктер тарапынан 25 жылға итжеккенге айдалып, сенімсіз ретінде үнемі бақылауда ұсталған, көбісі шет жерде ажал құшқан легиондықтар әлі күнге дейін ақталмай келеді.
Біздіңше, осы мәселеге байыпты баға беріп, түркістандықтарды ресми түрде ақтайтын және ардагер ретінде арнайы ардақтайтын кез жеткен сияқты.
«Егемен Қазақстан» АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлінің facebook парақшасынан