Алаш алыптарының өмірбаянымен танысып, еңбектеріне терең бойлаған сайын қазіргі қазақ этнографиясына, жалпы қоғамдық ғылымдарына қажет шүйгін өрістерді табасың. Осы негізден қаншама жыл қол үзіп қалғанымызға, көп дүниеден мақұрым жүргенімізге ыза боласың. Мәселе, кейбіреулер айтқандай Алаш тұлғаларын асыра мақтауда емес. Мен оларды ғылымның үлкен бір салаларын аяққа қойған, әлемдік ғылымға керемет үлес қосқан кәсіби ғалым деп көпірте мақтаудан аулақпын. Егер оларға мүмкіндік берілсе сондай болар ма еді ?! Алаш Орданың жас үгітшісі болып, алыптардан тәлім алған Қаныштың өзі Қазақ Ғылым академиясын жолға қойса, оның ұстаздары одан да биіктерге жететіні сөзсіз еді ғой.
Мені Алаш алыптарының этнография ғылымында сол кезеңде жаңа ғана көтеріле бастаған жаңалықтарды қабылдауы және қазақ тарихына қатысты қолдана білуі таң қалдырады. Осы мәселені Мұстафа Шоқайдың Зәки Валиди Тоғанның «Бүгінгі Түркістан» атты кітабын сынап жазған шағын ғана «Қазақ рулары хақында» мақаласымен дәлелдеп көрейік.
Бұл мақала Зәки Валидидің Қоқан автономиясының тарихына қатысты жазғандарында өзінің рөлін тым көтермелеуін сынаудан басталады. Расында да Зәки Валиди шығармасында көбінесе өзінің басынан кешкендері мен өз қызметі көбірек айтылатыны шындық. Мұстафа Шоқай осыдан кейін ұлттық қозғалыстағы Ә.Бөкейхановтың орнын дұрыс бағаламағаны үшін Зәки Валидиге ренішін жасырмайды. Тек осы кіріспеден соң Стамбул университетінің профессорын таза ғылыми тақырыпта сынауға кіріседі. Бұл қазақ құрылымына байланысты мәселе еді. Әңгіменің басында М.Шоқай «Заки бек бұл салаға келгенде өз пікірін айтар, қазақтардың рулық құрылымы туралы тым аз білетін орыс зерттеушілері мен этнографтарының ағаттықтары мен қателіктерін қайталаудан сақтанар деп ойлауға болар еді» дейді (7, 302 б.).
Алаш алыбы қандай қателіктер туралы айтып отыр ? Ол «орыс этнографтары қазақтардың рулық бөлінулерін зерттегенде рулық құрылымның ғылыми классификациясымен шұғылданудың орнына, ұлыс, арыс буындарының аттарын ретсіз тізумен әуреге түскен» деп бастайды (7, 302 б.). М.Шоқайдың жазғаны рас еді, ресейлік тарих және этнография мамандары сонау Қ.Тевкелев заманынан бастап қазақ рулық құрамын түгендегенімен құрылым сияқты күрделі тақырыпқа ене алған жоқ. Қайта өзгелеріне қарағанда түбі қазақ төрелерімен жақындығы бар Құтлымәмед қазақ руларының өз ара қарым-қатынасында бір заңдылық барын сезуші еді. Тек ол оны жол тәртібімен емес, рулардың саны мол, аз болуымен байланыстырды.
Қ.Тевкелевтің жазуынша «Алшын руы күштi, өзi екiге бөлiнедi, яғни Қаракесек және Байұлы. құрамына алты ру кiретiн Қаракесек бәрiнен де күштi, дәлiрек айтсақ оның құрамына – Шектi, Қаракесек, Шөмекей, Төртқара, Қаракете, Қарасақал рулары кiредi». Одан әрi «Байұлы Қаракесектен гөрi төмен, ал бiрақ құрамында он екi ру саналады, нақты айтсақ: Адай, Жаппас, Алаша, Байбақты, Берiш, Масқар, Таз, Есентемiр, Алтын, Ысық, Шеркес, Тана». Кiшi жүз руларының тiзiмiн Қ.Тевкелев Жетiрумен бiтiредi, оның да өзiндiк себебi бар «Жетiру, яғни жетi рудың одағы, Кiшi жүзде бәрiнен де әлсiз саналады, құрамын нақты айтсақ: Табын, Тама, Кердерi, Жағалбайлы, Телеу, Рамадан, Керейiт».
Орта жұзге келетiн болсақ, оның құрамына кiрген рулардың iшiнде ең күштiсi деп Қ.Тевкелев Арғынды атайды: «Ол он алты рудан тұрады, нақты айтсақ-қаракесек арғын, сары жетiм арғын, шақшақ арғын, қарауыл кесек арғын, атығай арғын, төртуыл арғын, алтай арғын, темеш арғын, бөршi арғын, қарпық арғын, ағыс-қалқаман арғын, қозған арғын, қақсал арғын». Елшi тiзiмiндегi Арғын руының iшiне кiретiн құрамдас бөлiктер түгел емес, негiзiнен Бес мейрам аталатын Арғынның басты тарауы ғана түгенделген. Арғыннан кейiн Қ.Тевкелевтiң тiзiмi бойынша Найман тайпасы тұр және құрамына он бiр ру кіреді: ақ найман, бура найман, болатшы найман, қаракерей найман, терiстаңбалы найман, дөртуыл найман, көкжарлы найман, ергенектi найман, семiз найман, бағаналы найман, садыр найман. Найманнан гөрi әлсiз деп Қ.Тевкелев Қыпшақты нұсқайды. Қыпшақтың құрамында тоғыз ру бар: торыайғыр қыпшақ, көк-бөрi қыпшақ, тұяқша қыпшақ, көтiбақ қыпшақ, ұзын қыпшақ, бұлтың қыпшақ, қарабалық қыпшақ, танабұға қыпшақ, көлденең қыпшақ, ұзын қыпшақ.
«Орта жұздегi Уақ, Керей сияқты рулар Тәуке ханның кезiнде Кiшi жүздегi Жетiру сияқты бiрiккен. Орта жүздiң басқа руларына қарағанда әлсiз болғанымен, барлығынан да байлығы асқан»,- дейдi Қ.Тевкелев. Атап айтсақ бай рулардың қатарына Уақ, Керей, Тарақты жатады. Осы аталған рулардың құрамына тағы да бiр ел қосылады, ол Төлеңгiт деп атап көрсетедi.
Қ.Тевкелевтiң жазуы бойынша Ұлы жүзде «он iрi ру бар, барлығы қосылып Үйсiн аталады. Осы ортақ атауға ие бола отырып әрi қарай былай жiктеледi, нақтылы көрсетсек: Ботпай үйсiн, шымыр үйсiн, жаныс үйсiн, сиқым үйсiн, албан-суан үйсiн, сары үйсiн, шанышқылы үйсiн, қаңлы үйсiн, жалайыр.
Елшi үш жүздiң рулық жүйесiнiң жобасын жалпы дұрыс жасап бергенiмен арасында жетiспей жатқан жақтары да баршылық (3,406-408 бб.). Мәселен, Қоңыратты түбі Орта жүзден шыққан, бiрақ Ұлы жүздiң өте күштi руы дейді. А.Левшин болса Қ.Тевкелевтiң жазғанынан аса алмағаны белгiлi. Қ. Тевкелев жинаған деректер бір кітаптан екіншісіне көшіп бүгінгі күнге дейін негізгі дерек болып келді. Осы дәстүрмен шежіре бойынша жазылған қазақ авторларының еңбектерінде де рулар туралы мәліметтер құрамды санаумен шектелді. М. Шоқай «осыдан 20 жыл бұрын қазақ рулары хақында шығарма жазған бір жерлесіміз де осындай ағаттыққа ұрынғаны бар» дейді. Бұл жерде Мұстафа Шоқай негізінен В.В.Радлов, Н.Н.Аристов еңбектерін үлгі ретінде алып «Түрік, қырғыз-қазақ һәм ханлар шежіресін» жазған Шәкәрім Құдайбердіұлы туралы айтып отыр деп шамалаймыз. Шоқай «бірақ ол кісі ғалым да, профессор да емес» дейді, өкінішке орай қазақ шежіресі бойынша Совет кезеңінде ғылыми атағы бар кәсіби этнографтардың жазғаны да осы сораппен кетіп қалды. Оны В.В.Востровтың, С.М.Мұқановтың еңбектерінен көреміз. Қазақ шежіресі бойынша Советтік дәуірдің соңғы ғылыми зерттеуі «Қазақ шежіресі хақында» кітабы да қазақтың үш жүзінің рулық құрамын сипаттаумен шектелген. Шын мәнінде құрам қашанда өзгеріс үстінде. Мысалы ХІХ ғасырдың ортасында Айдабол болысы iшiнде Кiшi жүздiң Тама, Рамадан, Жағалбайлы рулары, Ұлы жүздiң Жалайыр руы, Орта жүз құрамындағы – Керей, Найман (Қызай, Бағаналы, Бура), Қыпшақ, Уақ, Тарақты, Арғынның өзiнен – Темеш, Бөршi, Алтай-Қарпық, Қанжығалы, Шақшақ, Қақсал, Қозған, Тоқтауыл т.б. жүрсе, Шаншар болысында Кiшi жүзден -Тама, Рамадан, Ұлы жүзден Үйсiн (Жалайыр), Орта жүз құрамындағы – Керей, Қыпшақ, Уақ (Шоға, Сiргелi), Найман (Бура), Арғынның өзiнен – Қанжығалы, Қарауыл, Бәсентиiн, Қамбар руларын көремiз. Соныменен аттары аталған Айдабол және Шаншар ауылдарының 15-20 процентi өзге рулардан қосылған аталар болып шығады. Оның үстiне бiз төре, төлеңгiт, қожаларды санамай отырмыз (1, 50-51 бб.).
Құрамнан ерекшелігі құрылым қазақтың қоғамдық-саяси тіршілігінің негізін жасайды, себебі бүкіл этнос туыстық жүйеге негізделген. Қ.Тевкелев жазғандай рулардың күшi қара күш мағынасында емес, негiзгi мәселе рулардың туыстық жүйе iшiнде бiреуiнiң жолы үлкен – ағалығы, екiншiсiнiң жолы кiшi-інілігінде. Шежiреде егер бiр рудың екiншi рудан үлкендiгi жайында әңгiме болса көбiнесе генеалогиялық туысу тәртiбіне қарайтыны да сол себептi. Осы айтылған тәртiп бойынша Кiшi жүздің жолы үлкені -Әлiмұлы (Қаракесек), ортаншысы- Байұлы, кiшiсi- Жетiру болып келедi.
Орта жүз руларының иерархиялық жүйесiн Саққұлақ шежiресi қызық түсiндiредi. Оның айтуынша “қыпшақ пен қоңырат қартайған қара нар, ердiң алтын қасы – арғын, күмiс қасы – найман, екi қапталы – керей мен уақ рулары” (1, 46 б.). Қалай дегенмен қазақ шежiресiнде қазақтың ел болып қалыптасу процесi, әкімшілік-территориялық жүйе таза генеалогиялық туысу ретiмен көрсетiлген. Алғашқы жүйе Қазақ хандығы құрылған кезеңде жасақталған, кейін этникалық бiрлестiкке ертелi – кеш қосылу рулардың иерархиялық жүйедегi орынын анықтаған.
Егер насаб-намаға қарасақ Ұлы жүз руларының iшiндегi жолы үлкенi Жалайыр, жолы кiшiсi Дулат болмақ. Жалайыр болмаған жағдайда жолдың Ошақтыға тиетiнiн Н.Гродеков жазады. Бiрақ тарихи жағдай қашанда генеалогиялық жол тәртібін мойындай бермейдi. ХУІІІ-ХІХ ғасырларда дулаттардың әр түрлi iшкi-сыртқы оқиғаларда атқарған қызметi мол. Соған қарамастан Ұлы жүздiң бас қосқан мәжiлiстерде жол тәртiбi қатаң қадағаланады.
Қазақ хандығының әкімшілік-территориялық жүйесі ру-тайпалық құрылымға және қарым-қатынастарға негізделеді. Олардың арасындағы насаб-намаға сүйенген сатыланған жол тәртiбiне бағыныштылық, қазақ аңыздары бойынша, Алаша хан тұсынан басталады. Қазақтың арғы бабасының үш ұлы жас ерекшелiктерiне қарай үш жүзге бас болған-мыс: үлкенiнен Ұлы жүз, ортаншысынан – Орта жүз, кенжесiнен – Кiшi жүз тарайды, яғни, қоғамдық-саяси өмiрдi генеалогия бойынша реттеу көшпелiлерге өте ерте замандардан берi тән. Көшпелi этностың құрамына енген әр рудың осы иерархияда өзiне тиесiлi орыны мен жолы бар. Әкімшілік-территориялық жүйеге негіз болған осы туыстықтыц Ш.Уәлиханов «жүз бен жүздiң, жүз iшiндегi рулардың бiр-бiрiмен арасындағы қатынас нағыз тығыз туысқандыққа сәйкес, ал рулардың өз жүзiне деген қатынасы баланың әкеге қатынасындай, үлкен жүздiң аға руына жиеннiң нағашыға қатынасындай» дей келе «рулар арасындағы қатынас аталарының арасындағы туыстық жақындықтың дәрежесiне байланысты айқындалады. Бiр рудың басқаларына қарағанда үлкендiгi атасының жолына байланысты» деп сипаттайды (2, 148-б).
Қазақ қоғамына тән әкімшілік-территориялық құрылымның құқықтық қарым-қатынастарға да тікелей әсер ететінін түсiну үшiн Л.Мейердің Кiшi жүздiң рулары туралы «Бұрынғы уақытта ел жиындарының кезiнде Әлiмұлы руларының үлкендiгi қатаң сақталған. Олардың пiкiрi мен шешiмi Байұлы мен Жетiру үшiн заң, ал ендi Жетiру мен Байұлы руларының билерiнiң кесiмiне ырза болмаған жағдайда Әлiмұлы билерiне барып үстінен шағым жасауға болады, олар шешiмнiң күшiн жояды»,- деп жазғанын саралған дұрыс (5, 4-б.).
Рулардың өзара тәртiптi қарым-қатынасы билiктiң ерекше түрін туғызады. Қазақ iшiнде билiктiң саяси және потестарлы жүйелерi қатар жүретiнi анық. «Әр орда бiрнеше аймақтарға, ал ол аймақтар өз кезегiнде ұсақ ұлыстарға бөлiнедi. Олардың бәрiнiң сорпаға шығар белгiлi басшы билерi, аталы от басылары, ақ сүйектерi бар. Қатардағы ру көсемдерi арасынан оза шапқан тұқымдар ерекше көрiнедi, қазақтар сұлтан деп қарайтын княздардың топтары бөлек» дей келiп қазақ тұрмысының бiлгiрi П.И.Рычков «сол ордалардағы үкiмет негiзiнен демократиялық деп атауға лайық» – деп нақты сипаттайды(6, 72-б.)..
Дәстүрлі ру-тайпалық құрылымның негізінде «ата баласы» аталатын от басылық-туыстық топ қызмет атқарады. Бұл экзогамды бөлімше, қандас туыстардың кішкене ұясы. Бірақ олардың қызмет ауқымы кең, себебі олар жеті атаға дейінгі туыстардың басын біріктіреді. Қоғамның басын құрайтын туыстық қағидалар осы деңгейінде қалыптасады. Бұл әлеуметтік топтардың көш басында жасы үлкен ақсақалдар тұрады. Бірақ туыстықтың келесі деңгейінде этноәлеуметтік ағзаның құрылымдық бөлшегі ретінде саяси бірлік- ру тұрады. Бұл топты басқару әдетте мұрагерлік тәртібімен және ақсақалдардың шешімімен белгілі бір отбасыларға жүктеледі. Билік құратын отбасы саяси бірлікке кіретін отбасылық-туыстық топтардың қарыс-қатынасын реттеп отырады. Бұл деңгейде қандас туыстық өзінің орнын генеалогиялық туыстыққа береді және ұрпақ сатыларын, адам санын немесе территорияны реттеуді саяси мүдде тұрғысынан шешеді. Бұдан әрі этноәлеуметтік ағзада саны мол одақтар мен қауымдастықтар және жоғары таксономиялық деңгейлердегі бөлімдер ( арыс, ұлыс, жүз) қызмет атқарады.
ХУ-XVIII ғасырлардағы қазақ қоғамы саяси-әкiмшiлiк жағынан ұлыс деген бiрліктерден тұрады. Ұлыс құрудың негiзгi шарты өз бетiмен сұлтан сайлау. Ұлыс билерінің билігі облыс көлемінде, яғни басшылығында сұлтаны бар елге жүреді, деректер олардың билiгiнiң шектеулi екендiгiн аңғартады. Әз Тәуке заманында Төле, Қазыбек, Әйтеке сияқты орда билерінің жүз деңгейінде билігі жүрді, жалпы халықтық жиындарда жүздің атынан сөйледі. Билiк институтының жоғары нұсқасы «Хан кеңесі» және «Жарғы» деңгейінде iске асады. Қорыта айтатын болсақ ру, арыс, жүз деген ұғымдар Қазақ хандығының әкімшілік-территориялық бірліктері және бұл құрылым Қазақ хандығы өмірге келген ХV ғасырдың ортасында жасақталғанына толып жатқан мысалдар бар.
Туыстық қағидалары күнделікті өмірдің әртүрлі мәселелеріне тәртіп береді, этностың өзін қалпына келтіру және басқару қызметін атқарады. Осы арқылы этностың кеңістік пен уақыттағы қозғалысы белгілі бір тәртіпке және бағытқа түседі. Бір ескеретін жағдай қазақтың рулық құрылымы қазақ этносының және мемлекетінің шекарасымен шектелмейді. Туыстық жүйе белсенді әрекет ететін әлеуметтік-мәдени кеңістік Орталық Азия көшпелілерінің өркениетінің басты құндылығы ретінде жеке этностық саяси, территориялық ағзадан әлде қайда алысқа шығады.
Міне, Мұстафа Шоқайдың айтқысы келген мәселесі осы. Зәки бек башқұрт ұлтының өкілі болатын және қазақ жеріне талай келген еді. Оның үстіне «Түрік-татар тарихы» сияқты рефолюцияға дейін-ақ бірталай еңбектер жазды. Сол себепті Мұстафа Шоқай өзінің бұл ғалымнан көп дүние күткенін, бірақ үмітінің орындалмағанын нақты айтады: «Зәки бектің жағдайы оорыс зерттеушілеріне қарағанда басқашалау. Ол қазақтардың рулық құрылымына өз бетінше зерттеу жүргізе алар еді. Амал не, ол бұлай етпейді. Өзінің «ғылыми» шығармасында орыс этнографтарының жазғандарын сөзбе-сөз қайталаудан арыға бара алмайды. Ең сорақы жері сол, Зәки бек орыс этнографтарының жазғандарын тек жүйе тұрғысынан ғана қайталаумен шектелмейді, сонымен қатар кейбір арыс атауларын жазғанда жіберген әріп қателерін де сол күйінде көшірген» (7,303 б.).
Мақаланың соңына қарай Мұстафа Шоқай құрылым мәселесінің қазақ тарихы мен саяси-қоғамдық қарым-қатынастарындағы орнын қыпшақ тайпасының мысалында тәтпіштеп тұрып көрсетеді. «Зәки бек қыпшақтарды төрт арысқа бөледі,- дейді М.Шоқай,- Көкмұрын, Көлденең, Бошай, Қарабалық. Бұл дұрыс емес. Қыпшақтар 4 емес, 5 арыстан тұрады. Олар мыналар: Бұлтың, Торы, Қарабалық, Ұзын және Көлденең. Арыстардың ежелден келе жатқан рет тәртібі бойынша бұлардың өзара орналасуы да осы түрде келеді». Мұстафа Шоқай ру-тайпалардың орналасу реті қазақтар арасында қатаң сақталатынын, ерте кезде осы жол тәртібінің бұзылуынан жанжалдарға апарып соққан жәіттердің болғанын да атап кетеді.
Зәкидің қателігін М.Шоқай былай көрсетеді: «Мен өзім де …Торы арысына жатамын…Торы арысы: Көкмұрын, Шашты, Қитаба, Тойшіке-осы төртеуінен Шашты саласы: Бошай, Шағыр, Шегір, Қыдырғазы, Байсары, Малай және Қотым- 7 буыннан тұрады. Бошай буыны: Жылқыайдар, Жанай, Таңқожа, Көбес және Сары тармақтарына бөлінеді. Жанай-менің алтыншы атам,
Көрдіңіз бе ? Зәки бектің қыпшақтарды таратуында Бұлтың, Торы, Ұзын қатарлы ең ірі арыстар қатардан қалып қойған, Ал Торының бір саласы бролған Көкмұрын және Торыдан соң екінші буын саналған Бошай ірі арыстардың орнын иеленген. Мұның өзі ғылыми тәсілге қайшы келумен бірге Зәки бектің өз зерттеулеріне соншама немқұрайды қарағанын да көрсетеді…» (7, 304 б.).
Мұстафа Зәки бектің Ұлы жүз бен Кіші жүзді таратуы да осындай ағаттықтарға толы дей келе, бұл қателіктер ғалымның қазақ руларының құрылымын білмегендіктен және оны мұқият зерттемегендігінен келіп шыққан дейді. Алаш алыбы бұл жерде Зәки бекті жөнсіз кіналап отырған жоқ. ХХ ғасырдың басында Еуропада этнография ғылымының функционалдық бағыттағы зерттеулері өте жемісті жүріп жатты. Бірінші дүние жүзілік соғыс кезінде Б.Малиновский бастаған бұл зерттеулерге А.Рэдклифф-Браун, Э.Эванс-Причард қосылды. Басты мақсат «создание анатомии культуры туземцев и описание структуры их общества» болатын (4, с.14). Кейін келе, 1940-50 жылдары бұл жұмысқа К.Леви-Строс кірісіп, Э.Дюркгейм мен функционалистер арасынан «Құрылымдық антропология» мектебін қалыптастырды. Енді этнография ғылымы қоғамдық құрылымнан тереңдеп бейсана құрылымдарды зерттеуге көшті. К.Леви-Стростың «Структурная антропология» кітабы КСРО-да 1985 жылы алғаш рет орыс тіліне аударылып жарық көрді. Біз осы аударманы оқыдық және қазақ қоғамының ХУІІІ-ХІХ ғасырлардағы этноәлеуметтік құрылымы туралы жазғанда үлгіге алдық. М.Шоқайдың Еуропадағы бұл зерттеулерден 1930 жылдары хабардар болып отырғаны мақала мазмұнынан айқын сезіледі.
Әрине, қазақ шежіресінде ру арасындағы қарым-қатынас пен құрылым мәселесі сөз болады. Себебі шежіренің өзі дәстүрлі қоғамның идеологиясы десек орынды, ол болса қоғамның ішкі қарым-қатынасын бір арнаға салуды басты мақсат қылып қоятыны белгілі. Бірақ шежіре ғылыми зерттеу жұмысы емес, ол дерек көзі дегенге келеді. Қазақ шежіресін оқи отырып біз деректік қабілеті мол дүниелерге талай кезігеміз. Мысалы «құрбы» және «тұрғы» мәселесіне көңіл аудару қажеттілігін ХХ ғасырдың басында Қ.Халид те айтқан болатын: «Ұлы жүзден Үйсін, Кіші жүзден Алшын туады. Үйсін ұлдары ішінде аршындысы Жалайыр, Алшын балаларынан ақылдысы Жаппас болған соң, атағанда аталарымен қатарластыра «Үйсін – Жалайыр», «Алшын – Жаппас» деп қосарланып айтылады. Қазақта «құрбы, тұрғы», деген екі сөз бар, «құрбы» – жасы қатар, «тұрғы» – қарама-қарсы, тұтас, деңгейлес адамдар. Мысалы, Үйсін мен Алшын тұрғыда бірдей, ал Жалайыр Алшынмен бір жылда туып, туысқан болса, құрбы деп айтылады, тұрғылас демейді…». Автор атап өткендей бұл жерде «шарт үлкендік деңгейінде» (8, 92 б.).
Мақаланың соңында М.Шоқай бұл әкімшілік-территориялық құрылымның отырықшы халықтардың құрылымдық жүйесінен аса бір ерекшелігі жоқ екенін айтады. Мысалы «егер біздің Жанай арысына жататын бір кісі Оралға келсе «қай рудансың» деген сұрауға «Орта жүзбін» дейді, өйткені Оралда Орта жүзге жататын қазақтар тұрмайды. Енді осы Жанай қоңыраттар тұратын Жаңақорғанға барғанда «Қыпшақпын», Торғайға келсе «Торы», Шиелі мен Жөлекке келсе «Шашты», Тартоғайда «Бошаймын» дейді. «Жанай» деп тек Сарышығанақта пішен мен егін алқабын белгілейтін кезде ғана айтады». Осы мәселені оқырманға түсінікті қылып жеткізу үшін Мұстафа Шоқай: «Ыстамбұлда Қасым патшада, Дайрабек көшесінде бірнеше түрікті тоқтатып жөн сұраңыз. Айталық бірі өзі тұрған көшеден болсын, екіншісі Баязит махалласынан, үшіншісі Көне қаладан, төртіншісі Болғырстанның Разграз қаласынан болсын делік. Олар өз тұрып жатқан жерін айтсын. Бұған қарап Түркияда «Дайрабек», «Баязит», «Көне қала», «Разграз» деген қалалалар бар деп анықтама жасауға болар ма еді ?» (7,305 б.). Бұл мысал қазақтағы ру-тайпа-жүз, немесе М.Шоқай бойынша ру, арыс, ұлыстардың әкімшілік-территориялық құрылым бірліктері екені туралы біздің айтып жүрген пікіріміздің тамаша дәлелі болып шығады. Мұны түсінбеуді Мұстафа Шоқай «орыс этнографтарының кісі күлерлік қателіктері» деп атады және сол кезде әлемге танымал болып қалған Зәки Валиды аямай сынады.
Міне, біздің арыстарымыздың еңбектерін ерінбей-жалықпай оқудың пайдасы. Алаш алыптарының жазғандары ендігі заманда олардың өздері үшін керек емес, қазақ ғалымдарына керек, біздің қазақты түсінуміз үшін керек.
P.S. Әңгіменің соңында М.Шоқай еңбектерін баспаға дайындаушы ғалымдарға өтініш. Біз сілтеме жасап отырған екі томдық пен 2007 жылы шыққан үш томдықта да қателер көп. Мысалы, «арыс» атауы «орыс» болып кеткен («кейбір кіші рулар орыстармен, тіпті ұлыстармен қатар қойылған»), «Гродеков» фамилиясы «Городиков», «Тартоғай» атауы «Тарторғай» болып кеткен т.б.
Әдебиеттер:
- Артыкбаев Ж.О. Казахское общество в XIX в.: традиции и инновации. – Караганда, 1993.
- Валиханов Ч. Ч. Киргизское родословие //Собр. соч.: в 5 т. т. 2 Алма-Ата, 1985. С. 148-166.
- Казахско-русские отношения в XVI-XVIII вв. – Алматы, 1961.
- Малиновский Б. Избранное: Аргонавты западной части Тихого океана. М,1997.
- Мейер Л. Киргизская степь Оренбургского ведомства. СПб., 1865.
- Рычков П. И. История Оренбургская. Оренбург, 1896.
- Шоқай М. Таңдамалы. т.1. Алматы, 1998.
- Халид Қ. Тауарих хамса шархи. Алматы, 1992.
Ж.Артықбаев – тарих ғылымдарының докторы,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің профессоры