Президент: Әлімхан Ермековтің еңбектері елге жария етілсін!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болған «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен Қуат Президентке «тұңғыш кәсіби математик, профессор Әлімхан Ермековтің 130 жылдығы ұлықталуы керек» деген ұсынысын жеткізген. Бұл жөнінде ол өзінің Facebook парақшасында жазды. 

Өз сөзінде Дәурен Қуат:

«Бәзбіреулер «қазақта мемлекет болмаған», «мемлекеттік шекара болмаған» деп сойыл тілейтін сойқанды сөздер айтып жүр. «Соларға жауап беріп кеткен арыға бармай-ақ қояйық, беріден қайтсақ, алашордашы ардагер ағаларымыз еді, Әлімхан Ермеков еді. Әлекеңнің биыл 130 жылдығы. Ағылшын, француз, итальян тілін білген, тұңғыш кәсіби математик, профессор Ә.Ермековтің 130 жылдығы ұлықталуы керек», – деді. 

Мемлекет басшысы бұл ұсынысты қолдап, тиісті орындарға тапсырма беретінін айтты.

«Журналистер, жазушылар, тарихшы ғалымдар Үкіметтен арнайы қаулы, қарар күтіп отырмай-ақ, Әлімхан Ермековтің еңбектерін елге жария ете берсін, жас ұрпақтың құлағына Әлімхан есімін құя берсін. Мен тиісті орындарға тапсырма беремін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, биыл 25-мамырда Қазақ мемлекеттілігінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан, мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, математик, профессор Әлімхан Ермековтің туғанына 130 жыл толады. 

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында «Біз кезінде елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Алаш қайраткерлерінен тағылым аламыз. Олар өткен ғасырдың басында тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жолында құрбан болды. Тәуелсіздігіміздің мерейтойы аясында осындай біртуар тұлғаларды еске алып, олардың мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек. Сонымен бірге, осы тақырыпты зерттеп жүрген ғалымдар мен жазушылардың да еңбегі қолдауға ие болуы және бағалануы қажет. Алаш арыстарының асыл мұрасын игеру жалғаса беруі тиіс…», – деп атап өткен болатын.

Әлімхан Ермеков – 1891 жылы қазіргі Қарағанды облысының Ақтоғай ауданына қарасты Бөріктас деген жерде дүниеге келген. Әкесі Әбеу халыққа қадірлі, озық ойлы, орысша сауаты бар, өз дәуіріндегі зиялылардың бірі болған. Әлімхан Томскте оқып жүріп орыстың ойшылдарымен, ғалымдарымен танысады. Шоқан Уәлихановтың досы Григорий Потанин Әлімханның бойындағы білімге деген талпынысты көріп, тәнті болады. Қарт Потанин Әлімханға ағалық ақыл беріп, оған: «Әлімхан сенің білімің – ол қазақтың білімі. Сол себепті жақсы оқы және өзгелерді оқыт» – деп, үлкен үміт артқан екен. Осы сөздерді Әлімхан өмірлік ұстанымына айналдырып, ақтық демі қалғанша ұлтымызға еңбек етті. Григорий Потанин Ермековке бекер назар аудармағанын уақыт дәлелдеді. Әлімхан Ермеков өз қолымен толтырған анкеталарда ағылшын, неміс, француз, итальян тілдерін білетінін көрсеткен. Қызметтес болған, шәкірт болған және Әлімхан Ермековпен өмір жолы тоғысқан тұлғалардың барлығы дерлік Әлімхан жайында жылы лепес білдірген.

Қазақ автономиясын құруда Ә.Ермековтің өлшеусіз еңбегін зерделей отырып, онан кейінгі жасампаздық жолдары Қазақ елінің шаруашылық жайын қалыптастырып, нығайтуға халықты ағарту сияқты нақты істерге бағытталғандығына көз жеткізуге болады. Қарқаралыда мектеп ашты, Ташкент пен Алматыдағы жоғары оқу орындарында математикадан дәріс оқыды. «Ұлы математика курсы» 1-бөлім (1935), «қазақ тілінің математика терминдері» (1936) атты оқулық, кітаптарды жарыққа шығарды. Қазақ арасынан тұңғыш математика ғылымының профессоры атағын алды. Сонымен бірге нағыз білім мен біліктілікті қажет ететін сала — Халық шаруашылығын жоспарлау комитетінде және басқа да жауапты қызметтерде болады. 1929-1930 жылдары бір топ қазақ зиялылары абақтыға алынып, тергеуге түскенде, Ә.Ермековті де түрмеге қоса қамады. Алаш ісінің мүлдем құртылып, ұрпақтық сабақтастық үзіліп қалмау және ұлт зиялылары болашақты ойлап, Алаштың жас түлек дарындары М.Әуезов пен Ә.Ермековті сақтап қалу мақсатында олар, «кінәларын мойындап» сол жолы бостандыққа шығады.

Алайда 1937 жылғы қара бұлт Ә.Ермековтің басына тағы да үйіріліп, 1939 жылы сотталып, 1947 жылға дейін түрмеде отырып шығады. Түрмеден шыққаннан кейін жаламен қайта ұсталып, 1958 жылы босайды. 1957 жылы 26 қарашада толық ақталып, Қарағанды Мемлекеттік техникалық университетінде математикадан дәріс оқиды. Әлімхан Ермеков 1970 жылы қайтыс болады.

ALASH24.KZ

Сол сияқты қараңыз

Пікірлер орны

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Scroll to Top

Поделиться

Facebook
VK
OK
WhatsApp