Бақылаудағы тарих: Біз одан арыла алдық па?

Ұлы тарихи тұлға Ахмет Байтұрсынұлының «асықпаңдар, артымызда қазы бар!» деген сөзі бүгінгі тарихшылар қауымына тікелей қатысы бардай ұғылады. Бұл халқымыздың тарихының күрделі де қайғылы сәтінде жасалған тұжырым. Ел өміріндегі сол бір ауыр жағдайды зерттеп, болған жағдайды ұлтқа жеткізетін ұрпақтың келетіндігіне сенім білдіру.

Ұлттың жүріп өткен жолын зерделеу ісіне байланысты аға ұрпақтың күткен сәті тәуелсіздікпен бірге жетті. Бұл қайсыбір отандастарымыздың айтып жүргеніндей өткен өмірге тым көп қарайлап, одан шыға алмағандық емес. Кез келген халық өз тарихын ғылыми тұрғыдан қорытуға мұқтаж. Ондай еңбек кемелділіктің өлшемі. Тура қорытылмаған тарих қисық айна сияқты, адастырады. Ал адасқан жұрт алдауға және арбауға түседі.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында осы ойды қадап айтты. Сондай-ақ тарихты жазудың сенімді жолы әрбір халыққа өз тарихын өзі қорыту екендігін ескертті. Мұндай ұстаным, әсіресе, біздің қазақ сияқты төл тарихы идеологиялық ықпал жағдайында жазылған ұлт үшін аса маңызды. Ұлт тарихына қатысы бар мамандар бұл ұстанымды мемлекет, оның басшылығы тарапынан жасалып отырған қолдау есебінде қабылдағаны абзал. Осы ретте мынадай жағдайды еске алуға тура келеді. Кеңестік кезеңде қазақ тарихы төрт рет орталықтағы идеологиялық органдардың талқысынан өтіпті. Мұндай «мәртебені» ешқандай да басқа ұлттық республикалардың тарихы иеленбеген. Мұндай қызығушылықтың астарында қандай мақсат-мүдделер болды, осы сұрауға жауап іздеп көрейік. Сонымен, 1935 жыл Мәскеудегі Коммунистік академия жанындағы Тарих институты. Осында С.Брайнин мен Ш.Шафироның «Очерки по истории Алаш-Орды» аталатын кітабы талқыға түсті. Кітапқа редакторлық жасаған осы аталған институт директорының орынбасары Н.Н.Ванаг, ал кітап авторлары «Поалей Цион» атты еврей жұмысшылары партиясының белсенді мүшелері болған, Қазақстанға Ф.Голощекиннің шақыруы бойынша зерттеу жұмысын жүргізуге келгендер еді. Олардың қазақстандық тарихнамада қалдырған ізі де осы Алашорда очерктерімен шектелді. Арнайы шақырылған қос зерттеушіге жүктелген міндет 1928-1930 және 1930-1932 жылдары жүргізіліп, Мәскеу Бутыркасында аяқталған алаш қайраткерлеріне байланысты қабылданған жазалау шараларына идеологиялық негіздеме беру болды. Бірақ Брайнин мен Шафироның бұл әрекеті сәтсіз болып шықты. Олар кітапта жасаған тұжырымдарына «іргелілік» беруді көздеп, оның екінші жартысында Қарқаралы петициясынан (1905) бастап 1917 жылғы Жалпықазақ съездерінің шешімдері мен Алаш партиясының бағдарламасын (1917) да келтірген еді. Өз ретінде бұл құжаттар мазмұндық тұрғыдан Алаш қозғалысының антиколониалдық сипаттағы азаттық қозғалыс екендігін куәландыратын материалдар болатын. Кітап авторларының бұл «қателігін» әшкерелеуге арналған мақалалар орталық басылымдарда жарық көрді. Мәселен, Э.Генкин мен А.Ломакиннің «Историк – марксист» журналында «Против Алашордынской контрабанды» аталатын мақаласы жарияланды (1935, №4.с.108-110).

Қорыта айтқанда, бұл жолғы талқылау 1923 жылы мәскеулік эмиссарлар Е.М.Ярославский мен А.И.Вайнштейннің ІІІ партия конференциясында асау қазақ басшылығы үшін жүргізген теориялық «сабақтарының», 1925 жылы Ф.Голощекин билікке келген соң басталған қазақ қоғамын оппозициялық күштерден тазалаудың, Алаш (яғни, ұлт-азаттық) элитасын сотқа тарту арқылы жоюдың логикалық жалғасы, сол арқылы қазақ қоғамын социалистік құрылыс және пролетарлық интернационализм жолына салудың сол бір тарихи кезеңге тиесілі көрінісі еді. Орталықтың тікелей басшылығымен мақсатты түрде жүргізілген бұл перманентті әрі жүйелі әрекеттер екіжүзді, қитұрқы идеологиялық шаралар және зорлау әдіс-құралдары арқылы іске асырылды.

Қазақ тарихына байланысты мәселенің келесі, екінші мәрте Мәскеуде талқыға түсуі 1944 жылы мамыр-шілде айларына тиесілі. Коммунистік партияның Орталық Комитетінің идеология бойынша хатшысы А.С.Щербаковтың төрағалығымен, сондай-ақ ОК-нің хатшылары А.А.Андреев пен Г.М.Маленковтың қатысуымен «КСРО тарихының мәселелеріне арналған» бұл кеңестің өтуіне себеп болған 1943 жылы жарық көрген «История Казахской ССР с древнейших времен до наших дней» кітабының төңірегінде қалыптасқан жағдай еді.

Кітапқа тән бір ерекшелік, онда қазақ халқының отарлық езгіге қарсы, өз тәуелсіздігі үшін күресі он шақты тарауда (барлығы 31 тарау) баяндалып, ұлттың еркіндік сүйген тұлғасының шынайы сомдалуында еді. Академик Н.М.Дружинин кейінірек өз естелігінде мәскеулік және ленинградтық ғалымдардың «қазақтардың өз отанына деген сүйіспеншілігіне, өткен трихына, сондай-ақ болашағы үшін үлкен жігерлі жүргізген күресіне» қолдау жасай отырып, кітапта баяндалған оқиғалар мен процестерге «қазақ көзілдірігімен» қарауға тырысқандықтарын ашық айтып жазды (Н.М.Дружинин. Воспоминания и мысли историка. М., 1967, с.64-65).

Кітап авторларының бұл ұстанымы Орталықтағы идеологиялық органдар мен ескі көзқарастағы тарихшы ғалымдарға ұнаған жоқ. Мәселен, кітап Сталин сыйлығына ұсынылғандықтан, Сыйлықтар бойынша комитетке ресми пікірін білдірген А.И.Яковлев деген тарихшы кітапта Ресей үкіметінің империялық территориясын кеңейту әрекеті қорғаныстық мақсатта жүргізілген «прогресшіл» сипаттағы әрекет ретінде көрсетілуі тиістігіне көңіл аударып, ал керісінше қазақ халқының орыс отаршылдығына қарсылығы соншалықты маңызды нәрсе еместігін бөле айтып, еңбекте жағымды көзқарас Ресей империялық мемлекеттігіне ғана емес, тіптен орыс халқының өзіне де жоқ деген қорытындыға келеді (Бранденбергер Д.Л. Национал большевизм… СПБ., 2009, с.149).

Талқылау барысында тарихшы А.В.Ефимов, мәселен, А.М.Панкратованың кітабында қазақтар таңдаулы халық («избранный народ») ретінде көрсетіледі деген мысқылды пікірін білдіріп, әлсіз және аз халықтардың тәуелсіз және дербес өмір сүру құқына күмәнмен қарайтындығын ашық та анық жеткізіп, империяның көрші халықтардың жеріне байланысты жүргізген саясатына легитимді сипат беруге ыңғай танытты (Вопросы истории, 1996, №4, с.70).

А.И.Яковлев, А.В.Ефимов, Е.В.Тарле сияқты ғалымдардың ұстанымының негізінде күшті мемлекеттердің әлсіз көршілерінің есебінен өз территориясын кеңейтуі тарихи тұрғыдан прогресшіл құбылыс, ал бұл отарлау процесіне жергілікті халықтың қарсылық танытуын асыра дәріптеу дұрыс емес, мұндай әрекет кері патриархалдық және феодалдық қатынастарға шегеретін ұстаным есебінде бағалануы тиіс деген тұжырым болды.

Тарихшылар кеңесі (1944) қорытынды құжат қабылдаумен аяқталған жоқ. Орталық Комитет ондай құжат қабылдау мәселені ушықтыра түсуі мүмкін деп тапты. Дегенмен дискуссия бұдан былайғы уақытта Одақтағы қазақ сияқты халықтардың тарихын жазу ісінде методологиялық негізге сол елдің қайталанбас жүріп өткен тарихи жолы емес, орталықтағы идеологиялық аппараттың талап-тілегі алынатындығын байқатты. 1943 жылы жарық көрген қазақ тарихын идеологиялық тұрғыдан жарамсыз кітап ретінде пайдалануға тыйым салынды.

Қазақ тарихының Мәскеуде келесі үшінші рет талқыға түсуі мазмұндық тұрғыдан бұдан бұрынғы (1944) талқылаумен өзектес еді. 1948 жылы 28 ақпанда КСРО Ғылым академиясының тарих институтында академик Б.Д. Грековтің төрағалығымен Е.Бекмахановтың Кенесары Қасымұлы бастаған азаттық қозғалыс тарихына арналған «Казахстан в 20-40-е годы ХІХ века» (1947) аталатын монографиялық еңбегі партиялық органдардың тапсырысымен дискуссия тақырыбы ретінде қарастырылды.

Академик Б.Д.Греков кіріспе сөзінде Е.Бекмахановтың монографиялық еңбегін талқылаудың қазақ тарихының келесі екінші басылымын даярлау ісіне, «жалпы қазақ халқының тарихын қорыту ісінде негізге алынбақ концепцияға қатысы болатындығын» ескертті. Бұл арада беделді академиктің партияның Орталық комитетінің идеологиялық тапсырысын орындауға мәжбүр екендігін түсіну қиынға соқпайтын еді.

Бұл жолы Е.Бекмахановтың ғылыми ұстанымын «буржуазиялық ұлтшылдықтың» көрінісі ретінде айыптау ісінде қазақ тарихшылары Шойынбаевтың, Ақынжановтың және Айдарованың белсенділік танытқанын атап айтқан жөн. Абырой болғанда бұл аталған азаматтардың ұстанымы мәскеулік ғалымдар тарапынан қолдау таппады. Талқылауда сөз алған ғалым А.П.Кучкин, мәселен, К.Қасымұлы бастаған қозғалыс «ұлт-азаттық сипат алғандықтан ұлт-азаттық күресте таптық мүдде кейінге ысырылып, алға жалпыұлттық мүдде шығатындығы» толық табиғи құбылыс екендігіне тоқталды. Ол «Бекмахановтың ұстанымы, концепциясы негізді» екендігін ашық қорғап, Айдарова мен оның серіктерінің «Бекмахановты жойып жіберуге» әзір тұрғандықтарын айыптады.

А.П.Кучкиннің Бекмаханов еңбегіне берген бағасы Н.М.Дружинин, С.В.Бахрушин, М.П.Вяткин және А.Ф.Якунин сияқты ірі зерттеуші ғалымдардың тарапынан қолдау тауып, идеологиялық органдардың тапсырысы орындалмады. Дегенмен партиялық тапсырыс Алматыда іске асырылды. 1951-1952 жылдары қазақ тарихы мен руханиятын зерттеу ісінде «буржуазиялық ұстаным» танытқандары үшін арасында Е.Бекмаханов бар жаңа буын (Б.Сүлейменов, Е.Исмаилов, Қ.Жұмалиев, Қ.Мұхаметханов және басқалар) шығармашылық иелері абақтыға жабылды.

Қазақ тарихына қатысты соңғы төртінші талқылау. 1976 жылы 13 ақпанда КСРО ҒА Тарих және әдебиет пен тіл бөлімдері бюроларының бас қосқан мәжілісінде өтті. Бұл жолы талқыға ақын және ғалым О.Сүлейменовтің «Аз и Я» (1975) кітабы түсті. Кеңестік кезеңнің күзінде өткен «Аз и Я» кітабын талқылау нені көрсетті? Дәстүрлі Орыс демократиясының соңғы өкілдерінің санатындағы академик Д.С.Лихачев О.Сүлейменовтің кітабына байланысты білдірген пікірінде «Көңілінің терең түбінде өз халқына, оның мәдениетіне сенбейтін ұлтшылдар ғана елінің мәдениетке қосқан үлесін жасанды түрде үлкейтіп көрсетеді» деген пікірін білдірді. Бұл, әрине, кезінде саяси репрессия құрбаны болған ғалымның қатыгез ұлыдержавалық тәртіптің құрсауындағы мәдениетке араша түсудің орнына, керісінше оны табалауы, сол арқылы өзінің де империялық идеологияның қуыршақ құралына айналғандығының көрінісі еді.

Соңғы талқылау сонымен бірге 1941-1945 жылдары соғыс тұсында кеңестік кеңістікте қалыптасқан ұлтшыл-большевизм идеологиясының өрлеу шегіне жетіп, ғылымның гуманитарлық салаларымен өзара кірігіп кеткендігінің де айғағы болды. Өз ретінде бұл мазмұндағы озбырлық ұлттық сана тарапынан қарсылық туғызбай қоймайтын еді және оның сәті түскенде кезекті бір серпіліске ерік беретіндігі де анық-тын.

Сонымен, 1935, 1944, 1948 және 1976 жылдары ұлттық тарихнамаға байланысты болып өткен бұл талқылалардан шығатын тұжырым қандай болмақ?

Ең алдымен байқалатыны, әрине, кеңестік кезеңде өмірге келген ұлттық тарихнаманың гуманитарлық ғылым саласы ретінде орталық билік тарапынан мұқият бақылауда болғандығы. Сондай-ақ ол алғашқы жасаған қадамынан бастап-ақ мынадай мазмұндағы концептуалдық тұжырымды берік ұстануға міндеттенді.

Қазақ елінің Ресей империясының құрамына «өз еркімен қосылуы» оның жер бетінде ұлт ретінде сақталып қалуының баламасыз алғы шарты есебінде көрсетіліп, бұл шешімнің тура екендігі, әсіресе Ресей қоғамының «революциялық» перспективасынан анық байқалып, тарих ғылымына міне осы «шындықты» жан-жақты дәріптеп, баяндау жүктелді. Ал Ресей билігі құрамындағы өмірге қарсылық танытқан (Исатай Тайманұлы, Кенесары Қасымұлы, Алаш қозғалысы және басқалары) азаттық қозғалыстар прогреске қарсы әрекет есебінде баяндалуға тиіс болды.

Империялық, ұлыдержавалық күштердің қазақ мемлекеттілігін ыдырату (XVIII-XX ғғ.), қазақ халқының санасынан ұлттық мемлекеттілік идеясын ығыстыру әрекеті, оның есесіне керісінше руаралық, жүзаралық алауыздықты өршіту ұстанымын зерттеу жабық тақырыпқа жатқызылды.

Оқу бағдарламаларында ашық және басым түрде Ресей империясының жетістіктері мен жеңістеріне басымдық берілді. Түркі және қазақ халықтарының тарихи құндылықтары мүмкін болғанша ұмыт қалуға тиіс болды. Осы мазмұндағы сұрыптау тарихи тұлғалардың қызметіне де байланысты жүргізілді.

Отан тарихын зерттеу және баяндау ісінде мейлі ол патшалық немесе кеңестік кезең болсын басымдық жағымды құбылыстар мен нәтижелерге берілуі тиіс еді. Биліктің жүргізген реформалары қазақ халқының тек өсіп-өркендеуіне жол ашқандай көрсетілді. Ал осы империя құрамындағы қазақ халқының өміріне байланысты не керектігін оның өзінен сұраған ресейлік шенеунік болмағандығы, мұндай отарлық күйдің жинақы көрінісі қазақ қоғамынан бірдеи бір реформатор тұлғаның шықпағандығы, бұл шындықтың мақтаулы коммунистік кезеңге де тән екендігі қаперге алынбады. Қазақ халқының ХХ ғасырда сан жағынан да, сапа жағынан да кеміп кетуіне соқтырған трагедиялық кезеңдердің қайталануы соған байланысты екендігі құпия ұсталды.

Басқаша айтқанда, ұлт тарихнамасында ұлттық өсіп-өркендеуге байланысты балама жол мен жоба туралы ауыз ашып, мәселе көтергізбеу қалыпты, үйреншікті жағдайға айналды. Кенесары Қасымұлы мен Әлихан Бөкейхановтың ұлттық мемлекеттік идеясын жаңғырту әрекеті ұлт тарихнамасындағы ең даулы тақырыпқа айналуы осы жағдайға байланысты еді.

Қорыта айтқанда, жоғарыда баяндалған концепцияның астарында қазақ қоғамы өз бетінше еркін өмір сүре алмайды, оған Ресей билігі ұсынған өмір сүру салтын қабылдаудан басқа балама жол жоқ деген тұжырым болды. Билікке тән бұл ұстаным 1951-1952 жылдары сотқа тартылған қазақ тарихшылары, әдебиеттанушылары және жазушыларының тағдырынан анық байқалды. 1952 жылы 25 жылға абақтыға кесілген тарихшы Е.Бекмахановтың ісін қайта қарауға байланысты КСРО Ішкі істер министрлігінің аса маңызды істер бойынша тергеу бөлімінің қаулысында (Мәскеу қаласы, 1954 жыл, 16 ақпан) біз қарап отырған мәселеге сәуле түсіретін мынадай мазмұндағы фактілерді кездестіруге болады:

«Бекмаханов Ермұқан Қазақ КСР Мемлекеттік Қауіпсіздік министрлігі тарапынан 1952 жылы 5 қарашада ұлтшылдық қызметі үшін тұтқындалған. Тергеу барысында анықталғандай, Бекмаханов тарих саласында ғылыми қызметкер бола жүріп, 1942-50 жылдары баспа жүзінде жариялаған жұмыстарында, ашық сөздерінде, таныстарымен арадағы әңгімеде тарихи фактілерді бұрмалап және реакциялық көзқарастағы ақындардың, сондай-ақ халық жаулары – алашордалықтардың шығармаларын пайдаланып, Қазақстан тарихына қатысты Кенесары Қасымов қозғалысын буржуазиялық ұлтшылдық ұстаным тұрғысынан баяндады, өз кезегінде оның бұл әрекеті КСРО халықтары, әсіресе орыс және қазақ халықтары арасындағы достықты ыдыратуға бағытталып, қазақ жастары мен зиялыларының белгілі бір бөлігін буржуазиялық ұлтшылдықтың уымен улады».

Ал енді осы тарихтың немен аяқталғанына назар аударған артық емес. Ол, әрине, тарихшыны рухани және физикалық тұрғыдан азаптаумен және сындырумен, сол арқылы оны билік қалаған жолға салумен аяқталды. Жоғарыда аталған қаулының соңында Е.Бекмахановтың абақтыдан кейінгі көзқарасындағы өзгеріске байланысты мынадай жолдарды оқимыз: Бекмаханов «после критики ошибочной буржуазно-национальностической концепции в оценке движения Кенесары Касымова, в течение 1951-1952 г.г. подготовил монографию «Присоединение Казахстана к России в ХІХ веке», свободную от националистических ошибок».

Е.Бекмаханов 1953 жылы 15 шілдеде партияның бірінші хатшысы Н.С. Хрущевқа жолдаған хатында «Әрбір таза кеңес адамының міндеті – өзінің қателігін мойындап, оны іс жүзінде түзеу болып табылады. Мен неге ондай мүмкіндіктен бас тартуым керек? Мені түзелмейтін адам дегенге кім сенеді? Ленин-Сталин партиясы мен сияқтылардың талайын ақиқат жолына салған еді ғой!» деп жазды.

Мұндай «ақиқат» жолына салудың нәтижесі қандай? Жақында ғана өзім қатысқан онлайн жиналыс болып өтті. Осы басқосудағы әңгіменің біздің тақырыбымызға  тікелей қатысы болғандықтан тоқталуға тура келеді.

Сәуірдің алғашқы күндерінің бірінде енді жазылмақшы көптомдық Отан тарихының алтыншы кітабының концепциясы талқыға түсті. Оны жазуға қатысатын авторлардың бірі отырған көпшілікті кітаптың жобасымен таныстырды. Бұл арада елеусіз қалдыруға болмайтын екі ғылыми ұстанымның өзара қарсы келгенін атап айтқан жөн. Жобаны ұсынған авторлардың пікірінше, ХХ ғасырдағы Қазақстан тарихы 1917 жылғы қос революция және азамат соғысының жай-жапсарын, яғни кітаптың алғашқы тарауы осы іргелі тақырыпты баяндаудан басталғаны жөн екен. Кітаптың жобасына түсінік берген, өзім сыйлайтын әріптесім, рас, қазақ қоғамында бұл тарихи кезеңде ұлттық зиялылар буыны болды, дегенмен ол толыққанды интеллигенция деңгейіне жетпей, бөлініп-жарылып, әлеуметтік күшке айнала алмаған күйінде сөнді деген ойды жеткізді.

Кеңестік кезең тарихына арналған осы алтыншы томның жоба авторлары ұсынып отырғандай 1917 жылғы қос революция және азамат соғысының тарихын баяндаудан басталғаны ғылыми тұрғыдан қаншалықты ұлт тарихының осы кезеңіне үйлесімді болмақ? Бұл, әрине, ұсақ-түйек нәрсе емес. Анығырақ айтқанда ел тарихының кеңестік кезеңін тура түсініп, қорытуға қатысы бар өзекті мәселе. 1917 жылғы буржуазиялық-демократиялық аталған Ақпан революциясы мен социалистік аталған Қазан революциясы қаншалықты қазақ халқының төл тарихынан қайнап шыққан құбылыстар еді?

Кітап жобасын даярлаған авторлар кеңестік кезеңде таптаурын болған жолға түсе салудан бұрын өздеріне бір сәтке осы сауалды қойып, оған өзге емес, өз тарихымыздан жауап іздегені дұрыс еді.

Бұл қойылған сауалға өткен ғасырдың 20-ншы жылдары-ақ сол аталған тарихи оқиғаларға куә болып, оларды қазақ өмірімен байланыста қорытып, жүрегінен өткізген ұлт-азаттық қозғалыс қайраткерлері жауап беріп үлгерген-ді. А.Байтұрсынұлы, мәселен, қазақтар үшін Ақпан революциясын соншалықты түсінікті көрініп, оны қуанышпен қарсы алған болса, Қазан революциясы соншалықты түсініксіз көрініп, оны үреймен қарсы алуға мәжбүр болғанын жазды. Мағжан Жұмабайұлы Қазан төңкерісін Ресей арқылы жеткен еуропалық құбылыс ретінде бағалады.

Қорыта айтқанда, қазақ қоғамы ХХ ға­сырдың басында әлеуметтік-таптық күрес арнасында емес, антиколониалдық, ұлт-азаттық күрес арнасында тұрды. Яғни бұл тарихи кезеңде жерінен, салт-дәстүрінен, тілі мен ділінен, дінінен айырылып қалу қаупі алдында тұрған қазақ халқына қажеті таптық жіктелу жолына түсу емес, ұлт тұтастығы мен ауызбірлігін сақтау арқылы ұлттық мемлекеттігін жаңғырту еді. Ал таптық жіктелу жолын таңдап, революциялық төңкеріс иіріміне тартылған халық берекесіздікке ұрынып, арандап қалатынын Ә.Бөкейханов бастаған азаттық қозғалыс басшылары жақсы түсінді, халықты бұл жолдан іргесін алыс ұстауға үндеді. Осы тұжырымға келген азаттық қозғалыс басшылары қазақ мәселесінде большевиктер партиясы жетекшілерінен жоғары тұрды. Қазақ халқының жүріп өткен жолы бұл тұжырымға негіз бола алады.

ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамдық өміріндегі негізгі мәселе ол ұлт болашағы үшін күрес алаңына жаңа сапа және мазмұндағы ұлт-азаттық қозғалыстың көтерілуі еді. Оның басында ұлт оқығандары тұрды. Басқаша айтқанда, 6-томда негізгі өзекті мәселе ретінде алға большевиктер партиясы тарапынан қазақ қоғамына енгізілген таптық жіктелу және тап күресі мәселесі емес, ұлттық құндылықтарды сақтау үшін ақтық күрес жолына түскен ұлт-азаттық қозғалыс тақырыбы шыққаны тарихи шындыққа сәйкес келмек.

Мәмбет Қойгелдиев, академик

Дереккөз: Еgemen.kz

Сол сияқты қараңыз

Пікірлер орны

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Scroll to Top

Поделиться

Facebook
VK
OK
WhatsApp