Елордада көне тарихтан сыр шертетін, ғылымның дамуына, ұлт руханиятына бағдар болар олжалы орталық бар. Біреу білер, біреу білмес. Ол – Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты 2017 жылы құрылған Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы.
Қазіргі материалдық құндылықтың құлы болып, рухани жан дүниесі жүдеп бара жатқан қоғамның көзін ашатын рухани, мәдени, тарихи орталықтарды жұрттың білгені ләзім. Алдамшы дүние бүгін бар, ертең жоқ. Ұрпақтан ұрпаққа мирас болып қалатын тек ғылым ғана. Осы ғылым арқылы қоғам одан әрі дамиды. Өткеннен сабақ алады, рухани жан дүниесін сусындатады, ойлау көкжиегі кеңейе түседі.
Ұлттық орталық жұмысының басты мақсаты – еліміздегі және шетелдердегі жазба дүниелерімізді бір орталыққа жинақтап, көзіміздің қарашығындай сақтау, кейінгі ұрпаққа жеткізу. Сонымен қатар ел тарихын айқындайтын дерек көздерді зерттеуші қауымға қолжетімді етіп, тарихымыздың кейбір ақтаңдақ беттерін қайта жазуға мұрындық болу. Қолжазбалар мен сирек кітаптар – қай заманда да киелі құндылық, асыл қазына. Әрбір халық мәдениетінің биіктігі мен ділінің беріктігі құнды деректердің мазмұнымен, оның көркемдік сапасымен және сауаттылығымен өлшенетіні анық. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының да басты мақсаттарының бірі – бүгінгі күнге дейін сақталған жазба дүниелерімізді ұлықтау арқылы біртұтас ұлтымыздың жарқын болашағын қалыптастыру емес пе?! Етек-жеңімізді жинап, ел болдық. Енді барымызды бағалап, жоғымызды, құнды дүниелерімізді түгендеуге еш кедергі жоқ. Сол құндылықтарымыздың бірі де бірегейі әлемнің түкпір-түкпірінде жатқан – жазба мұралар. Ата-бабаларымыздың әлемдік өркениетке қосқан үлесінің дәйегі және дәлелі ретінде танылатын жазба мұралар, жаһандық тарихтағы Ұлы даланы танытуда маңызды рөл атқарады.
Еліміздің сан ғасырлық рухани, саяси өмірінен, мәдениеті мен тарихынан мол мағлұмат беретін баға жетпес мұраларымыздың құндылығы қашанда жоғары бағаланған. Өйткені сирек кездесетін қолжазбалар мен алуан түрлі сирек басылымдардың түпнұсқалары – бағзы заманнан бүгінге дейінгі тарихи ұзақ мерзімді қамтитын баға жетпес, құнды жәдігерлер. Сондықтан бабаларымыздан қалған мұраларымызды жүйелі түрде жинап зерттеу, оны ғылыми айналымға енгізіп дәйектеу – Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының міндеті.
«Орталықтың басты мақсаты – Қазақстан тарихына қатысты қолжазбалар мен сирек кітаптарды орталыққа жинау, зерттеу, пайдаланушы ғалымдарға ұсыну және келер ұрпаққа жеткізу. Орталық төрт бағытта жұмыс істейді. Бірінші, қолжазбаларды жинау және есепке алу. Екінші бағыт – зерттеу. Үшінші бағыт – реставрациялау. Ал төртінші – пайдаланушыларға ұсыну және көрме залы мен электронды оқу залдарындағы жұмыстар. Қазір қорымызда 11 мыңнан астам кітап бар. Оның 300-ге жуығы араб, парсы, түркі тілдеріндегі қолжазбалар. Ең көне кітап – 7-ғасырда жазылған Құран. Бұл – түпнұсқаның көшірмесі. Қазір қорымызда арабографиялық кітаптар коллекциясы жиналған. 200-ден аса төте жазудағы кітаптар коллекциясы бар, 200-ден аса латын графикасымен жазылған кітаптар, қазақ ағартушыларының кітаптары және Әл-Фарабидің трактаттары бар. Қазіргі уақытта ғалымдармен тікелей жұмыс істеп жатырмыз. Біздің орталықта сақталған құнды кітаптар, қолжазбалар отандық ғылымға үлкен үлес қосатынына кәміл сенемін», – дейді орталықтағы Ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің бас сарапшысы Камшат Пазылова.
Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығындағы негізгі бөлім – ол көне кітаптарды «емдейтін», реставрация жасайтын бөлім. Мұндағы мамандар Оңтүстік Корея, Түркия, Иран сияқты мемлекеттерге барып, тағылымдамадан өткен. Бұдан бөлек, алыс-жақын шетелдерден келген мамандармен де тәжірибе алмасып тұрады.
«Негізгі жұмысымыз – қордағы ғылыми кеңес белгілеп берген кітаптармен айналысамыз. Бірінші кезеңде дезинфекция жасаймыз. Одан кейін шаңнан тазарту процесінен өткіземіз. Кітаптар жуылады, кептіріледі. Содан кейін реставрация жасалып, көрмеге немесе ізденуші ғалымдарға ұсынылады. Айта кету керек, кезінде көне қолжазбалар мен кітаптарды дайындағанда органикалық заттар қолданылғандықтан, оған құрт-құмырсқалар әуес болады, көгереді, иісі шығып тұрады. Мысалы, таза былғары қолданылған кітаптар бар, ұннан жасалған желім жаққан кітаптар кездеседі, картон қағаздардың өзі табиғи. Сол үшін түрлі өңдеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл жұмыстар кітап ұзақ сақталу үшін, мамандардың денсаулығына кері әсер етпеу үшін жасалады», – дейді барлық өңдеу процесін көрсеткен Қалпына келтіру және консервация бөлімінің басшысы Сырым Сайлаулы.
Осыдан кейін Қолжазба және сирек кітаптар ұлттық орталығының директоры Мәлік Отарбаевтың өзін сөзге тартқан едік. Орталық басшысы алда атқарылар қыруар шаруа мен шешімін күткен бірқатар мәселенің де бар екенін айтты.
«Қазір Мәдениет және спорт министрлігінде архив және құжаттама комитеті құрылып жатыр. Біздің архивке емес, Мәдениет комитетіне қарағанымыз дұрыс болар еді. Өйткені, барлық кітапхана Мәдениет комитетіне қарайды. Біз солардың алдыңғы қатарында тұруымыз керек. Біз кітапхана емеспіз, бірақ ұлтымызға қажет сирек кездесетін кітаптарды жинаймыз. Мысалы, Санкт-Петербургтан, Австриядан, Татарстан бірнеше кітаптардың көшірмесін алғызып отырмыз. Негізі ғалымдар анықтайды. Олар қай мемлекеттің қай архивінде қазақ тарихына қатысты қандай құнды кітап немесе құжат барын айтады. Ары қарай біз іс-қимыл жасап, тиісті жолдарымен алып келуге тырысамыз. Әсіресе, Батыс елдерінде біздің тарихымызға қатысты құнды дүниелер өте көп. Ресейден және жақын маңайдағы елдерден алу қиын емес. Ал Батыс елдері көшірмесінің өзін сатады. Оған арнайы бюджет керек. Ол үшін бізде әзірге қаржы қарастырылмаған. Басшылыққа ұсыныс жасадық. Жаңа комитет құрылса, ол жағы шешіліп қалар деп үміттеніп отырмыз. Біздегі сирек кездесетін кітаптарды диссертациялық жұмыстарына пайдалану үшін келетін жас ғалымдар өте көп. Шамамен күніне бес ғалым келеді. Әсіресе, тарихшы ғалымдар, филологтар келіп, өзіне қажет дүниесін ала алады. Бұл біздің орталықтың отандық ғылымның дамуына қосып жатқан өлшеусіз үлесі деп түсінген дұрыс», – дейді Қолжазба және сирек кітаптар ұлттық орталығының директоры Мәлік Отарбаев.
Айта кету керек, бұл ұлттық орталыққа шетелдердегі архивтерден бөлек, өзіміздің азаматтарымыздың үйінде сақтап келген көне кітаптары да қойылады.
«Мен былтыр қараша айында осы орталыққа директор болып тағайындалдым. Содан бері он адам матаға орап, үйлерінде сақтаған көне кітаптарын алып келді. Біріншіден, қазіргі ұрпақ ол кітаптарды оқи алмайды, екіншіден уақыт өте келе ол кітаптар бұзылады. Сондықтан, азаматтар сандықтың түбінде шіріп кеткенше, ел игілігіне жарасын деп бізге тапсырады. Біз ол кітаптарды тазалаймыз, реставрация жасаймыз, бір сөзбен айтқанда кәдеге жаратамыз. Біз мұндай әдебиеттерді сақтаған сайын қазақтың ежелден сауатты болғанын дәлелдей аламыз. Бұрын бізді сауатсыз, оқымаған, надан деп келгендердің аузына құм құятын нақты дәлел – осы әдебиеттер, қолжазбалар. Кезінде осы мәселені Шерхан Мұртаза ағамыз да көтерген болатын. Біреулер бір конференцияда қазақтар кітап оқымаған, кітап шығармаған деген сияқты жаңсақ пікір білдірген көрінеді. Содан Шерхан ағамыз «Егемен Қазақстан» газетіне татар тарихшысы Калимуллиннің Қазан баспасынан қазақтың тарихы мен әдебиетіне қатысты екі миллион бес жүз пәлен мың тиражбен кітап шыққанын айтқаны туралы мақала жариялады. Осының өзі үлкен дәлел. Жалпы, құнды дүниелеріміз көп болған сайын ғылым дамиды, рухани қуатымыз күшейеді, тарихы тереңде жатқан еңселі елдің баласы екенімізді сезіну арқылы отансүйгіштік рухымыз да оянады»,- дейді Мәлік Отарбаев.
Ұлттық орталық қорындағы жазбалардың электронды көшірмесін жасау арқылы көпшілікке қолжетімді ету қазіргі уақытта өте қажет. Орталық бұл жұмыстарға да кірісіп жатқан көрінеді. Алдағы уақытта көне қолжазбалар мен сирек кітаптардың электронды нұсқасын оқитын боласыздар. Жоғарыда айтқанымыздай, Ұлттық орталықта 11 мыңнан астам кітап сақталған. Әлі реставрация жасалуы тиіс 2000-нан астам кітап қоры бар. Кеше ғана құрылып, ұлттың жоғын түгендеп келе жатқан орталықтың отандық ғылымға үлкен олжа салатынына сенім мол. Ол үшін мемлекеттің қолдауы қажет-ақ. Көне кітаптар мен қолжазбаларды өңдейтін, реставрация жасайтын мамандардың денсаулығына зиян келу қаупі басым. Оларды медициналық қамқорлыққа алу, жалпы, орталық мамандарының еңбекақысын көтеру сияқты әлеуметтік көмектердің де қарастырылғаны жөн болар еді. Мәдениет және спорт министрлігі ұлт мәдениетіне қызмет еткісі келсе, осы орталықты дамытуға күш салса жөн болар еді.
Alash.24