ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау комиссияның міндеттерін атады.
«Халқымызда «өткенге салауат, келешекке аманат» деген аталы сөз бар. Өткен тарихымыздың жақсы жақтары болғанымен ақтаңдақ тұстары да аз емес. Сол себепті еліміздің Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында қоғамымызды көптен толғандырып, көтеріліп жүрген тарихтың ақтаңдақ тұстарын айқындап, жазықсыз сотталған, қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтарды ақтау еліміздің, халқымыздың, қоғамның алдында тұрған үлкен міндет ретінде қарастыруға болады»,- деді Ералы Тоғжанов Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Осы ретте ол ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнаулы Жарлығымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толықтай ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылғанын атап өтті.
«Мемлекеттік комисия елімізге белгілі тарихшы ғалымдардың, қоғам қайраткерлерінің, Парламент дептутаттарының және мемлекеттік органдардың өкілдерінен – 49 адамнан тұрады. Жалпы мемлекеттік комиссияның алдында бірнеше нақты міндеттер бар. Біріншіден, саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіру мәселелері. Екіншіден, жазықсыз сотталған және саяси қуған-сүргінге ұшырағандарды ақтау процестерін ғылыми зерделеу. Сонымен қатар жабық мұрағаттардағы қуғын-сүргін жөніндегі материалдардың зерттеушілерге қолжетімді болуын қамтамасыз ету мәселесі де алдымызда тұрған үлкен сұрақтардың бірі. Мұнан бөлек, еліміздің азаттығы, тәуелсіздігі мен тұтастығы үшін күресте ерлік көрсеткен саяси қуғын-сүргін құрбандарын мәңгі есте қалдыру бойынша да ұсыныстар әзірлеу сияқты маңызды міндеттер жүктеліп отыр. Комиссияға Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев жетекшілік етеді. Жарлыққа сәйкес, комиссияның жұмыс органы ретінде Білім және ғылым министрлігі бекітілген», – деді Үкімет басшысының орынбасары.