Ой-толғау

Тобыл өңіріндегі нәубеттің басы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» бағдарламалық мақаласы өткен ғасырдың басында қазақ даласын қансыз қасапханаға айналдырған алапат аштық туралы архив мекемелерінде сарғайып жатқан мәліметтерді жан-жақты зерттеп, зерделеу ісіне қозғау салды. Осыдан 100 жыл бұрын қазақты қынадай қырып кеткен ұлы нәубет сол кездегі Қостанай губерниясына да жойқын зардабын тигізгендігі анықталып отыр.

Қостанай облысының Ақ­парат­тан­дыру, мемлекеттік қыз­мет көрсету және архив бас­қар­масына қарасты архив жұмыс­тары және әдіснамасы бөлімінің жетекшісі Салтанат Тасжанова 1921-1922 жылдардағы аштық туралы архив құжаттарын зер­делеумен айналысып жүр екен. Маманның айтуынша, ашар­шылық жылдарына қатысты жа­лаң құжат сол дәуірдің ақи­қатын толық ашып көрсете ал­майды. Сондықтан әрбір та­рихи мәліметті жан-жақты қарас­тырған жөн.

– Өткен ғасырдың жиыр­масыншы жылдарындағы аш­тық­қа қатысты Қостанайдағы облыстық архив қорынан, Ор­талық мем­лекеттік архив пен Президент ар­хивінен, сондай-ақ өзіміздің өңірлік архивтерден біраз құжаттар табылды. Мұның сыр­тында, Сарыкөл, Әулиекөл, Жіті­қара аудандары мен Лисаков және Арқалық қаласында өңірлік ар­хивтер бар. Бұл мекемелерден де аштыққа байланысты көптеген құжатты табуға болады. Әсіресе Арқалық өңірлік архи­вінде Торғай өңірінде болған аш­тық туралы көп құжат жатыр. Оларды тарихшылар мен архив мамандары толық зерттей қой­­­маған. Өйткені Арқалық, Әулиекөл архивтерінде жатқан құ­­жат­­тардың көбі латын немесе араб қарпімен жазылған. Латын қарпімен жазылған құжаттарды әупірімдеп оқуға болады, бірақ араб қарпіндегі құжаттарды зерттеу қиын­дық тудырып отыр. Бізде араб тілін білетін­дер жоқ­тың қасы, – деді Салтанат Нұртас­қызы.

Бөлім жетекшісінің араб қарпі деп отырғаны Ахаңның төте жазуы болса керек. Айтуынша, өткен ғасыр­дың 20-жылдарындағы жап­пай аштыққа сол кездегі ауыл шаруа­шылығының тоқырауы, Кеңес өкі­меті 1919-1921 жылдар аралығында белгі­леген азық-түлік салымы, бірнеше жыл бойы жерді қуырып жіберген қуаң­шылық, байлардың және ірі шаруа қожалық­тарының жойылып кетуі себеп болған.

Табиғат ана тарылып, адам баласынан ес кеткен аласапыран заманның жандайшап атқамі­нерлері қарапайым шаруаның астығымен қоса, алдағы жылға сақтап қойған тұқымына дейін тартып алып жатты. 1917 жыл­дың көктемінде енгізілген астық монополиясы мен 1918 жылдың 13 мамырындағы азық-түлік диктатурасы аясында 1919 жылдан бастап халықтан қайта алына бастаған азық-түлік са­лымы онсыз да сіңірі шыққан аш­құр­сақ елді әбден титықтатып жі­берген еді. Бұл шаралар әйгілі «әскери коммунизм» саясатымен сабақтастырыла іске асырылды. 1919-1920 жылдары азық-түлік са­лымына картоп пен ет қосылып, үкімет артынша халықтан ауыл­шаруашылық өнімдерінің барлық түрін талғаусыз тартып ала бас­тады.

«Степная Заря» газетінің 1922 жыл­дың 3 тамызындағы №75 санында жарияланған «Аштықпен күрес» атты мақалада аштықтың басты себептері атап көрсетіледі. Мақала авто­ры ел басына төнген зауал, бі­рін­шіден, азамат соғысының сал­дарынан шаруашы­лық­тар басты жұмыс күшінен қол үзіп, егістік жұмыстары тоқ­тап, ауыл шаруашылығының құл­­ды­рауынан, сонымен қатар зауыт-фабрикалардың жабы­лып қалуынан орын алып отыр. Екін­шіден, екі жыл бойғы құр­ғақшылық салдарынан егіс ал­қап­тарында түк шықпай, өнімнің 50 пайызға азайғанынан, сондай-ақ соңғы жылдары кө­бейіп кеткен дән зиянкестерінің алқаптағы астықты жалмап-жай­пап тастағанынан болды», деп жазады.

Мәселен, 1920 жылғы құр­ғақ­­шы­лықта Федоров ауданында егін алқабы­ның 73,6%-ы, Қос­та­­най ауданында 71%-ы, Семи­озер­ (Әулиекөл) ауданында
66%-ы,­ Боровской (Меңдіқара) мен­­ Дени­­сов аудандарында 50%-ы­ жо­йы­­лып кеткен. Ал Все­свят­ский, Адамов және Тор­ғай аудан­дарындағы егін шаруа­шылығына қатысты мәліметтер сақталмаған, сон­дықтан бұл жылы губерния алқап­тарында күйіп кеткен егін­нің жалпы пайыздық мөлшерін есептеп шығару мүмкін емес (1-кесте).

Облыс архивінің қорында Қостанай губерниясына қа­расты төрт ауданда 1920-1921 жылдардағы мал басы туралы мәлімет сақталып қалған. Құжатта берілген кестеден губернияда мал басы бір жыл ішінде күрт кеміп кеткенін көруге болады. Мысалы, Қостанай ауданында 1920 жылы 42491 бас ірі қара болған. Ал 1921 жылы соның тең жартысынан астамы жойылып, 14 399-ы ғана қалған (2-кесте).

Өңірдегі ауыр жағдайға қарамастан, жергілікті билік ха­лықтан азық-түлік салымын жинауды аса қатыгездікпен жү­зеге асырды. Мысалы, Сал­та­нат Нұртас­қызынан алынған ар­хив құжат­тары атқарушы би­лік­тің «Кімде-кім азық-түлік салымы жұмыстарына ке­дер­гі жасаса, оларды аяусыз жоя­мыз» деген қатал талап қой­ға­нын айғақтайды. Са­лым жинау­шылар көп жағдайда кедей ша­руаның жеп отырған нанына дейін тартып алып отырған. Осы­лайша, губер­нияда жыл сайын ашыққандар саны көбейе бас­тайды. Мәселен, Қостанай өңірі бойынша 1921 жылғы қа­раша айында аш адамдар саны 192 340, ал Қостанай қаласы бо­йынша 7436-ға жет­кен. Әр есеп беретін мерзім сайын ашық­қандар саны 25 пайызға артып отырған.

Всесвятск ауданына (қазіргі Сарыкөл ауданы) қарасты Қа­расұлы болысының салық инс­пекторы А.С.Поручиков 1921 жылдың 12 тамызындағы баян­дау хатында: «Тұрғындарың азық-түлігі жоқ. Қарасұлы бо­лысындағы егіннің күйі өте нашар. Ешбір үміт жоқ, тіпті жерге сепкен тұқымның өзін қай­тарып алу мүмкіндігі болмай тұр», дей ке­ліп, халықтан азық-түлік салымына белгі­лен­ген жос­парды орындаудың аса қиынға соғып жатқанын, көп жағ­­дайда салықты күштеп жи­нау­­ға мәжбүр еке­­нін жазады. Губер­ния аумағында азық-түлік салы­мының қуғын-сүргін әдісі­мен күштеп жиналғанын 1921 жыл­­дың 5 ақпанында өткен азық-түлік басқар­масы отырысының №7 хаттама­сынан да көруге бо­лады.

Губерния халқының жап­пай аштыққа ұшырағанына қара­мастан, жергілікті атқарушы билік қысқа мерзім ішінде тұр­­ғындардан астық жинап, мем­лекеттік тарату пункттеріне апаруға міндеттелді. Салымнан жал­тарған азаматтар жазаның ең қатаң түріне тартылып, тұт­қынға алынды, сондай-ақ конц­лагерьлерге қамауға немесе мә­ж­бүрлі түрде еңбек етуге ке­­сіліп, Орынборға айдалған. Боль­­ше­виктер өкіметінің дұш­паны деп танылғандар әскери революциялық трибунал арқылы сотталды. Азық-түлік салымын орындай алмаған болыстар мен ауылдар өкімет тағайындаған өздеріне тиесілі тауардан қағы­лып, оларға диірмен бойкоты жа­рияланды. Қара тізімге іліккен мұндай ауылдар мен болыстарға қарулы азық-түлік жасақ­тары тінту жүргізіп, сіңірі шыққан кедей халықтың тапқан-таянғаны мен соңғы нәпақасына дейін тартып алып жатты.

1921 жылдың наурыз айында Қос­танай мен Ақтөбе өңірлерінде жұ­мыс сапарымен болып, ел ішін жайла­ған жоқшылық пен ашаршылықты өз көзі­мен көрген Орталық атқару коми­те­тінің мүшесі Ашмарин халықтың мүшкіл халін Қазақстан ОАК төрағасы Сейітқали Меңдешовке жеткізеді. Ашмарин өз баян­хатында: «…Халық азық-түлікке аса мұқтаж. 1920 жылы егін шықпай қалғандықтан, ел іші нансыз отыр. Қысқы жемшөп жетіспейді. Мал жаппай қыры­лып жатыр. Алдағы жылы себе­тін тұқым жоқ. Жемшөптің жоқ­тығынан ыңыршағы шыққан арық-тұрық, жұмысқа жегілетін мал көктемгі жұмыстарға жарам­сыз», деген мазмұндағы дерек келтіреді.

Аудандар мен болыстардан орта­лыққа келіп түскен мәлі­меттер елдің тамыр мен шөп жа­пырақтарын талғажау етіп отырғанын баяндайды. Кейбір болыстарда ашыққан жұрттың ит пен мысық сойып жегені, кепкен теріні қайнатып сорпа ғып ішкені, тіпті адам жегені туралы деректер бар. Архивтегі құжаттарда қой­малардың тоналып, ел арасында қарақшылық жасау, адам өлтіру қылмысының белең алғаны айты­лады.

1922 жылғы 28 қыркүйекте Қостанай губерниясына қарасты елді мекендердегі аштар мен жедел көмекке мұқтаждардың тізімі алынып, оларға көмек көр­сету туралы шешім қабыл­данады (3-кесте).

Осылайша, Қостанай губер­ниясының жоғарыдағы кестеге енген 4 ауданының өзінде ғана аш адамдардың саны 59 494-ке жеткенін, оның 30 347-сі қазақ, 29 147-сі орыс екеніне көз жеткізуге болады. Кестеде Тор­­ғай, Всесвятск (Сарыкөл), Боровской (Меңдіқара) аудан­дарындағы аштар мен жоқ-жітік­тер­ге қатысты мәлімет мүлде жоқ.

Алайда Всесвятск аудандық азық-түлік комитеті, Қостанай губерниялық азық-түлік комитеті мен Торғай аудандық азық-тү­лік комитетіне қатысты архив құжаттарында аталған аудан­дардағы аштыққа ұшырағандар мен аштан өлгендер туралы мәліметтер кездеседі. Мысалы, аштыққа ұшырағандарға көмек көрсету жөніндегі ауылдық болыстық комиссиялар 1922 жылдың 12 мамырындағы ахуал бойынша берген есептерде Всесвятск ауданына қарасты Севастополь болысының Ер­маков, Крылов, Некрасов, Екатеринополь, Мелитополь, Золо­торев, Златоустов, Сорочин, Кольцов ауылдық кеңестерінде аштықтан өлген балалар мен ересектер туралы деректер бар. Оларда аш адамдар мен аш­тан өлгендердің санына дейін көрсетілген. Мұндай статис­ти­калық есептердің біреуін ғана мысал етейік: 1922 жылдың 12 мамырындағы жағдай бойынша бір ғана Сорочин ауылдық кеңесінің өзінде 80 адам аштан өлген. Оның ішінде 45 бала, 35 ересек адам бар. Ал бұл елді мекендегі ашаршылыққа ұшы­рағандардың жалпы саны – 1242. Оның 602-сі – балалар, ересектер  – 640. Енді сол жылғы 16 тамыз айындағы статис­ти­ка­лық есепте Сорочин ауы­лында 244 адамның аштықтан көз жұм­ғаны, оның ішінде 112 бала, 132 ересек бар екені туралы айтылады. Сонда айна­ласы бес айдың ішінде 164 адам аштықтан көз жұмған. Осы уақыт ішінде аталған ауылдық кеңесте аштыққа ұшыраған тұр­ғындардың саны 4886-ға дейін ша­рықтап кеткен. Аштардың 1602-сі – 14 жасқа толмаған бала­лар, 3848-і – ересектер.

Шамамен 1922 жылдың наурыз айында Қостанай губер­ниясындағы аштарға көмек көрсету туралы жоспар құрылып, жалпы тұрғындардың және аш­тардың саны алынады (4-кесте).

Кестедегі 1-топқа енгізілген аудандарға ең бірінші кезекте, ал қалған аудандарға әрі қарай мұқтаждық деңгейін ескере отырып, рет-ретімен көмек беру көзделген. 1922 жылы жасалған жоғарыдағы кестеге сенсек, гу­бер­ния тұрғындарының 46,5%-ы аштыққа ұшыраған. Ал аудан­дардағы аштықтың пайыз­дық деңгейі бұдан әлдеқайда жоғары. Мәселен, Семиозер ауданы тұр­ғын­дарының 81,2%-ы, Торғай ауданы халқының 80,5%-ы, Боровской тұрғындарының 68,6%-ы, Денисов ауданы тұр­ғын­дарының 42,7%-ы, Адамов ауданында халықтың 41,3%-ы, Қостанай ауданында 37,3 %-ы, Урицкий ауданында 29,9 %-ы, Федоров ауданында 18,4%-ы аштыққа ұшыраған.

– Губерния халқының жаппай аштыққа ұшырауы жергілікті тұрғындар санының азаюына алып келді. Архив қорындағы деректерді қарап отырсақ, 1920 жылғы санақ есебі бойынша анық­талған 577 477 адамнан 411 572 адам ғана қалып, губер­ния тұрғындарының 60%-ы, яғни 246 311 адам ашыққан. 1922 жыл­дың 1 қаңтарында губерния бойынша аштыққа ұшыраған 283 749 адам тіркелді, ал сол жылдың 1 мамырында бұл көрсеткіш 347 497 адамға дейін жеткен, –дейді Салтанат Нұртасқызы.

Халық даналығында «Жұт жеті ағайынды» деп бекер ай­тыл­маған, ашаршылық жыл­да­ры ел ішін жайлаған жұқпалы тырысқақ ауруының етек алуына байланысты губерниялық атқару комитеті 1921 жылғы 2 шілдеде індетке қарсы күресу мақсатында төтенше санитарлық комиссия құрады. Барлық мекемеге комис­сия талаптарын бұлжытпай орындау міндеттеледі. Губер­ния­лық төтенше комиссия аудан­дық, болыстық, ауылдық дең­гейде осындай комиссия ұйым­дастырып, індетке ұшыра­ған­дардың санын анық­тауға кіріседі.

1922 жылы 26 қаңтарда Қостанай губерниялық атқару комитеті кеңесінің міндетті қау­лысы жарық көріп, жұқпалы сүзек ауруының ұлғаюына жол бермеу үшін тез арада көшелерді, үй алаңдарын қоқыстан тазалау, сүзекпен ауырғандар анық­талған бойда жедел жәрдем бюро­сына хабарлау, көше бойындағы өліктер­ді жинау, барлық жерде тазалық шараларын жүргізуді бұйырады.

1920-1922 жылдары Қостанай өңірінде болған нәубет туралы архив деректерімен қатар, ел аузында сақталып қалған мәлі­мет де көп. Мәселен, жер­гі­лікті тарихшы-ғалым Айбек Шал­ғынбеков: «Аталарым Қос­танайға аштық жылдары Қыз­белден ауып келген. Әулие­көл­ге айлап жол жүріп, табаны күлдіреп, әупірімдеп жеткен аш-жалаңаштар ауылды аралап нан сұрап, есік қағады екен. Алайда аштықтың үстіне індет жайлап алған кез болса керек, жергілікті мұжықтар қорқып, есігін аш­папты. Көнекөз қариялар Әулие­көлдегі вокзалдың маңайы аштан өлген адамдардың сүйегіне толып кетті деп отыратын», дейді.

Нұрқанат ҚҰЛАБАЕВ

«Egemen Qazaqstan»

Қостанай облысы

Осы айдарда

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button